Басты жаңалықтарЭкономика

«ENI» және «GENERAL ELECTRIC» ірі трансұлттық компаниялары Ақтөбе нарығына келді

Биыл төртінші тоқсанда Қарғалы ауданының Бадамша ауылында қуаттылығы 48 МВт болатын жалпы сомасы 33 миллиард теңгеге жел электр стансасының құрылысы басталады. Кешен келер жылдың соңында пайдалануға беріледі. Бұл туралы кеше «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы ғимаратында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен «Трансұлттық корпорациялар. Жаңғырту және инвестициялық жобалар» тақырыбында өткен бизнес-кеңесте мәлім болды.

Бизнес-кеңеске «Қазхром», Орталық Азиядағы «Sinopek Group», «CNPC» сынды трансұлттық корпорациялар және өңірдің басқа да ірі кәсіпорындарының өкілдері, жаңа инновациялық жобалардың бастамашылары, бірқатар аудан әкімдері қатысты.

Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев жиналғандарға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаетың алдымызға үлкен міндет қойғанын, яғни төртінші өндірістік революцияны ұйымдастыру, соның нәтижесінде Қазақстан экономикасын дамыту,  оның ішінде, өндірістің қарқынын күшейту, экономикалық көрсеткішті көбейту керектігін, соның есебінен елімізді дамыған отыз елдің қатарына тезірек енгізу қажет екенін атап өтті.

Елбасы берген осы тапсырманы орындау мақсатында сіздер мен біз өзімізге міндет алған болатынбыз. Естеріңізде болса, былтыр Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа 2018-2019 жылдары облыста қанша кәсіпорынның жаңғыртылатынын, оған салынатын қаражат мөлшерін, жалпы сіздердің көмектеріңізбен өңір экономикасын қанша пайызға дамытатынымыз турасында  айтқан болатынбыз. Біз облыс экономикасының даму қарқынын 5 пайыздан төмендетпеу турасында міндет алғанбыз. Ол үшін берілген тапсырмаларды, яғни мұнай-газ шығаруды, хром, түсті металдарды өндіру көлемін көбейтуіміз қажет. Әрбір кәсіпорын өзіне алған міндеттемесін толығымен орындауы тиіс. Бірінші жартыжылдықты 5 пайыз өсіммен аяқтадық.  Мұнай бұрғылау ісінің төмендеуіне байланысты жеті айдың қорытындысы 4,8 пайыз болды. Қазіргі болжамымыз бойынша, сегіз айдың қорытындысы бойынша 5 пайыз өсім болуы керек, — деген облыс әкімі елімізде қабылданған бағдарламалардың толығымен орындалуын қамтамасыз етуді әрі облыс экономикасының дамуы бірінші кезекте залда отырған кәсіпорын басшыларына тікелей байланысты екенін айтты.

Облыс әкімінің айтуынша, өткен жылы аймақта инвестиция көлемі 465 миллиард теңгені құраса, биыл бұл көрсеткішті  530 миллиард теңгеге жеткізу межеленген. Өткен жеті айдың қорытындысы бойынша, инвестиция көлемі шамамен 260 миллиард теңгеге жетіпті. Бұл орайда Бердібек Машбекұлы облыс экономикасын өркендетуге сүбелі үлес қосып отырған «СНПС-Ақтөбемұнай» кәсіпорнының қолдауын ерекше атады. Бүгінгі күні облыс әкімдігі мен аталған кәсіпорын басшылығы арасында инвестиция көлемін өткен жылдан төмендетпеу турасында келісім бар.

Бизнес-кеңесте облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов өңірдегі өндірістік кәсіпорындардың технологиялық жаңғыруы турасында баяндады. Оның айтуынша, биыл Ақтөбеде 85 миллиард теңгеге 42 кәсіпорын жаңғыртылады. Кәсіпорындардың жаңғыртылып, цифрландырылуы есебінен өңір экономикасының даму қарқыны 2 пайызға артпақ. Қ.Бекенов өз сөзінде облыстағы әрбір кәсіпорынның күні бүгінге дейін осы бағытта атқарған жұмыстарына жеке-жеке тоқталды. Мәселен, жыл соңына дейін облыстағы тау-кен-металлургия саласы бойынша әлі 7 компания 23 миллиард теңгеге жаңғыртылмақ. Атап айтсақ, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының инфрақұрылымы жаңартылса, тау-кен байыту комбинатында да осында шаралар қолға алынбақ. Бұл өз кезегінде бұл салада өнім көлемін 10 пайызға арттырса,  өндірістік жарақат алу көрсеткішін 8 пайызға төмендетпек.

Бизнес өкілдері бас қосқан кеңесте «Sinopek Group», «СNPC» трансұлттық компаниялары мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазақтүрікмұнай» ЖШС өкілдері кәсіпорынды технологиялық жаңғырту бағытында әрі әлеуметтік жауапкершілік аясында атқарылып жатқан жұмыстар турасында айтты. Сондай-ақ, олар алдағы 3-5 жылға арналған жоспарлары туралы да сөз қозғады.

Бүгінгі таңда облыста өнеркәсіптің түрлі салаларында 5 трансұлттық корпорация жұмыс жасайды. Елбасы Жолдауының 55-қадамын орындау мақсатында, трансұлттық компанияларды қайта өңдеу секторына тарту бойынша экспорттық тауарлар құру және Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуы үшін трансұлттық компаниялар тізімі кеңейтілуде. Осылайша биылдан бастап меншік иелері «ENI» (90 пайыз) және «General Electric» (10 пайыз) екі ірі трансұлттық компанияcы болып табылатын «Arm Wind» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инвестициялық жобасымен Ақтөбе нарығына келді. Бизнес-кеңесте аталған компанияның өкілдері  Абрамо Фердинандо мен Джиовани Бекеруччи өңірде жүзеге асырылғалы жатқан инвестициялық жобаны таныстырды. Яғни Қарғалы ауданының Бадамша ауылында қуаттылығы 48 МВт болатын жалпы сомасы 33 миллиард теңгеге жел электр стансасының құрылысын жүзеге асырмақ. Аталған жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жақын аралықта басталып, келер жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға берілмек. Бадамша ауылынан 15 шақырым жерде жүзеге асырылатын бұл инвестициялық жоба 2017 жылдың маусым айында ҚР Энергетика министрлігі, америкалық «General Electric» және табысы бойынша әлемнің үздік 100 компаниясы қатарына кіретін, әлем бойынша 71 елде жұмыс жасайтын халықаралық мұнайгаз және энергетика саласының ірі ойыншыларының бірі — италяндық «ENI» компаниясы қол қойған өзара түсіністік туралы меморандум аясындағы келісімдердің нәтижесі болды. Жобаны жүзеге асыру барысында құрылыс кезеңінде 300 адам жұмыспен қамтылады. Нәтижесінде, жел электр станциясы аймақты сағатына 198 КВт көлемінде электр қуатымен қамтамасыз етеді. Бердібек Машбекұлы стансадан электр энергиясын жеткізуде «KEGOC» компаниясының негізгі тасымалдаушы болатынын айтып: «Экономиканың өсуін ескере отырып, бүгінгі күні облыс бойынша электр энергиясының тапшылығы 110 мегаватты құрайды. Әрине, өңірдің даму келешегі зор», — деді.  Өз сөзінде облыс әкімі жиналған компания басшыларына өңір экономикасын одан әрі жақсарту бағытында нақты тапсырмалар жүктеді. Ең бастысы — мемлекеттік бағдарламалардың уақтылы орындалып, кәсіпорынның жаңғыртылуын қамтамасыз ету, сол сияқты, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезіну, жұмысшылардың жалақысын өсіру, оларға қажетті жағдай жасау, ең бастысы — ұжымдық келісімшартта көрсетілген негізгі міндеттемелерді толығымен орындауға баса мән беру керектігін айтты. Бизнес-кеңес соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен «Arm Wind» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Абрамо Фердинандо ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, Мәртөк ауданында жел электр қондырғысы құрылысын салу үшін Мәртөк ауданының әкімі Жандос Байырханов пен «ЖелЭнерго» ЖШС директоры Александр Хван арасында ынтымақтастық келісімі жасалды. Қуаттылығы сағатына 450 кВт болатын бұл жоба аудан территориясында Кеңсахара ауылына жақын маңда жүзеге асырылмақ. Бұдан әрі Индустрия 4.0 стандартына жауап беретін және 2018-2022 жылдар аралығында өңірдің ірі кәсіпорындарын жаңғырту бойынша жол карталарына жергілікті әкімдік пен ірі компаниялар арасында келісім жасалды. Олардың қатарында «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС, «Sinopek Group», «Қазмұнайгаз», «Yildirim Group» трансұлттық компаниялары, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бар.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button