Білім

Мектептер мен балабақшалардың бюджеті жариялы болуы тиіс

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша  өткен жиында айтты.

Онлайн режимінде ұйымдастырылған шараға  Білім және ғылым вице-министрі Асхат Айтмағамбетов, министрлік өкілдері, сондай-ақ облыстық және қалалық білім басқармаларының басшылары, мектеп директорлары мен мектеп қамқоршылық кеңестерінің белсенді өкілдері қатысты.

Агенттік төрағасының орынбасары білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған ағымдағы жұмыс туралы әңгімеледі, сондай-ақ білім беру ұйымдарында кез келген алым-салымға жол бермеу туралы ескертті.

  • Біз ата-аналар білім беру ұйымдарындағы жөндеу немесе іс-шараларды өткізу жұмыстарына қандай да бір шығындар жасауға міндетті емес деп ойлаймыз және мұндай фактілерді жемқорлық ретінде қарастырамыз. Себебі, осы бағыттағы жұмыстар үшін бюджеттен жеткілікті қаражат бөлінеді, — деді Олжас Бектенов.

Ол білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестерінің жұмысы туралы жан-жақты әңгімелеп, ерікті жарналар мәжбүрлі сипат алып келу фактілерінің алдын алу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Олжас Бектенов бүгінгі күні мемлекеттік аппарат қоғаммен қарым-қатынастарды ашық және есеп берушілік қағидаттарында қалыптастыруда екендігін атап өтті. Қазір елімізде «Ашық үкімет» порталы жұмыс істейді. Онда кез келген адам онлайн режимде мемлекеттік органдардың кең көлемді дерекқорына, соның ішінде бюджеттік есептілікке қол жеткізе алады. Бұл бюджет қаражатын жұмсауға қоғамдық бақылау арқылы белсенді азаматтық позициялардың дамуына ықпал етеді.

Олжас Бектенов мектептер мен балабақшаларда алым-салым мәселесін шешу үшін толық қаржы есебін міндетті түрде жариялауды ұсынды.

  • Өйткені бұл қаржы ресурстарын дұрыс пайдаланбау және сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерін жүзеге асыру мүмкіндігін жоққа шығарады.

Білім беру мекемелерінде қамқоршылық кеңестерінің есептері ресми түрде ашылуға тиіс, ол қайырымдылық көмектің ашықтығын қамтамасыз етеді. Уәкілетті орган осы мәселені бақылауға және шот ашуға  мониторинг жүргізуі тиіс, —  деді О.Бектенов.

Сонымен қатар ол білім беру ұйымдарының бюджеті туралы ақпарат мектептердің, балабақшалардың, білім беру бөлімдерінің веб-сайттарына кез келген адам үшін түсінікті, қолжетімді түрде орналастыру керектігін қадап айтты.

  • Тек қана осындай жолмен — қоғамның айқындығы мен бақылау арқылы «тұрмыстық жемқорлықты» жоюға болады, — деп қорытындылады әңгімесін Олжас Бектенов.

Айта кету керек, агенттікте 1424 Call-орталығы жұмыс жасайды. Онда азаматтар шағымдар мен ұсыныстарымен, оның шінде сыбайлас жемқорлық деректері бойынша хабарласа алады.

Сондай-ақ азаматтар МҚІСЖҚА төрағасының фейсбуктегі парақшасына, жеке блогына («Ашық диалог» интернет-порталы) және alik.shpekbayev@gmail.com электронды пошталарына өтініш жасауларына болады.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button