Жаңалықтар

Есеп берді, маңызды мәселелер талқыланды

Дүйсенбі күні Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханованың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі қалалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қабылданған шаралардың тиімділігін арттыру мәселелері сөз болды.

Отырыста қалалық бөлім басшылары есеп беріп, комиссия мүшелерінің сауалдарына жауап берді.

Жиында Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Ордабаев есеп беріп, өнеркәсіптік-азаматтық бағыттағы нысандар құрылысы үшін жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты өткізуде ашықтық пен айқындылықты қамтамасыз ету, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін бөлуде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің төмендеуі туралы баяндады.

Бұдан кейін салық салу саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары жүйесінің жүзеге асырылуы туралы Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Дамир Көбенов баяндама жасады.
Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында мемлекеттік кірістер басқармасы сапалы мемлекеттік қызмет көрсету мақсатында заңды және жеке тұлғаларды қабылдау бойынша бейнебақылау камераларын, электрондық кезектілікті реттейтін терминал қондырған. Басқарма қызметкерлерінің кәсіпкерлер мен жеке тұлғалармен байланыс орнатпауы үшін бірқатар шаралар қабылданған, табыстар мен мүлік туралы декларациялардың уақтылы ұсынылуы бойынша бақылау мен мониторинг жүргізілген.

  • Басқармада «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарда берілген жауапкершілік туралы қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, тәлімгерлер кеңесі жұмыс істейді, — деді Д.Көбенов.

Отырыста құрылыс ғимараттарына бөлінген бюджет қаражатын игеруде және мемлекеттік сатып алу процедураларын жүзеге асыруда сыбайлас жемқорлық бойынша құқықбұзушылықты болдырмау  үшін қабылданып жатқан шаралар туралы Ақтөбе қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Тұрымов, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбестік ахуалын қалыптастыруда мемлекеттік мекемелердің азаматтық қоғаммен, үкіметтік емес ұйымдармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара әрекеттері туралы Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Елеусіз Нұрғалиев есеп берді.

Жиын соңында комиссия мүшелері бөлім басшыларына сауалдар қойып, отырыста қаралған мәселелер бойынша өз ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Д.ТАУАНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button