Басты жаңалықтар

Облыс әкімі зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Кеше Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғимаратында «Рухани жаңғыру жолындағы қоғамның рөлі» тақырыбында өткен шарада облыстағы зиялы қауым өкілдері бас қосты. Кездесуге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты.

Басқосуда облыс әкімі биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша әр саладағы көрсеткіштерге жеке-жеке тоқталып, алда атқарылатын жұмыстарды, түйткілді мәселелерді атап өтті.

  • Бүгінгі күні Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес облыста қарқынды жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік бағдарламалар өз жоспарларына, мерзімдеріне сәйкес орындалып жатыр. Соның арқасында 8 айдың қорытындысы бойынша барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жоғары. Ең негізгісі, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша экономиканың өсу қарқыны 5 пайызды құрады. Өңірімізде өнеркәсіп саласы бойынша 1 триллион 250 миллиард теңгенің өнімі шығарылды. Ол былтырғы жылмен салыстырғанда 105,2 пайызды құрап отыр. Дәл осындай өсім ауыл шаруашылығы саласында да бар. Атап айтсақ, биыл облыста 124 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, қазіргі таңда егінді жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Ауа райының қолайсыздығына байланысты өнімнің түсімі өткен жылдағымен салыстырғанда төмендеуі мүмкін. Алайда бұл бағыттағы жұмыстар, көрсеткіштер келер айда белгілі болмақ. Облыстағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі — өңір экономикасына инвестиция тарту. Қазіргі таңда облыс экономикасына 234 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 112 пайызды құрайды. Сондай-ақ жыл басынан бері облыста 424 шаршы метр тұрғын үйі пайдалануға беріліп, 8 ай ішінде жаңадан қосымша 13 мың жұмыс орны ашылды. Соның нәтижесінде жұмыссыздардың саны 4,8 пайызды көрсетіп отыр. Жалпы облыста әр саладағы көрсеткіштер республика көрсеткіштерінен жоғары. Инвестиция тарту мен сауда айналымы бойынша биылғы көрсеткіштер сәл төмендеу. Алайда алдын ала болжам бойынша биылғы жылдың көрсеткіштері республиканың көрсеткіштерінен жоғары болады деп ойлаймыз. Ал рухани жаңғыруға келсек, бұл бағытта көңіл бөлетін мәселелер бар. Әсіресе, жастарға тәлім-тәрбие беру, оларды өз Отанын, ұлтын сүюге тәрбиелеу мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуы тиіс. Бүгінгі шараны өткізудегі мақсатымыз да осы, — деді облыс басшысы.

Ол өз сөзінде облыста Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы толығымен орындалып жатқанын, оның негізгі бағыттары бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ облыс әкімі Балалар жылы аясында жыл бойы балаларға жақсы жағдай жасау мақсатында әртүрлі бағытта жаңа жобалар қолға алынатынын жеткізді.

— Бүгінгі таңда халықтың тұрмысы, жағдайы жақсарғанымен, қоғамдағы адами қасиеттер, рухани құндылықтар деңгейі төмендеді. Жастардың көпшілігі жалқаулық, білімсіздік, қатыгездік сияқты жаман қасиеттерге үйір болып барады. Біздің міндетіміз — жастарға мемлекет, қоғам болып дұрыс тәрбие, сапалы білім беру.

Бұл бағыттағы ең бірінші мәселе — тәртіп мәселесі. Мысалы, биылғы жылдың 8 айында өңірде 9468 қылмыс тіркелсе, соның әр үшіншісі жастардың, жасөспірімдердің қатысуымен жасалған. Ал отбасы құндылықтарын сақтау, ата-аналардың жауапкершілігі, бұл — екінші мәселе. Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазір некеге отырғандардың әрбір үшіншісі ажырасады. Сонда біз қайда барамыз? Ал ата-анасынан айырылған балалардың жағдайы, тіпті, бөлек әңгіме. Осы орайда айта кету керек, бүгінгі күні облыстағы Алға балалар үйінде 13 бала ғана қалды. Оларды алдағы уақытта басқа өңірлерге бөлетін боламыз. Жалпы жетім балаларға мемлекет тарапынан, сондай-ақ кәсіпкерлер мен демеушілерден қолдау көрсетіліп жатыр. Олардың болашақта оқу орындарын бітіргенде тұратын баспанасы, еңбек ететін жұмысы болады. Бұл да біздің жастарға деген үлкен қолдауымыз, — деді Б.Сапарбаев.

Өз сөзінде облыс басшысы өңірдегі дін мәселесін қозғап, осы бағытта жасалып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, соңғы екі жылда облыста «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында 530 мыңнан астам адамды қамтыған 10 мыңға жуық іс-шара өткізілген. Сондай-ақ 16 мың адамға нақты көмек көрсетілген. Алайда облыста әлі де жат ағым жетегінде жүрген азаматтардың саны азаймай отыр. Сондай-ақ өңірде 2500 бала екпеден бас тартқан. Олардың ата-аналарының дені — теріс ағымда жүргендер.

Басқосуда зиялы қауым өкілдері сөз алып, отбасы құндылықтарын сақтау, жастарға тәлім-тәрбие беру, дін, білім, медицина саласындағы мәселелерге байланысты өз ой-пікірлерін жеткізді.

Қобда ауданынан келген ардагер-ұстаз Жұмағазы Жиеналин облыс әкіміне өз ризашылығын білдіріп, жуырда ашылғалы отырған «Анаға тағзым» орталығының халыққа, әсіресе, жастарға берер тәрбиесі, өнегесі мол екенін, осындай игілікті, үлгілі істер Қобда жерінде де жасалып жатқанын атап өтті.

Бүгінгі күні біз тәрбиенің үш тағанының бірінен айырылып қалдық. Оның біріншісі —  мемлекеттік тәрбие, екіншісі — қоғамдық тәрбие, үшіншісі — ата-ана тәрбиесі. Қазіргі кезде ата-аналардың балаға деген жауапкершілігі азайып кетті. Себебі анау қиын жылдарда әркім өз жағдайын күйттеп кетті, баламен шаруасы болмады. Ал қазір халықтың жағдайы жақсы. Енді біз ата-ананың балаға деген жауапкершілігін қайтаруымыз керек. Сіздердің, аға буын, зиялы қауым өкілдерінің, өмірлік тәжірибелеріңіз көп, өмірдің ащы-тұщысын көрдіңіздер, талай бала тәрбиелеп, өсірдіңіздер. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысқа сіздердің араласып, үлес қосуларыңыз керек. Бұл мақсаттағы жұмыстарды тек билікке, қоғамға жүктемей, әр ата-ана өз баласына дұрыс тәрбие беруі керек. Себебі баланың көзін ашқаннан көретіні — ата-анасы. Ата-анасының айтқаны оған — заң. Алайда қазір осы үрдістен алшақтап барамыз. Сондықтан осы бағытта барлығымыз жан-жақты жұмыс жасауымыз керек, — деді ол.

Бұдан кейін философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы сөз алды:

— Қазіргі кезде қоғамда азаматтық позиция деген ұғым азайып барады. Бізде бәрі жақсы деп айту оңай. Алайда әр азамат ел мәселесін, ортақ мәселелерді шешу үшін өз позициясын ашық айту керек, — деді А.Айталы.

Басқосуда Қазақстан Республикасы «Бейбітшілік және келісім» кеңесі Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов:

Біз бүгінгі күні салалық мәселелерді емес, рухани мәселелерді талқылап отырмыз. Сондықтан бүгінгі болып жатқан келеңсіз мәселелерді жою жолын іздеуіміз керек. Елдің болашағы, жастардың келешегі деген мәселеге көңіл аударуымыз керек. Дін мәселесінде жұдырықтай жұмылып жұмыс жасауымыз керек.

Қала мәдениеті туралы әңгіме айтқанымызбен, сол мәдениетті қалыптастыру, сақтау дегенді білмейміз. Қаламыздың жағдайы жақсы, жыл сайын көркейіп келеді. Өзімізді өзгелерден жоғары ұстайтын рухани жағынан патриот болуымыз керек. Бәріміз бірігіп, жұмыс жасауымыз керек. Қазір облыста 53 орамал тартып жүрген жас бар. Өткен жылы 396 адам тіркелсе, биыл мұның саны азайды. 40 адам баласын мектепке орамалмен апарып отыр. Бұл облыстағы 27 мектепте орын алып отырған жағдай. Осылармен кім күресу керек? Олармен біз, ғалымдар, олардың ата-анасы, тума-туыстары күресу керек, — деді ол.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі:

— Мемлекет, қоғам, ата-ана — осы үш буын бірге жұмыс жасасақ, нәтиже шығады. Сіздердің айтқан барлық ұсыныс-тілектеріңіз орынды. Осыған бәріміз атсалысуымыз керек. Біз сіздерді қоғамдық жұмысқа тартамыз, соның нәтижесінде қоғаммен жұмысымыз нығаяды. Алайда жоғарыда аталған мәселелерді шешуде ең негізгі мақсатымыз — мәдениетті, білімді, иманды ұрпақ тәрбиелеу. Бұл орайда жуырда ашылғалы отырған «Анаға тағзым» орталығының мәні зор. Ал үлгілі, өнегелі аналар, әйелдер бас қосатын Аналар слеті — бұл бағыттағы жұмыстарымыздың бір көрінісі, — деді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button