Спорт

Азиаданы 9-орынмен аяқтадық

Индонезияның Джакарта және Палембанг қалаларында ХVIII жазғы Азия ойындары аяқталды. Қазақстан спортшылары 15 алтын, 17 күміс және 44 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық ресми емес есепте 9-орынға тұрақтады.

Негізі, медальдардың жалпы саны — 76 медаль — жағынан алғанда, Қазақстан бесінші орында тұр. Медаль саны жағынан біздің алдымызға Азия спортының тұрақты көшбасшылары саналатын Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея мен биылғы Азиаданы қабылдаған Индонезия елі ғана шықты. Жалпыкомандалық есепте 5-8 орындарда тұрған елдер — Өзбекстан, Иран, Тайпей мен Үндістан — медаль саны жағынан бізден оза алған жоқ. Дегенмен жалпыкомандалық есеп барлық медальдардың емес, алтын жүлделердің санына қарай түзілетіні белгілі…

Ең сәтсіз Азиада

Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде алғаш рет жазғы Азиадаға 1994 жылы қатысты. Жапонияның Хиросима қаласында өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 27 алтын, 25 күміс және 27 қола, барлығы 79 медаль алып, бірден-ақ жалпыкомандалық есептегі төртінші орынға орнықты. Одан кейінгі жазғы Азия ойындарында спортшыларымыз: 1998 жылы Бангкокта — 24, 2002 жылы Пусанда — 20, 2006 жылы Дохада — 23, 2010 жылы Гуанчжоуда — 18, 2014 жылы Инчхонда 28 алтын медаль жеңіп алды. Осы алтын жүлделердің арқасында Қазақстан құрамасы Пусан, Доха және Инчхонда жалпыкомандалық есепте — төртінші, Бангкок пен Гуанчжоуда бесінші орынға ие болды.

Ал Индонезияда небәрі 15 алтын жүлдемен шектелген Қазақстан өз тарихында алғаш рет жазғы Азиадада үздік бестіктен көріне алмады. Алтын медальдың саны, соған орай жалпыкомандалық есептегі жағдайы жағынан Қазақстан үшін бұл ең сәтсіз жазғы Азиада болып отыр.

Алайда бұл сәтсіздік біздің спортшыларымыздың қауқары бұрынғы деңгейден түсті деген ұйғарымға негіз бола алмайды. Жоғарыдағы дерекке қайта үңілсек, биылғы Азиадада спортшыларымыз бас-аяғы 76 жүлде иемденді, ал бұрынғы Азиадаларда да «қоржынымызға түсетін» жүлделердің саны осы шамалас болатын: Хиросима мен Гуанчжоуда — 79; Бангкокта — 78, Пусанда — 76. Көріп отырғандарыңыздай, жалпы жүлделердің саны ойсырай азайған жоқ. Ал кей тұстарда бұрынғы «алтынның» «қолаға» айналуын «бақтың шаппауына», яғни бір жолғы ғана сәтсіздікке жоруға да болар еді…

Екінші жағынан, басқа мемлекеттердің өткен Азиядалардағы көрсеткіштеріне көз жүгіртелік: мысалы, Өзбекстан 2014 жылғы Азиадада небәрі 44 медаль, оның ішінде 9-ақ алтын алып, жалпыкомандалық есепте үздік бестік түгіл, ондыққа да іліге алмаған болатын. Бұл жолы өзбекстандық спортшылар алтынның санын 21-ге, жалпы жүлделер санын 70-ке жеткізді, яғни өткен Азиадамен салыстырғанда, 26 (!) жүлдесі артық. Өзбекстанның биылғы құрлықтық Ойындарға үлкен дайындықпен келгенін бағдарламаға өзбектің ұлттық спорты — кураштың енгізілуінен де байқауға болады. Спорттың осы түрінен ғана олар 6 алтын, 2 күміс, 4 қола медаль алды. Жоғарыда айтқан 26 жүлденің жартысына жуығын нақ осы кураш арқылы «қоржынға түсірді».

Тағы бір көршіміз — қырғыз елі де бұл Азиадада бұрынғы нәтижелерін едәуір жақсартты. Инчхонда қырғыз спортшылары 2 күміс, 4 қола, небәрі 6 ғана жүлде алып, жалпыкомандалық есепте 28-орында болған еді. Индонезияда олар 2 алтын, 6 күміс, 12 қола алып, медальдар санын үш еседен артық арттырды. Ал жалпыкомандалық есепте 8 сатыға жоғарылады.

1,5 миллион ғана халқы бар Бахрейн королдігі биылғы Азиадада 25 жүлде алып отыр. Оның 12-сі — алтын. Ал Бахрейн — 2006 жылы Дохада өткен Ойындарда ғана небәрі 1 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 36-орынды (медаль иемденген мемлекеттердің ең соңғысы) қанағат тұтқан ел еді.  Дохада жалпыкомандалық есептің ең соңында болған Бахрейн Джакартада 11-орыннан бір-ақ шықты. Дохада 4-орында, яғни алдыңғы қатардағылардың бірі болған Қазақстаннан ол қазір тек екі саты ғана төменде… Мұның сыры неде десеңіз, Бахрейн 2010 жылғы Азиададан бастап Африка елдерінен шақырылған легионер спортшыларын жарысқа қоса бастады. Соның арқасында Гуанчжоуда — 5, ал Инчхонда 9 алтын алды. Джакартада африкалық легионерлер Бахрейнге 23 медаль алып берді, (қалған екі жүлде — Бахрейннің өз спортшыларының үлесінде). Биылғы Азиадада Бахрейн туын көтеріп, жүгіруден барлық дерлік қашықтықтар бойынша алдарына жан салмаған спортшылар — Эфиопия, Марокко, Нигерия және Кения елдерінен шақырылған желаяқтар екен.

Азия елдерінің спорттық табыстарға деген құлшынысы, міне, осылайша артып отыр. Мұндай жағдайда үздіктер қатарында қалу үшін спортшыларымыздың ғана деңгейі мен дайындығы аздық ететініне осы Азиадада көзімізді жеткіздік. Барлық спорттық федерациялар мен ұлттық құрамалардың тізгінін ұстаған бапкерлер тарапынан да жүйелі жұмыстар, тынымсыз ізденістер, жаңаша қадамдарға ұмтылыстар қажет-ақ. Айталық, көркем гимнастикадан ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері Әлия Жүсіпова — әлдеқашаннан осындай ізденіс жолына түскен бапкерлеріміздің бірі болса керек. Бұған оның Джакартаға даярлап апарған шәкірттерінің өнері мен жетістіктері дәлел…

Ал ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы биылғы Азиадада Қазақстанның үздік бес ел қатарына іліге алмауын алтын жүлдеге лайықты спортшыларымыздың жарыстан тыс қалуымен түсіндірді. Ол Азиадаға қазақстандық ауыр атлеттер мен жоғары салмақтардағы боксшылардың бара алмағанын, сондай-ақ ең үздік теннисшілеріміздің де осы спорт түрі бойынша құрлықтық Ойындардан гөрі дәрежесі жоғары саналатын басқа жарысқа кеткенін айтты. Сонымен қатар, министр Рио-де-Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметовтің Джакартадағы жарыс кезінде жарақат алып қалғанын, ал бокстан ұлттық құрамада буын алмасу жүріп жатқанын да еске салды. Арыстанбек Мұхамедиұлы осыларды санамалай келіп, «Негізі, бұл спортшыларымыз жарысқа барғанда, алтын жүлделер саны 26-ға жеткен болар еді», — деп қорытындылады.

Ел үмітін ақтаған кімдер?

Джакартадағы Азиадада үздік бестіктің қатарына, ал алғашқы аптада тіпті үздік ондыққа да іліге алмаған спортшыларымызға айтылып жатқан сын көп. Десе де, бұл жарыстан спортшыларымыздың құр қайтпағанын да ұмытпалық. Біз марқайып-мақтанатын жарқын сәттер аз болған жоқ. Мысалы, жеңіл атлетші Ольга Рыпакова сонау Дохада басталып, Гуанчжоу мен Инчхонда жалғасқан жеңісті жолын үзбей, Джакартада да алтын жүлдеге қол жеткізді. Бұл жолы да үш қарғып секіруден ең үздік нәтиже көрсеткен Ольга осымен төртінші рет Азиада чемпионы атағына ие болды.

Көркем гимнастикадан өткен жарыстарда қазақ қыздары — Алина Әділханова, Даяна Әбдірбекова және Адиля Тілекеноваларға тең келер ешкім болмады. Алдымен командалық жарыстың алтын жүлдесін қазақ қыздары жеңіп алды. Олар өздерінің ең үздік екендіктеріне төрешілердің де, көрермендердің де еш күдігі  болмайтындай дәрежеде өнер көрсетті. Одан соң Алина Әділханова жекелеген спортшылар арасындағы жарыстың жеңімпазы атанды. Бұл команда — Қазақстаннан шыққан ең жас Азиада чемпиондары. Көркем гимнастикадан ұлттық құраманың бас бапкері Әлия Жүсіпованың өзі кезінде алып Азия құрлығында теңдессіз гимнаст болған еді. Оның шәкірттерінің де өзіне лайық болуы —  барша қазақ жанкүйерлері үшін үлкен қуаныш.

Велошабандоз Алекцей Луценко бұл жолы Қазақстанға екі бірдей алтын жүлде сыйлады. Ал өткен Азиадада 5 алтын жүлде иемденген ескек есушілер, өкінішке қарай, бұрынғы қарқындарынан айырылып, 2 алтынмен ғана шектелді. Рас, одан бөлек 4 күміс, 3 қола медаль да алды. Дегенмен алтын медаль санын кемітіп алған олар Индонезиядағы жарыстарын аяқтағаннан кейін жанкүйерлерге: «Бұл сәтсіздіктердің есесін Олимпиада алтынымен толтырамыз», — деп уәде берді.

Самбо күресі биыл Азиада бағдарламасына тұңғыш рет енгізілді. Онда да жарыстар ерлер арасында — 2, әйелдер арасында — 2, небәрі 4 салмақ дәрежесімен шектелді. Соның өзінде, Бағлан Ибрагим мен Ділдаш Құрышбаеваның арқасында, Қазақстан самбодан екі алтынға қол жеткізді. Азиада бағдарламасына қосылған тағы бір жекпе-жек түрі — джиу-джитсудан да қазақтар өздерінің мықтылығын дәлелдеді: Дархан Нортаев пен Руслан Исраилов алтын жүлдеге қол жеткізді. Жалпы, осы екі спорт түрінің әрқайсысынан біздің спортшылар бес-бестен жүлде алды.

Каратэші қызымыз Гузалия Гафурова финалға жарақатпен шығып тұрып, ерік-жігерінің мықтылығының арқасында қарсыласы, қытайлық Танг Линглингті жеңді. Бір қызығы, төрт жыл бұрын Инчхонда да Гузалия финалға нақ осы қытай қызымен шығып, жеңіске жеткен еді. Сөйтіп, ол өзінің Азияның ең үздік спортшыларының бірі екенін екінші рет дәлелдеді.

Олардан бөлек, дзюдошы Дидар Хамза, семсерлесуші Дмитрий Алексанин, су добынан Рүстем Үкіманов бастаған Қазақстан құрамасы алтынға қол жеткізіп, Джакарта төрінде еліміздің Әнұранын шырқатты.

Өкінішке қарай…

Джакартаның өкінішті тұстары, естеріңізде болса, Ойындар басталмас бұрын-ақ басталған еді. Допинг дауының өршуіне байланысты ауыр атлеттеріміз Азиададағы жарыстардан тыс қалды. Бокстан қазақтар мықты саналатын үш салмақ (81, 91, +91) жарыстар бағдарламасынан алынып қалды. Сөйтіп, Олимпиада мен әлем және Азия чемпионаттарынан жүлде әкеліп жүрген боксшыларымыз жарысқа қатыса алмады.

Бокстағы «әттеген-айлар» мұнымен шектелмеді. Қалған жеті салмақ бойынша Джакартаға барған боксшыларымыздың арасындағы жалғыз әлем чемпионы Қайрат Ералиев өзінің алғашқы жекпе-жегінде ойламаған жерден… тайландтық Чатчай Вутдидан жеңіліп қалды. Бұл жеңілісі жөнінде кейін өзі: «Төреші тайландтық боксшының қолын көтергенде, жыларымды да, күлерімді де білмедім», — деді. Қайраттан кейін, тағы 4 боксшымыз бірінен соң бірі жеңіліс тауып, жартылай финалға қазақтың тек екі боксшысы жетті. Олар — Асланбек Шымбергенов пен Әбілхан Аманқұл. Ол екеуі де финалда өзбекстандық қарсыластарынан жеңілді. Сөйтіп, тұңғыш рет қазақ боксшылары Азиададан алтынсыз оралды. Азиадаға: «Екі алтын аламыз» — деген уәдемен аттанған бас бапкер Мырзағали Айтжанов бірден-ақ бұл сәтсіздікті «төрешілердің әділетсіздігінен болды» деп есептейтінін мәлім етті.

Сондай-ақ балуандарымыз да бірінші рет Азиададан алтынсыз оралып отыр. Джакартада төрт қазақ балуаны финалға шыққанмен, сын сағатта төртеуі де жеңіліс дәмін татты.

Ауыр атлетика, бокс және күрестен бөлек, жеңіл атлетикадан да бұрын қазақ спортшыларын құрлықта алдыңғы орындардан көруші едік. Ал бұл жолы жеңіл атлетика құрамасынан Ольга Рыпаковадан басқа ешкім алтын ала алмады. Бұрын жүгіруден алдарына жан салмайтын Ольга Сафронова, Маргарита Мұқашева, Виктория Зябкина сынды қыздарымызға бұл жолы мәреге Бахрейн спортшыларынан бұрын жету мұң-ақ болды. Маргарита өз қашықтығында — күміс, ал басқа желаяқ қыздарымыз эстафеталық жарыстардағы қола жүлделерді қанағат тұтты.

Ақтөбелік спортшылар қандай нәтижеге қол жеткізді?

Ақтөбелік спортшыларға келсек, 2014 жылы Инчхонға біздің облыстан небәрі 4 спортшы барып, оның біреуі — алтын (Андрей Ақтауов, каратэ), тағы бірі күміс (Ринат Сағындықов, каратэ), яғни екі жүлде алған еді. Қалған екі спортшымыз үздік бестік қатарына ілікті.

Ал биыл Азиадаға 8 ақтөбелік қатысты. Олардың  арасынан грек-рим күресінің шебері Мейрамбек Айнағұлов пен джиу-джитсушы Нартай Кажеков қола медаль алды. Мейрамбек жартылай финалға дейін жақсы жеткенімен, жартылай финалда қырғыз балуаны Қаныбек Жолшыбековтен жеңілді. Ал қола жүлде үшін болған күресте солтүстіккореялық балуанды 13:5 есебімен жеңді. Нартай қола жүлде үшін таласта түрікменстандық қарсыласын қапы қалдырды.

Суға жүзуден брасс әдісімен 50 және 100 метрлік қашықтықтарда жарысқа шыққан Айбек Қамзенов, тиісінше, 12-ші және 14-орындардан көрінді. У-шу спортынан Арыстан Оразов — 11-орынды, Даяна Утямышова 12-орынды қанағат тұтты. Таэквондошылар — Руслан Манаспаев пен Ақсәуле Ерқасымова бастапқы айналымдарда жарыс жолынан шығып қалды. Ал джиу-джитсушы Андрей Гаврилюк бастапқы айналымдардан сәтті өткенімен, қола медаль үшін таласта қырғызстандық қарсыласына есе жіберді.

ХVIII жазғы Азия ойындарының қорытындысы бойынша, жалпыкомандалық есепте Қытай 1-орын алды. Оның еншісінде 132 алтын, 92 күміс және 65 қола бар. Сондай-ақ, әдеттегідей, Жапония мен Оңтүстік Корея үздік үштікке енді. Ойындар қожайыны ретінде бағдарламаға өзінің ұлттық спорт түрлерін молынан енгізуге мүмкіндік алған Индонезия 4-орынға ие болды. Жалпы, бұл Азиадада барлығы 35 елдің спортшылары жүлдеге ілікті.

 Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button