Басты жаңалықтар

Жаңа жобалар, игілікті істер

ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Туған жерге тағзым» акциясы аясында биыл Алға, Ойыл, Хромтау аудандарында бірқатар жобалар іске асырылуда. Сонымен…

Алғада жерлестер форумы өтеді    

Биылғы жылы Алға ауданында жоспарланған жобалар саны — 70, жалпы қаражат көлемі — 345 млн 185 мың теңге. Қыркүйек айына дейін аталған жобалардың ішінде 23-і орындалған, игерілген қаражат көлемі — 101 млн 985 мың 700 теңге.

Бүгінгі күні ауданда жүзеге асырып жатқан ірі жобаларға тоқталсақ, «Ақтау НЛД» ЖШС-ның демеушілігімен Бестамақ ауылында 78 млн теңгеге Ақтөбе медресе колледжінің жанынан заманауи спорт кешені салынып жатыр. Қазіргі таңда кешеннің қабырғаларын көтеру жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

Қарабұлақ ауылдық округіндегі Амангелді ауылында құны 118 млн теңгеге жоспарланған Мәдениет үйінің ішкі жөндеу жұмыстары жасалуда. Жоспар бойынша қыркүйек айының соңында ғимарат іске қосылады. Мәдениет үйін салуға демеушілік жасап отырған — жергілікті кәсіпкер Самат Қалдығұлов.

Бүгінде ауданда жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен үш воркаут алаңы жасақталып, қосымша тағы бір воркаутқа орын дайындалуда. Сондай-ақ аудан орталығындағы «Ана мен бала» саябағына 6 млн теңгеге велосипед және жаяу жүргіншілер жолы төселіп, арнайы демалып отыратын орын мен шахмат орналастырылды.

Алға қаласындағы 3 көп қабатты үйдің сыртқы келбетіне сырлау-әктеу жұмыстары жүргізіліп, қалыпқа келтірілді. Оған 7 млн 200 мың теңге жұмсалған.

Биыл Алға қаласына кіреберіске шағын сквер орналастырып, оған қыран құстың мүсіні қойылды. Орталық стадионның кешкі жарықтандыру жұмыстарына «Тимакс» ЖШС 1 млн 200 мың теңге қаражат бөліп, жүзеге асырды. Сонымен қатар Есет батыр көшесінің бойына жеке кәсіпкер М.Итеғұловтың демеушілігімен 2 млн 200 мың теңгеге шырша ағаштары егілді.

«АкТеп» ЖШС демеушілігімен құны 40 млн теңгені құрайтын Алға қаласына қарасты көп қабатты үйлердің аулаларын толығымен абаттандыру жұмыстарын жүргізу және кіші архитектуралық мүсіндер орнату мақсатында жобалық-сметалық құжаттар дайындалды.

Бестамақ ауылдық округінде «ВелТоргАктобе» ЖШС басшысы Венера Ережепованың демеушілігімен «Go-Working» орталығы ашылды. Оның жалпы құны — 4,5 млн теңге. Аталған орталықтың іші талапқа сай жабдықталып, балаларға қолданысқа берілді.

Биыл қыркүйек айының екінші жартысында «Алға жерлестерін шақырады» форумы өтпек. Оған ауданнан шыққан белгілі азаматтар мен кәсіпкерлер шақырылмақ.

Ойылда 3 воркаут алаңы жасақталды

Биыл Ойыл ауданында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жалпы құны 122 млн 156 мың теңгеге 56 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда акция аясында 77 035 000 теңгеге 51 жоба іске асырылған.

Атап айтсақ, Көптоғай ауылдық округіне заман талабына сай округтің атауы жазылған тұғыр орналастырылды. Қараой ауылдық клубының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, облыстағы штаттан тыс балалар неврологі, нейрореабилитолог Әдемі Демеуова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі Ерлан Сұлтангереев аудандағы екі тұрғынға «холецистэктомия» диагнозымен лапароскопиялық ота жасады. Сонымен қатар Қараой ауылына жасанды төсеніштен футбол алаңы жасақталды. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады.
Сондай-ақ аталған акция аясында ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Ойыл аумақтық инспекциясы, Ойыл аудандық ветеринарлық стансасы, Агроөнеркәсіп кешеніндегі Ойыл аудандық аумақтық инспекциясы мен Ойыл аудандық ветеринария бөлімдерінің қызметкерлері қаржы жинап, аудан орталығына воркаут жаттығу алаңын жасақтап берді. Жаттығу алаңы орталықтағы Тәуелсіздік көшесіндегі саябақ аумағында орналасқан.
Сонымен қатар Ойылдағы «Жолшы» балабақшасының жанындағы алаңға «АқтөбеЭнергоСистема» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазпошта» АҚ Ойыл аудандық бөлімшелері мен «Көкжар» мекемесінің қызметкерлері воркаут жабдықтарын жасақтаса, Құрманов көшесінің бойындағы аудандық мешіт алаңында аудандық ішкі істер, аудандық қорғаныс, төтенше жағдайлар бөлімдері және №14 Ойыл өртке қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлерінің бастамасымен дәл осындай спорт алаңы орналастырылды.
Сондай-ақ «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Саралжын ауылдық округінің Шиқұдық ауылынан шыққан кәсіпкерлер — «Zhappas Company» директоры Берік Көздіғарин мен «КөкжарСтройЛогистик» ЖШС директоры Сейітжан Демеуғалиевтің демеушілігімен Қиыл өзенінің Ойыл өзеніне құяр сағасына ұзындығы 36 метрлік көпір салынды. Көпірдің салынуына 11,0 млн теңге қаржы жұмсалған. Құрылыс жұмыстары небары екі айдың ішінде аяқталған.

ХРОМТАУ АУДАНЫНДА 84 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ

2018 жылы Хромтау ауданында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 332,2 млн теңгеге 84 жоба жүзеге асырылған.

Биылғы жылдың 8 айында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 148,0 млн теңге қаржы жоспарланған болса, орындалғаны — 176,7 млн теңге немесе 119,4%. Атап айтсақ, биыл ауданның 12 ауылдық округінде ірі кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының демеушілігімен әрқайсысы 5,6 млн теңге болатын жалпы құны 67,2 млн теңгеге спорт алаңдары салынуда. Сондай-ақ Көктау және Құдықсай ауылдарында 10,0 млн теңгеге (әрқайсысы 5 млн теңгеден) қысқы спорт түрлеріне арналған хоккей корты жасақталып жатыр.

Биыл аталған акция аясында «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС демеушілігімен Аққұдық ауылының кіреберіс тасжолына 64,0 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілсе, «Восход-Ориел» ЖШС басшысы С.Ибатовтың демеушілігімен  Дөң ауылдық округіндегі Оңғар орта мектебіне 20,0 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Сонымен қатар «Восход-Хром» ЖШС демеушілігімен 10,0 млн теңгеге Дөң ауылынан Оңғар ауылына дейінгі аралықтағы автокөлік жолы (4,0 км) жөнделсе, «ЮжПромСнаб» ЖШС демеушілігімен Қызылсу ауылында орналасқан Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді. Жоба құны — 5,0 млн теңге.

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында Бөгетсай ауылында жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен өрт сөндіру пунктіне электр желісін тартуға 500,0 мың теңге бөлінген.

Сондай-ақ «Түлек.кз» жобасы аясында мектеп түлектерінің демеушілігімен ауданның барлық білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында жалпы құны 21,8 млн теңгеге 38 жоба жүзеге асырылды.

Сонымен қатар биыл тамыз айында ҚР Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі Мақсат Рсалин Хромтау ауданына келіп, жастармен, білім және мәдениет саласы қызметкерлерімен түрлі форматта кездесулер өткізді.

Айта кету керек, биыл ауданда «Бақытты бала» жобасы аясында бюджеттен тыс кәсіпкерлердің демеушілігімен 133,7 млн теңгеге 27 жоба жүзеге асырылған.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button