Экономика

Облыста жаңа пилоттық жоба қолға алынды

Облыстың үш ауданында «Елдік скрининг» жобасын жүзеге асыру қолға алынды. Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев жобаның аралық нәтижелерімен  таныстырып, оны кеңейту және  автоматтандыру жөніндегі жоспарларымен бөлісті.

Арнаулы скрининг кәсіпкерліктің тиімді тұстарын анықтап, жаңа бизнес-жобаларды құру және қаржыландыру үшін аймақтық даму карталарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. «Атамекен» ҰКП жобалық тобының 88 маманы екі аптадан бері Мәртөк, Алға, Қарғалы аудандарындағы үй шаруашылығындағылар  мен бизнес субъектілерінде сауалнама жүргізіп жатыр. Анкетадағы 29 негізгі сұраққа жауап бергендер тұрғындарға нақты не керектігін анықтауы тиіс. Қорытындысында скрининг өңірдің  нақты қажеттілігін ескеретін жол картасын жасауға жол ашады.

— Ақтөбе облысында жүзеге асырылып жатқан скринингтің басқа пилоттық жобалардан басты ерекшелігі, скрининг аясында және оның нәтижелерін сараптар тұста IT-шешімдер белсенді қолданылып жатыр. Скрининг қорытындысы бойынша, аудандар мен қалаларда әрі қарай жаңартылып отыратын даму карталары жасалады, — деп атап өтті Эльдар Жұмағазиев.

Облыс әкімі аудан әкімі мен ауылдық округ басшыларына жұмысты ұйымдастыруға жан-жақты көмек беруді тапсырды.

— Бұл — маңызды жоба. Ол жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтамасыз ететіндердің нақты санын анықтап, жаңа жұмыс орындарын ашатын бизнес-жобаларды құруға мүмкіндік береді. Біз белгілі бір елді мекенде қандай бизнес жасауға   болатындығын, өңірге қандай мамандар қажет екендігін нақты білетін боламыз. Жағдайды дәл білу жергілікті жерлерде мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруды жетілдіріп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру үшін тиімді шараларды қабылдауға көмектеседі, — деп тұжырды облыс әкімі.

Одан бөлек, жиын барысында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті агроөнеркәсіптік кешенінің цифрландыруға қатысты аралық қорытындысының таныстырылымы жасалды. Аталған жоғары оқу орнының проректоры Қайрат Айтуғанов жетістіктерге тоқталып, ғалымдардың ауылшаруашылық саласын цифрландыруда жақсы нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті. Ол нәрлі заттардың құрамын анықтайтын жобаны таныстырып, жерді ғарыштан зерттеуге қатысты технологияға тоқталды. Бұл технология егіннің жиын-терінінің нақты көрсеткішін білуге мүмкіндік береді. Барлық ұсынылған технология облыс басшылығы тарапынан қолдау тапты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button