Жаңалықтар

«7-20-25» бағдарламасы бойынша 80 өтінім мақұлданды

Облыстың еңбек ұжымдарына «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы бойынша несие беру шарттары туралы түсіндірілуде.

Қазақстан Ұлттық Банкі Ақтөбе филиалының өкілдері «Қазхром» ТҰК» АҚ қызметкерлерімен кездесті. Жиында аталған бағдарламаға қатысу шарттары, сатып алынған тұрғын үйге қойылатын талаптар, несие және төлемдер сомасы жан-жақты түсіндірілді.

Баспаналы болғысы келетін, тұрақты табысы бар адамдар осы бастама негізінде несиеге үй ала алады. Несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 пайыз. Бастапқы жарна 20 пайыз мөлшерінде белгіленеді. Ипотекалық тұрғын үй қарызының мерзімі — 25 жыл.

Қазақстан Ұлттық Банкі Ақтөбе филиалының бас маманы Мәди Сарбулиннің айтуынша, облыста тұрғын үйдің ең жоғары құны 15 миллион теңгені құрайды. Сатып алынатын тұрғын үй жаңа болуы тиіс. Сонымен қатар еңбек және кәсіпкерлік қызметтен алынатын соңғы алты айдағы кірістің болуы шарт.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алатын адамның меншігінде баспанасы болмауы тиіс. Яғни, жаңа бағдарламаға баспанасы жоқ азаматтар ғана қатыса алады. Бірақ әрбір адамның төлем қабілеттілігіне баса назар аударылады,— деді М.Сарбулин.
Айта кетейік, бүгінде бағдарламаға қатысушылар саны артып келеді. Ақтөбедегі АТФ және Центр кредит банктерінде шілде айынан бастап 120-дан астам өтініш қаралып, оның 80-і мақұлданған.

Осындай кездесу облыстық аурухана және «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС қызметкерлерімен де ұйымдастырылып, тұрғын үй бағдарламасының шарттары түсіндірілді.

 

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button