Ауыл

Ауылында мәдениет үйін салып жатыр

Өз заманында қазақтың көрнекті жазушысы, ақын Бейімбет Майлин:

«Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз,

Ауыл — дене, біз – қозғалтар жанымыз.

Кел, еңбекші, қол ұстасып бір туға,

Жиналайық қалмай жасы, кәріміз!», — деп жырласа, бүгінгі күні ауылды көркейтуге атсалысып, оның өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі — алғалық кәсіпкер Самат Қалдығұлов.

Ол — Алға ауданы Амангелді ауылының перзенті. Кәсіпкер туған ауылынан шаруашылық ашып, бүгінде еліміздің ауыл шаруашылығы саласының дамуына зор үлес қосуда.

— Иелігіміздегі шаруашылық 1997 жылы құрылды. Сол уақыттан бастап осы шаруашылықты дамытып, бүгінде жылқы және ірі қара өсірумен айналысамыз. Шаруа қожалығының атын әкемнің есімімен қойдым. Кеңес заманы тұсында сол кездегі ауылдық кеңестің қызметкерлері әкемнің төлқұжатына қысқарған атын жазып жіберген. Ал әкемнің шын аты — Рейімқұл. Алайда төлқұжатында «Рей» деп жазылған. Бүгінде одан тараған ұрпақтың бәрі «Рейұлы» деп жазылып жүр. Негізінен, біз әкеден бес ұл, үш қыз тарағанбыз. Үлкен ағам Саламат бүгінде аудандағы «Рүстем» шаруа қожалығын басқарады. Ал «Рейімқұл» шаруа қожалығын дамыту үшін бүгінде отбасымызбен еңбек етіп жатырмыз, — дейді шаруашылық басшысы.

Оның айтуынша, бүгінде қожалықта 16 адам тұрақты жұмыс жасайды. Ал шөп шабу науқаны кезінде шаруашылықтағы жұмысшылардың саны әлдеқайда көбейеді.

Шаруашылық, негізінен, асылтұқымды мал басын көбейтумен айналысады. Бүгінде қожалықта 700-800 әулиекөл асылтұқымды ірі қара, 700 жылқы бар.

Шаруашылық базасында екі мың ірі қараға, сондай-ақ мың бас жылқыға арналған бордақылау алаңы бар. Жыл сайын ірі қара малын осы жерде бордақылап, одан соң облыс орталығында орналасқан цехқа апарып тапсырамыз. Бұған дейін «Айбек» ауылдық тұтыну кооперативі жартылай фабрикатталған өнімдерді шығарса, қазір бұл өнімдерге сұраныс жоғары, тапсырыс та көп. Қазіргі таңда біз цехқа ірі қараны тірілей әр келісін 600-650 теңгеге, ал жылқы малын сойып, келісін 1400-1500 теңгеге тапсырамыз. Негізінен, біздің шаруашылық облыста ет кластерін құру мақсатында жұмыс жасауда. Қазір кооператив иелігіндегі цехта бұқтырылған ет түрлері, сондай-ақ жартылай ет өнімдері шығарылады, — дейді Самат Қалдығұлов.

Айта кету керек, аталған кооперативті шаруашылық басшысының екінші ұлы — Айбек Қалдығұлов басқарады.

Кәсіпкер биыл туған ауылында өз демеушілігімен 200 орындық Мәдениет үйін салып жатыр. Небары 52 түтіні бар Амангелді елді мекеніне биыл газ құбыры тартылмақ.

Сондай-ақ Самат Рейұлының бастамасымен биыл ауылда балаларға арналған саябақ бой көтермек.

Биыл мамыр айында ауылымызға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келіп, тұрғындар осы жерден 12 шақырым жердегі Қарабұлақ ауылынан Амангелді, Сарықобда, Болгарка елді мекендеріне газ құбырын жүргізу үшін қолдау көрсетуін сұраған болатын. Соның арқасында жуырда газ құбырын тарту үшін жобаға қол қойылды. Бұйырса, биылғы жылы аталған үш ауылға көгілдір отын келеді деп үміттеніп отырмыз. Ауылымызға газ келсе, нұр үстіне нұр болар еді, — дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, бүгінде Мәдениет үйінің қабырғасы қаланып, төбесі жабылған. Енді ішкі жұмыстарын жасау керек. Алайда кәсіпкер күзде ауылға көгілдір отын келмесе, қыс айларында ғимараттың іші суықтан құлап қалуы мүмкін деп қауіптенеді. Сондықтан ол ішкі жұмыстардың әзірге басталмай тұрғанын айтады.

Бұл мәселені шешеміз, егер биыл ауылға газ берілмесе, онда қыстай электр қуатымен жылытуға тура келеді. Егер округ әкімшілігі «құп» десе, ішкі жұмыстарды бастаймыз. Мәдениет үйінің жалпы ауданы — 600 шаршы метр. Бүгінге дейін 57 миллион теңге қаражат жұмсалды. Негізінен, Мәдениет үйі мен саябақты салуға, оларды сумен, газбен, жарықпен қамтамасыз етуге барлығы 118 миллион теңге қаржы қарастырылды. Саябақтың жалпы ұзындығы 700 метр болса, ені — 400 метр, — дейді С.Қалдығұлов.

Туған ауылынан шаруашылық ашып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер өзі сияқты азаматтарды туған жеріне, ауылына қызмет етіп, үлес қосуға шақырады.

  • Қолынан келген азаматқа өзінің туған ауылына қызмет ету, оның көркеюіне үлес қосу — құптарлық дүние. Өйткені уақыт өте біздің өміріміз бітеді, ал артымызда «осы кісі салып еді» деген сөз қалады. Әр адам үшін туған жері, өскен ортасы ыстық. Сондықтан ауылға кез келген адамның бүйрегі бұрып тұрады. Мен Амангелді ауылында туып-өстім. Осы елді мекеннің перзенті ретінде Мәдениет үйін салып берейін деп шештім. Кеңес заманында біз мектеп-интернатта өстік, көп қиындық көрдік. Бұл жерде 4-сыныптық мектеп қана болды. Қазір ауылымызда мектеп бар, міне, Мәдениет үйі салынып жатыр. Алдағы уақытта ауылға көшіп келетін азаматтар болса, оларды үймен, жұмыспен қамтамасыз етуге дайынмын. Болашақта осы ауылда үлкен орта мектеп салынса, оған да өз үлесімді қосқым келеді, — дейді кәсіпкер.

Қазір «Рейімқұл» шаруа қожалығы шөп шауып, қысқа жем-шөбін дайындап жатыр. Биыл шаруашылық мал азығы үшін 320 гектарға еркекшөп, 500 гектарға суданка, 600 гектарға қарабидай егіпті. Шаруа ауыл тұрғындарын да шөппен қамтамасыз етпек.

— Өткен жылдармен салыстырғанда биыл шөптің түсімі аз. Алайда малға қажетті жем-шөптің қазір 80 пайызын шауып, тасып алдық. Техника жеткілікті. Қазір шаруашылықта 10 «МТЗ-80» маркалы трактор, 6 тіркеме, 4 екпе шөптерді жинайтын машина бар. Алдағы уақытта әлі де жасалатын жұмыстар көп, — дейді шаруашылық басшысы.

P.S. Халықтың игілігіне қызмет етіп, игі істерге жомарттық танытатын Самат Рейұлы сияқты кәсіпкерлер қандай мақтауға болса да лайықты. Елімізде осындай азаматтар көп болсын!

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button