Жаңалықтар

«Күншуақ» танымдық сайты ашылды

Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Мен үш тілде сөйлеймін» тілашары мен «Күншуақ» танымдық сайтының тұсаукесер рәсімі өтті.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға Ақтөбе қалалық білім бөлімінің өкілдері мен қаладағы мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлері және қазақ, ағылшын тілдерінің мұғалімдері қатысты.

«Мен үш тілде сөйлеймін» тілашары — үштілділікті енгізу стратегиясы аясындағы ұтымды жоба. Тілашардың авторлары: Шыңғысхан Түменбаев, Гүлзия Бектенғалиева, Әсел Теміровалар. Жиын барасында олар әдістемелік нұсқау беріп, аталған кітаптың бұған дейін де бірінші бөлімі жарық көргенін атап өтті.

Үш тілде жарыққа шыққан тілашар 10 тақырыпты қамтиды. Бүгінде 100 данамен қаладағы балабақшаларға әдістемелік құрал ретінде таратылуда.

«Күншуақ» танымдық сайтыбалалардың тілдік машықтарын, ақыл-ойын дамыту, дүниетанымын жетілдіру бағытындағы танымдық-көпшілік сипаттағы құрал.

— Бұл бастамалар биылғы «Бақытты бала» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Аталған сайттың бір ерекшелігі — шетелдегі қандастарымыз да өздерінің балаларына қазақтың ертегілері мен салт-дәстүрлерін үйретуге, жаңа латын әліпбиін оқытуға, жалпы қазақ жері туралы толыққанды ақпарат алуға мүмкіндік ала алады, — дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы  Гүлайым Төлебаева.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыста қазақ тілінде тәрбиеленетін балабақшалардың үлесі 70 пайыздан асты. Сондай-ақ өзге ұлт өкілдері арасында да балаларын қазақ тілінде білім беретін балабақшалар мен мектептерге беруге тілек білдірушілер саны артып келеді.  

— «Күншуақ» танымдық сайты — 2014 жылдан бері жарық көріп келе жатқан «Күншуақ» журналының цифрлық түрі. Сайттың  «Сіз білесіз бе?», «Қазақша үйренейік» «Ғажайып сөздіктер», «Тіл ордасы», «Білгенге маржан», «Әлемде талай қызық бар», «Алтын сандық» секілді т.б. айдарлары бар. Сонымен қатар балабақша ұжымының  жеткен жетістіктері де ақпарат ретінде жарияланып тұрады, — дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Арайлым Нұрбаева.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button