Жаңалықтар

Іскер әйелдерге «Аяз ата резиденциясын» құруды ұсынды

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі іскер әйелдермен кездесті. Сондай-ақ Салтанат сарайында өткен бейресми кездесуге қала әкімі Ілияс Испанов, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Күлшат Масалимова және 60-тан астам қауымдастық мүшелері қатысты.

Кездесу барысында облыс әкіміне кеңестің ықпалымен атқарылған шаруалар жайы айтылып, жаңа жобалар ұсынылды.

Басқосуда облыс әкімі елімізде, оның ішінде Ақтөбе облысындағы кәсіпкер әйелдердің өңірдің әлеуметтік дамуына қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті.

— Әйелдердің қоғамда, мемлекетте, әрбір отбасында алатын орны ерекше. Көп нәрсе сіздерге байланысты. Тәлім-тәрбие, өнеге, білім барлығы сіздерден бастау алады. Әрине, біз сіздерге ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Сондықтан ер-азаматтар нәзік жандарды әр уақытта қолдап, көмектесіп, қорғауы керек. Біз оған әрқашан да дайынбыз, — деді Бердібек Сапарбаев.

Өз сөзінде бизнестегі әйелдердің мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы белсенділіктерін де жоғары бағалаған облыс басшысы, кеңес мүшелерінің алда келе жатқан үлкен шара Аналар слетінде белсенділік танытатынына өз сенімін білдірді.

Айта кететін жайт, қауымдастық құрамындағылардың барлығы — аналар. Ішінде шөбере сүйіп отырған кәсіпкер-әжелер де бар.

Бүгінде Күлшат Масалимова басқарып отырған облыстың іскер әйелдер ассоциациясы соңғы 3 жылда жаңа серпіліспен жұмыс жасап жатқандығы баршаға аян. Бүгінде аудандарда да іскер әйелдер кеңестері құрылып, жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Мәселен кеңестің ықпалымен Ақтөбе қаласында «Игі істер дүкені» ашылып, жыл басынан бері 10 мыңға жуық адамға қайырымдылық жасалған. Ал «Мектепке жол» акциясы аясында 500-ден астам балаға оқу-құралдары мен мектеп сөмкелері табысталып, қолдау көрсетілді.

Бұдан өзге жаңа жыл мерекесі қарсаңында ұйымдастырылатын «Аяз атаға хат» жобасы аясында да 200-ге жуық баланың арман-тілегін орындау жоспарланған.

Бұл жобаны мақұлдаған облыс әкімі өңірде «Аяз ата резиденциясын» ашу туралы ұсынысын білдірді.

Балалар жаңа жыл мерекесін ерекше күтеді. Жыл бойы армандаған ойлары жаңа жылда жүзеге асқанын қалайды. Осы ретте сіздерге  «Аяз ата резиденциясын» ашу туралы ойымды білдірейін. Аталған резиденция жыл бойы жұмыс жасап, балалардың хаттарын қабылдайды. Кейін мереке қарсаңында олардың арман-тілектерін орындауға өз септігін тигізеді. Біле білсеңіздер, бұндай орын еліміздің бірде-бір өңірінде жоқ, — деді облыс әкімі.

Басқосу барысында кәсіпкерлер өз істеріндегі мәселелерді алға тартып, ашық әңгіме өрбіді. Сондай-ақ кездесу барысында ассоциация жанынан құрылған  «Жас қанаттар» ұйымы таныстырылды. Айта кетейік, «Жас қанаттар» ұйымы 2017 жылы құрылған болатын. Бүгінде ұйымның Ақтөбе облыстық филиалында 20 жас кәсіпкер қыз-келіншек бар.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button