Жаңалықтар

Көктемгі су тасқынына дайынбыз ба?

Бейсенбі күні Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың төрағалық етуімен көктемгі су тасқынына қарсы атқарылып жатқан іс-шаралар арқау болған отырыс өтті. Бұл — табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын-алу және жою жөніндегі қалалық комиссияның кезекті жиыны.

Шаһар басшысы өз сөзінде облыс әкімдігімен су тасқыны зардаптарын болдырмау бойынша 2016-2020 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары бекітілгенін айта келе, аталған істе кезек күттірмейтін мәселелерді атап өтті.

— Сол бойынша бірқатар жобаларды іске асыру үшін жұмыстар атқарылып жатыр. Кезең-кезеңімен бекітілген жұмыстар аясында жобалық-сметалық құжаттар жасалып, сараптамадан өткізілді. Қазіргі уақытта енді сол жоба-жоспарларды тиянақтап жүзеге асыру керек. Ең бастысы, қалада суағарларды жасауға тиіспіз. Кейбір шағын аудандарды абаттандырып, жолға асфальт салмастан бұрын суағарлар жайын бір ізге түсірсек, одан кейінгі жұмыстарымыз еш кетпейді. Соны мықтап ескеріңіздер, — деді Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов.

Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия мүшелері, Алматы және Астана ауданының әкімдері, кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер, басқарушы компаниялардың басшылары қатысқан отырыста, сондай-ақ, кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес 2016-2017 жылдары 16 нысан бойынша арық жүйелеріне жобалық-сметалық құжаттардың дайындалып, белгіленген учаскілерде суағарлардың салынғаны айтылды.

Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының әскери жұмылдыру жұмысы, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бекболат Нұрашев: «Қазіргі таңда Маресьев көшесінен бастап Пацаев, ағайынды Жұбановтар, Әбілқайыр хан даңғылы арқылы Тургенов көшесіне дейін, сонымен бірге, «Батыс-1»-дегі 5-6 көшеге қар және жауын суларын бұру үшін нөсер арықтарын құру бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Сәңкібай батыр даңғылына келсек, Әлия Молдағұлова даңғылынан бастап Пожарский көшесіне дейін арықтарды салу үшін байқау жарияланды. Тағы 8 нысанға суағар жүргізу мақсатында республикалық бюджеттен қаржы сұрау үшін облыстық әкімдікке сұраныс тапсырылды», — деді.

Ақтөбе қаласы аумағында көктемгі су тасқыны кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу үшін үлкен көлемде дайындық жұмыстары атқарылып жатқанын айтқан мамандар отырысқа қатысушыларға құрылысы біткен суағалардың суретін слайд арқылы көрсетіп, әлі де біраз шаруаның барын жеткізді.

Комиссия отырысының соңында Ілияс Испанов барлық жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктеп, бұл мәселеге бүгіннен жіті мән беру керектігін ескертті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button