Басты жаңалықтар

Мәртөк ауданының күндері өтті

Өткен сенбі күні «Туған жерім — нұрлы елім!» акциясы аясында Мәртөк ауданының күндері қорытындыланды.

Атаулы күндерге арналды

Мәртөктіктер аудан күндеріне арналған мерекелік бағдарламасын 7 қыркүйек күні Орталық базар алаңынан бастады. Мұнда аталған өлкеде туған, есімі алты алашқа әйгілі Тәңірберлі Молдабайдың 160 жылдық мерейтойына орай «Молдабайдың әні еді» атты театрландырылған қойылым сахналанып, көпшілікке жақсы таныс «Молдабайдың әні» орындалды. Сондай-ақ, әртүрлі ұлт өкілдері өз өнерін көрсетіп, ән мен биден шашу шашты. Аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары мен №2 Мәртөк мектеп-гимназиясының ұстаздары атсалысқан шараны, әсіресе, базарға келушілер қызықтады.

Түске жақын «Аналар үйінде» Отбасы күніне байланысты «Бақытты ана, сұлу әйел» атты кездесу кеші мен шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Оның өтуіне мұрындық болған — аудандық жастар ресурстық орталығы. Шара барысында орталық басшысы Айгүл Отаралина жиналғандарды мерекемен құттықтап, жас аналарға ізгі тілегін білдірді. Ал Сарыжар ауылының жас кәсіпкері Зерде Ілиясова мен Оқушылар үйінің мұғалімі Ақмарал Камзина әйелдерге арнап шеберлік сағатын өткізді. Атап айтсақ, Зерде кішкентай балаларға арналған ертегі кітаптарын қолдан жасауды үйретсе, Ақмарал фетрден әртүрлі бұйымдар тігудің әдіс-тәсілдерін көрсетті. Сонымен қатар қазақтың салт-дәстүріне де көңіл бөлініп, кішкентай баланы қырқынан шығару рәсімі өткізілді.

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Бақытты ел — бақытты шаңырақ» атты кездесу кеші өтті. Отбасы күніне арналған басқосуға ауданға үлгілі отбасылар — Ердәулетовтер, Күзембаевтар, Полегонько, Жәкетаевтер, Амантұрлиевтер, Нұрсейтиновтер және аудандағы отбасы үлгісіндегі балалар үйі қатысты. Кеш қоңақтары  — эстрада әншісі Ерке  Есмаханның ата-анасы — Әбдіраш аға мен Мақпал апай, Мәртөк ауданын бірнеше жыл басқарған азамат Серік Ботағарин өздерінің көрген-білгенімен бөлісіп, жас отбасыларға естелік әңгімелерін айтты.

Ал  шаһардың байырғы бөлігінде орналасқан А.Пушкин атындағы саябақта «Шын жүректен» атты қайырымдылық ертегі-концерті шымылдығын түрді. «Бақытты бала» жобасы аясында мөртөктік Шәмші Самғатұлы, кішкентай бишілерден құралған «Кәусар», «Қарлығаш», «Гүлсезім» би топтары мен өзге де өнерлі балдырғандар өнерін паш етті. Сондай-ақ ертегі кейіпкерлері мен сайқымазақтар балалардың көңілін көтеріп, спорттық ойындар өткізілді.

«Табыстағы» жәрмеңке

Келесі күні таңертең «Табыс» коммуналдық базарына қарай ағылушылардың саны көп болды. Әсіресе, зейнеткерлер ауылдың дәмін сәл де болса арзан бағаға сатып алуға асықты… Мәртөк аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Шамиль Сариновтың айтуынша, 13 ауылдық округтен ұзын саны 21 шаруа қожалығы мен 11 жеке кәсіпкерлік субъектілері өз өнімдерін алып келген. Атап айтсақ, 1 тоннадан астам сиыр етін, 400 келі жылқының етін, 160 келі қойдың  етін, 200 келі шошқаның етін саудаға шығарған.

— Бағасына келсек, сиырдың еті 1250 теңгеден, қойдың еті 1 мың теңгеден, жылқының еті 1500 теңгеден, шошқаның еті 1050 теңгеден сатылды. Сонымен бірге, 5 тоннадан астам көкөністі, атап айтсам, қарбыз, қызанақ, қияр, картоп, сәбіз, тағы да басқаны әкелдік. Мәртөктің шаруалары ауылшаруашылық жәрмеңкесінде сүт өнімдерінің де мол түрін қамтуға тырысты. Май, қаймақ, айран, құрт, ірімшік сынды «ағарғанды» да сөрелерден таба алады. Айтпақшы, бұл жолы құс етін де саудалаймыз. Оның жалпы көлемі 120 келіден асады, — дейді ол.

Оның сөзінше, «Табыстағы» жәрмеңкеге 300 келіден астам бал да әкелінген. Әселді саудалаушылардың бірі Александр Гореловты әңгімеге тартқанымызда, омарташы балға сұраныстың қай кезде де мол екенін атап өтті.

— Жылына 40-50 келі таза бал жинасақ, біз үшін бұл — жақсы көрсеткіш. Биыл балдың шығымы жақсы болды. Сатып алушылар да әдеттегідей көп.

Ақтөбедегі жәрмеңкеге 50 келі бал алып келдік. Үш түрлі балдың әрқайсысының келісі — 2500 теңгеден жоғары. Бал азбайтын азық болғандықтан, оның құны қымбаттамаса, кемімейді. Сондықтан сұраныс әрдайым жақсы, — дейді мәртөктік омарташы.

Бұл күні жаз мезгіліндегі дастарқанның сәні — қарбызға да кезек ерекше болды. Ешқандай қоспасыз, жазық далада өскен бақша өнімін ақтөбеліктер қатарынан 2-3-еуін сатып алып жатты.

— Жәрмеңкеге 1 тонна қарбыз алып келдік. Қарбыздың бір келісі — 40 теңге.

Осы кәсіппен айналысып жүргенімізге 3-4 жылдың жүзі болды. Биыл 2 гектар жерге қарбыз ектік. Әлі толық жинап үлгерген жоқпыз, — дейді «Фиалка» шаруа қожалығының өкілі Киікбай Қайырғалиев.

Досжанованың рухына тәу етті

Мәртөк ауданының күндері аясында медицинаның алғашқы қарлығаштарының бірі Аққағаз Досжанованы ұлықтауға арналған салтанатты шара өтті. Бір топ азамат Аққағаз Досжанованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті.

Аудан әкімі Жандос Байырханов осы саланы таңдап, болашақта дәрігер болуға талпынып жүрген қыз-жігіттерге сәттілік тілеп, солардың арасындағы мәртөктіктерге туған жерге оралуға, сонда қызмет етуге шақырды.

Сонымен қатар шара барысында медицина саласының жас мамандары, студенттер жиналғандар алдында өз қызметтерін адал атқаруға ант қабылдады.

«Ауылым — алтын бесігім!»

ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында өткен гала-концерт осылай аталды. Аудан күндерін қорытындылаған шарада шымыр жігіттер өздерінің күш-қуатын көрсететін көріністерді ұсынып, гір көтеру, қазақша күрес, т.б. спорт түрінен ойындар ұйымдастырылды. Саябақтың тағы бір бұрышында түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері өздерінің жасаған бұйымдарын таныстырды. Сондай-ақ егіншілер, малшылар үйлері жасақталып, олардың күнделікті пайдаланатын құрал-саймандары қойылды. Жастық шағын аңсап, оралмас күндерін еске түсіргісі келетін ата-әжелерге де сауық табылды: 1970-80 жылдардағы әндер шырқалған би кеші ұйымдастырылды.

Бір топ қолөнер шебері өздерінің жасаған бұйымдарын көшпелі көрмеде ұсынды.  Жыл сайын осындай аудан күндеріне қатысатын Зерде Ілиясова:

 Мәртөк ауданынан арнайы келіп отырмын. «Көрмеге қатыс, жұмыстарыңды көрсет» деген соң, қаладағы аудан күндеріне келген жайым бар.

Қолөнер жұмысымен айналысып жүргеніме 5 жылдың жүзі болды. Анам — тігінші, әкем қолөнер шебері болғандықтан, солар көрген-білгенін айтып, бағыт-бағдар беріп отырады. Киіз тәріздес матадан, жүннен түрлі костюмдерді жасаймын. Арасында тапсырыс та қабылдаймын. Ақтөбедегі осындай көрмеге қатысып отырғаныма қуаныштымын, — дейді.

Орталық саябақтағы негізгі шара, әрине, сахна төрінде өтті. Концерттік бағдарламаға «Кәусар», «Мерей», «Шабыт» топтары, Жанаргүл Мақатова, Қымбат Қуантаев, Дархан Зинекешов, Махамбет Ноғаев, Әділет Күзенбаев, т.б. өнерпаздар атсалысты.

Гала-концертке облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов бастаған атқарушы билік өкілдері, қала тұрғындары қатысты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button