Жаңалықтар

«7-20-25» бағдарламасы бойынша ақтөбеліктердің 76 өтініші мақұлданды

Облыста Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын іске асыру шаралары жоспарының орындалуы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды.

Халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бес әлеуметтік бастаманы Мемлекет басшысы биылғы жылдың наурыз айында жариялады. Одан кейін «Әрбір отбасы үшін тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері» бастамасы аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасын бекіткен болатын. Қазіргі уақытта осы бағдарлама бойынша несие алуға қабылданған өтініштердің санына қарай Ақтөбе облысы республикада 4-орында тұр. «1 қыркүйектегі жағдай бойынша екінші деңгейлі банктер 1 миллиард теңгеге  жуық заем алуға 115 өтінім қабылдады. 76 өтінім мақұлданды, олардың 26-ы қазірдің өзінде берілді», — деп хабарлады облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов.

Облыс басшысы «7-20-25» бағдарламасын іске асыру қарқынын біліп, сондай-ақ тұрғындар арасында жаңа ипотекалық бағдарлама бойынша ақпараттық-насихат жұмыстарын арттыру қажеттігін атап өтті. Облыс әкімі жиында екінші деңгейлі банктердің өкілдеріне «7-20-25» бағдарламасына қатысушыларға заем алу бойынша барынша көмек көрсетуге ұсыныс жасады.

— Мемлекет басшысының бес бастамасы халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Біз оларды сапалы және уақтылы орындауымыз керек. Мен барлық адамдарға өз жұмысын қатаң бақылауда ұстауды сұраймын, — деді облыс әкімі жиналыс қатысушыларына.
Өз ісін бастауды қалайтын азаматтарды шағын несиелеу бойынша жұмысты жандандыру тапсырылды. Осы ретте Мемлекет басшысы халықты шағын несиелендіруді екі есе арттыруды тапсырғанын айта кету керек. 28 тамыздағы дерек бойынша, тек өнімді жұмыспен қамту бағдарламалары мен жаппай кәсіпкерлік бойынша  364 азамат шамамен 1,5 млрд теңгеге жуық қаражатқа шағын несие алған. Осы бағытта жұмыстар жалғасуда.

Жиын барысында Президенттің салықтық жүктемені төмендету жөніндегі бастамасы 32,5 мыңнан астам ақтөбелік тұрғындардың жалақысын көтеруіне ықпал еткендігі атап өтілді.

Бұдан басқа, қосымша білім беру гранттарын бөлу, 8 студенттік жатақхана құрылысы, сондай-ақ елді мекендерді газдандыру мәселелері қаралды.

Бүгінде табиғи газбен аймақтың жалпы халқының 88%-ы, яғни 752 мыңнан астам адам қамтамасыз етілген.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметтеріне сәйкес, жыл соңына дейін Әйтеке би ауданының Аралтөбе ауылы мен Хромтау ауданының Жазық ауылын газдандыру аяқталады.

Бұдан басқа, жалпы құны 6,4 млрд теңгеге 19 газбен жабдықтау жобаларын жүзеге асыру жалғасуда. Жобаның аяқталуымен 2019 жылы 11 ауылдық елді мекеннің 7 мыңнан астам тұрғыны табиғи газға қол жеткізеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button