Экономика

Отандық өндірушілерді қолдау — жергілікті мазмұнды арттыру

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы алаңында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің қатысуымен жергілікті тауар өндірушілерге арналған Ашық есік күні өтті.Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының қолдауымен өткізілген шараға «Восход-Oriel» ЖШС және «АltynEx Company» АҚ секілді өңірдегі ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялар мен жергілікті тауар өндірушілер қатысты. Шара B2B түрінде ұйымдастырылды. Мақсат — кәсіпорындар арасында өзара әріптестік қарым-қатынас орнату және сатып алулардағы отандық құрам үлесін арттыру.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің айтуынша, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың отандық тауар өндірушілерді қолдау, қазақстандық мазмұнды арттыру бағытындағы тапсырмаларын орындау үшін жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялар мен жергілікті тауар өндірушілер арасындағы ынтымақтастықты арттыру қажет.

— Біз әр тоқсан сайын талдау жасаймыз, өкініштісі, кейбір ірі компаниялардың отандық тауар өндірушілермен арадағы байланыс қарқыны төмен. Осы мақсатта облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі жер қойнауын пайдаланушы ірі кәсіпорындарға жергілікті тауар өндірушілердің басын қосып, Ашық есік күнін өткізу туралы ұсыныс айтқан болатын. Қазіргі уақытта ірі компаниялар мұндай кездесулерді ұйымдастырып жатыр. Облыстағы сондай ірі кәсіпорындардың қатарында «Восход-Oriel» серіктестігі мен «АltynEx Company» акционерлік қоғамы да бар, — деді Қ.Бекенов.

Ашық есік күні ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өткізу нарығын кеңейтуге, кей жағдайда келісімшарттар жасасуға мүмкіндік береді. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директоры Нұрлыбек Мұқановтың айтуынша, облыстық кәсіпкерлер палатасы 270 жергілікті тауар өндірушінің тізімін жасаған, соның шінде импорт алмастыру және өңіраралық кооперацияны жүзеге асыру мақсатында бірегей тауар өндірушілерді бөліп қарастырды. Бұған қоса атқарушы органдармен бірлесіп жергілікті үлесті бақылау бойынша комиссия құрылған.

— Облыстағы жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялар жыл сайын тендер өткізіп, сатып алулар ұйымдастырады. Біздің пікірімізше, тендерді жыл сайын ұйымдастырудың орнына жергілікті тауар өндірушілермен үш немесе бес жылдық келісімшарттар жасау тиімдірек. Себебі жыл сайын сатып алу үшін тендер ұйымдастыруға көп уақыт, ресурс жұмсалады. Ал тауар өндірушілермен 3-5 жылға шарт жасасса, екі жаққа да тиімді болар еді. Бұл жағдайда тауар өндірушілер жұмыстарын тендерден тендерге дейін емес, бірден 3-5 жылға жоспарлар еді, — дейді Н.Мұқанов.

Қ.Бекеновтің айтуынша, жергілікті кәсіпкерлермен 5 жылдық ұзақ мерзімді келісімшарттарға отыру тәжірибесі бүгінде «Самұрық-Қазына» холдингі базасында жүргізіледі. «Осыны жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлер ескерсе дейміз», — деді облыс әкімінің орынбасары.

Н.Мұқановтың айтуынша, «Восход-Oriel» мен «AltynEx Company» жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың  сатып алуларға байланысты жылдық жоспарына жүргізілген анализдер бойынша олардағы отандық үлес 30%-дан сәл асатыны анықталған.

— Олардың өзге жақтан алатын кейбір қызметтері мен тауарларын жеткізуге жергілікті өндіруші компаниялардың әлеуеті жетеді. Мәселен, «Восход-Oriel» компаниясы тоқыма ілмек, полиэтилен құбырлар, ауызсу, дизельді отын, суытқыш сұйықтықтар, күзгілер, қолғаптар, арнайы киімдер, тазалағыш құралдар, қиыршық тастар және тағы басқа жалпы сомасы 600 миллион теңге болатын тауарларды сатып алады. «AltynEx Company» компаниясы бойынша ауызсу, жанар-жағар май, жиһаз, металл конструкциялары, қапшықтар, арнайы киім, сүт өнімдері, қолғаптар, құрылыс материалдары, химиялық заттар мен тазалағыш құралдар және басқа да 200 миллион теңгенің тауарларын жергілікті өнімдермен алмастыруға болады.  Осындай олқылықтардың орнын толтырудың бір шешімі ретінде бүгінгідей кездесулердің маңызы зор, — деді ол.

Кездесу кезінде «АЗПО», «АЗАЙА» секілді бірнеше жергілікті тауар өндірушілер тұтынушы компанияларға өз өнімдерін таныстырды. «Восход-Oriel» және «AltynEx Company» компанияларының басшылығына отандық өндірісті дамытуға қолдау көрсету үшін жергілікті тауар өндірушілердің өтініштерін қарауға басымдық беру туралы ұсыныс айтылды. Бұл ретте тендердің алғашқы екі кезеңінде тек жергілікті тауар өндірушілерді қамтып, олар талапқа сай болмағанда ғана шетелдік компанияларды қатыстыру туралы пікірлер ортаға тасталды.

Палата өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер алдағы уақытта сатып алу жұмыстарына тікелей қатысатын мердігерлік компаниялармен ұйымдастырылатын болды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button