Ауыл

Ырғызда құрылыс қарқынды

Ырғыз облыстан шалғай жатқан аудандардың бірі болғанымен, бүгінде бұл өңірде тұрғын үй салып жатқандардың саны көп. Тұрғындардың дені өз баспаналарына жөндеу жұмыстарын жүргізсе, енді біреулері жаңадан үй салып, қоныстойын тойлауға асығуда. 

Шілде-тамыз айлары — құрылыстың нағыз қызатын шағы. Күннің ыстығына қарамастан, ауылдың адамдары белсенді түрде құрылысқа кіріседі. Көбі күн суытпай баспанасына кіріп алуға асықса, кейбіреулері келер жылдың қамын ойлайды.

Қазіргі таңда Ырғыз ауданының орталығында жер телімін алып, үй салып жатқандардың саны көп. Солардың бірі — Жансүгіровтер отбасы.

Отағасы Ақылбек Жансүгіров осыдан үш жыл бұрын ауыл шетінен жер телімін алған. Содан бері тақыр жерге тас төсеп, үйдің іргетасын құйып, төбесін жауып, биыл ішкі жұмыстарына кіріскен. Өткен аптада Жансүгіровтер отбасы қоныс тойын тойлапты.

— Осыдан үш жыл бұрын ауыл шетінен 10 сотық жер алып, үй салуды бастадық. Көп еңбек пен маңдай тердің арқасында, міне, биыл баспанамызға кіріп жатырмыз. Жаңа үйге кірген соң, азды-көпті бейнетті ұмытып кеттік. Қазір құрылыс материалдары қымбат. Салыстырып айтсақ, осыдан екі-үш жыл бұрын тақтайдың бір данасын 600-700 теңгеге алсақ, бүгінгі күні 900-950 теңгеге сатып аласың. Үйдің ішкі жұмыстарына да көп қаржы кеттеді. Үйге кіргенімізбен, әлі жасайтын жұмыс жеткілікті. Дегенмен, қуанышымызда шек жоқ. Өз баспанаң болғаны жақсы ғой! — дейді Ырғыз ауылының тұрғыны Ақылбек Жансүгіров.

Ұзақ жылдар бойы ауданда су шаруашылығы саласында еңбек еткен ол 2014 жылы зейнеткерлікке шығыпты. Бүгінде үш баладан он немере сүйіп отыр.

Қазір ауыл-аймақтарда, әсіресе, біздің ауданның орталығында үй салушылар көп. Тұрғындардың жағдайы түзеліп, халық жаңашылдыққа, заманауи болуға бейімделіп келеді. Осыдан екі жыл бұрын елге газ келді, алдағы уақытта елді мекендерге де көгілдір отын барады. Су, газ, жарық келіп тұрса, қаржың болса, үй салу қиын емес, — дейді зейнеткер.

Ырғыз аудандық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Дәурен Байжиеновтің айтуынша, жыл сайын ауданда тұрғын үй құрылысына 150 жер телімі беріледі. Өткен жылы аудан бойынша 50 үйге жер телімі берілсе, биыл жеті айдың қорытындысы бойынша 36 үй тіркелген.

Қазіргі таңда ауданда айына кем дегенде 10-15 үй тіркеледі. Аудан бойынша соңғы екі жылда Ырғыз ауылы мен Шеңбертал ауылында құрылыс саны көп. Қазір тамыз айында тіркелетіндердің саны аз, алайда қыркүйек-қазан айларында бөлімге келіп баспанасын тіркейтіндердің саны көбейеді. Жыл соңына дейін 70-80 үйге дейін қабылдаймыз. Биылғы жылы аудан орталығында үй салып жатқандар әлдеқайда көп, — дейді ол.

Айта кету керек, биыл Ырғыз ауданында салынып жатқан құрылыстың саны көп. Атап айтсақ, Жаныс би, Шеңбертал ауылдарында 100 орындық мектеп, Ырғыз ауылында 300 орындық мектеп пен 100 орындық жатақхана, спорт-сауықтыру орталығы, Құтикөл ауылында 150 орындық клуб, сондай-ақ бірқатар ауылдық округтерге су тарту жүйелері салынуда.

 

Д.ҚАЗИХАН.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button