Тарих

Өндіріспен өрілген өмір

Құрмет

Бір кездері жылқы бағып, рекордтық көрсеткіш жасаған Социалистік Еңбек Ері Өтеміс Қалниязовтың еңбектің абырой мен атақ әперетінін зор мақтанышпен айтқан сөзі оның ұрпағының жадында мәңгі сақталды. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Қожаназар Қалниязов — теміржол саласына еңбегі сіңген ардагер. 

Әке еңбегі

Бүгінгі күні жаңғырту мен дамуды қатар жүргізіп отырған теміржол саласы құрылымының қай-қайсысы да маңызды. Әйтсе де, әлімсақтан қозғалыс саласы мамандарына жүктелер жауапкершілік ерекше.  Отыз жыл бір жерде табан аудармай еңбек еткен Қожаназар Қалниязов осындай жауапкершілік пен міндеттің ауыр жүгін арқалады. «Әкем Өтеміс малшы болған. Жылқы баққан. 1897 жылы  Орал облысы, Темір уезі, қазіргі Ақтөбе облысы Темір ауданының «Жарсай» қыстағында туған.  1929 жылдары Ерназар атындағы ауыл шаруашылық артелінің қатардағы колхозшысы болды. Кейіннен бұл Жамбыл атындағы колхоз болып өзгерді. 1942-1943 жылдары Ұлы Отан соғысына да қатысты. Соғыстан кейінгі жылдары елдің өркендеуіне, әсіресе ауыл шаруашылығы саласының дамуына ерекше үлес қосқан әкем зейнет жасына жетсе де, үйде отыра алмай, еңбекке қайта араласады», — деп әңгімесін бастаған кейіпкеріміз әке еңбегінің күні бүгінге дейін ел есінде екеніне қуанады.

Өтеміс қария жасының ұлғайғанына, соғыста алған жарақаттарына қарамастан, еңбекке жай ғана араласып қоймай, рекорд жасап, жастарға үлгі көрсеткен. Кейінгі бес жыл ішінде ол әр жүз биеден 96-100 құлыннан алып отырыпты.  Жылқы шаруашылығын өрістетуге көп күш жұмсаған қарт жылқышының еңбегі жоғары бағаланды. Оған 1966 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

Әрине, қыс мезгілінің малшылар үшін қиындық тудыратыны мәлім. Әсіресе, 1965 жылдың қысы Ақтөбе малшылары үшін қиын тиді. Сақылдаған сары аяз қатты борандарға ұласты, бір жылынып, бір суытудан жер көктайғақ мұзға айналды. Мұндай кез малшыларды әбігерге түсіретіні белгілі. Бірақ Қалниязов осындай қиын-қыстауға қарамастан  өзінің зайыбы әрі көмекшісі Жансұлумен бірге мал басын аман алып шыққан екен. «Анам — одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер. Әке-шешем сексенінші жылдардың басында дүниеден өтті. Өмір бақи малшы болған адамдар ғой. Әлі есімде, әкем тонын киіп алып, жылқының ортасында далада жататын. Шешем таңалакеуімнен тұрып, колхоз-совхоздың сиырын сауады, қала берді қой қырқады. Біз бесеу едік. Содан қалғанымыз қазір — екеу. Үлкен апам, қарындасым қайтыс болды. Соңымнан ерген інім Елубайдың өзі қазір жетпіске келіп қалды. Ұзақ жыл теміржол саласында еңбек етті, бүгінде сол еңбегінің зейнетін көріп, құрметті ардагерлердің қатарында», — деді кейіпкеріміз.

Жауапкершіліктің мол жүгі

Ол еңбек еткен жылдарында талай өзгерістерді бастан өткерді. Ақтөбе облысының Темір ауданында дүниеге келген Қожаназар Қалниязов 1956 жылы орта білімді Темір қаласындағы мектептен алғаннан соң, Мәскеу кооператив институтына қабылданады. Араға екі жыл салып Қазақ теміржолы Шұбарқұдық стансасы комсомол комитетінің тораптық хатшылығына сайланған ол кейін Қандыағаш аудандық партия комитетінің нұсқаушысы міндетін атқарды. Одан кейінгі еңбек жолы Қазақ тұтынушылар одағы жүйесінде жалғасады. Бір кездері Темір аудандық тұтынушылар одағын басқарған ол Жезқазған облыс болған тұста, осы құрылымның облыстық одағына лауазымды қызметке тағайындалады. Приволжский, Орталық Азия әскери округтерінде де жауапты міндеттер атқарған Қалниязов 1984 жылы Қазақ теміржолының батыс аймақтық бағыттары бойынша жолдарға қызмет көрсету басқармасына басшылық қызметке келеді. «Қазір еркіндік көп қой. Ол уақытта біз бір ізбен барып, бір ізбен қайтатынбыз. Тәртіп күшті еді. Ең бастысы — тәртіпке айрықша мән берілді. Ұрлық жасау, өтірік айту жоқ. Түрлі деңгейдегі тұтынушылар одағын басқарсам да, бір келі шайды болмаса көйлек, шалбардың ақшасын төлемей, қарызға алуға болмайтын заман еді. Ол кезде жемқорлық, сыбайластық деген атымен жоқ. Тәртіп сондай еді. Ал қазіргі уақытта кадр мәселесі өте жеңіл қаралады», — деген ақсақал әңгіме барысында мұндай олқылықтардың теміржол саласында да кездесетініне қынжылыс білдірді.

Аудандық тұтынушылар одағына басшылық қызметке келгенде ол отызға жетпеген жаста еді. Осы тұста аудандық кеңестің депутаттық мандатын да иеленді. Қоғамдық істерден шет қалмады. Жезқазғанда еңбек еткен жылдарында кәсіподақ ұйымдарына мүшелікке  қабылданды. «Кезінде Темірден 100 шақырым жерде Стоковой деген станса болды. Сол жерден аудандық кеңеске депутат болып сайландым. Стоковойда  гидромелиоративті станса бар еді. Сол станса арқылы Қазақстан аумағына ауа райы таратылатын. Мұнда  Ленинград, Мәскеу қалаларынан келген жас мамандар жұмыс жасады. Стоковойда жиырма шақты үй болды», — деген Қожаназар ақсақал депутат болған шағында осы станса тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін де шешуге күш салған. Стоковойға дүкен ашып, сондағы мамандардың тапсырысы бойынша радиоқабылдағыш, басқа да заттарды дер кезінде жеткізу жағын ыңғайлапты. Бұл тұста ол  жергілікті тұрғындардың тұрмыстық мәселесін де оң шешуге атсалысты. Ауыл арасына қатынайтын қоғамдық көліктің жүрісін реттеу үшін бұл мәселе аудандық кеңесте қаралғаны да бар. Сол кездегі шағын станса қазіргі Алтықарасу, бұрынғы «Октябрь» кеңшарына қараған еді.

 Үш торайдың әлегі

«Теміржолдағы ең қауіпті жағдай — пойыздардың қозғалысы, — дейді кейіпкеріміз. — Бұрын Никельтау стансасында Ресей аумағынан келетін пойыздың машинисі демалатын арнайы орын болды. Пойызды бері қарай Қазақстанның машинистері алып кететін. Сол жерге бер жақтан пойыз келсе, оны ресейлік машинистер әрі алып кетіп жатты. Осы аралықта машинистер үшін демалыс уақыттары белгіленген. Яғни, олар 7-8 сағат тынығуы керек. Ол үшін барлық жағдай жасалады.  Егер оның тамағы дұрыс болмай, қандай да бір қажетті жағдай жасалмай қалса, онда машинистің бірден министрлікке хабарлауына құқысы бар әрі ол жол жүруден бас тарта алады. Сол үшін машинистің қолында арнайы телефон болады. Сол телефонмен Мәскеудегі Көлік министрлігінің бас диспетчеріне хабарлайды. Бір күні мынадай жағдай болды. Түстен кейін маған Мәскеудің бас диспетчері қоңырау шалып: «Сіз Никельтау стансасында пойыздардың тоқтап тұрғанын білесіз бе?», — деді. Мән-жайды бақсам, стансада машинист үшін асхана жабық, моншада ыстық су жоқ екен. Орталықтан хабарласқан бас диспетчер тез арада сонда баруымды талап етті. Демалыс күні болатын. Жүргізушім саяжайына кеткен. Тез арада көлік тауып, стансаға аттандым. Барсам, дәл солай, пойыз машинисіне жағдай жасалмаған. Сөйтіп, дереу машинистің көңілін аулап, пойыздардың қозғалысын ретке келтіргеніміз әлі есімде», — дейді ардагер теміржолшы.

Қандыағаш стансасында пойыз машинисінің тамақтан уланғаны немесе теміржол саласына қарасты қосалқы шаруашылықтағы үш торайдың өліміне қатысты оқиға үшін де  құрылым басшылығы жауап беруге тиіс болатын.  Себепсіз өлген үш торай үшін Мәскеуге көлік министрлігіне түсініктеме беруге шақырылып,  орталықтағы басшылықтың алдында жауап бергені, нәтижесінде екі айлық еңбекақыдан қағылғаны тағы бар. Әрине, мұның барлығын ол сол кезгі жұмыстың — қатаң тәртіп пен бақылаудың  жүргізілгенінің нәтижесі деп түсіндірді.

Отыз жыл табан аудармай теміржол саласында қызмет еткен Қ.Қалниязов 1997 жылы «Құрметті теміржолшы» атанды. Ардагер теміржолшы зейнет жасына жетсе де, ұзақ жыл бұл саладан қол үзген жоқ. Яғни, бүтін бір құрылымның тарихын, өткен-кеткен кезеңдерді еске түсіретін орын —  теміржол саласы Ақтөбе бөлімшесі әкімшілігі жанынан құрылған музейді жасақтауға кірісті. Музей ішін мол жәдігерлермен толықтырған тәжірибелі теміржолшының бұл ісіне жоғарыдағылар риза болып, ондағы бірқатар экспонатты Елордаға сұратқаны да сапалы жұмыстың көрінісі.

Еліміз егемендік алып, халқымыз алақайлап жатқан тұста Қалниязовтар отбасында қайғылы жағдай орын алды. Шаңырақтағы жалғыз ұл Темірбектің қазасын көтере алмаған Рузия ана араға алты жыл салып ол да өмірден өтті. Тағдыр тауқыметін тартқан азаматтың қуанышы мен жұбанышы — қыздары Ақмарал мен Шолпан болды. Екеуі де медицина саласын таңдап, бүгінде білікті маман ретінде танылып жүр.

«Жастар теміржолдың мәнін түсінуі керек. Қандай жағдай болмасын, теміржолсыз шаруа бітпейді. Сондықтан, оның мәні жоғары. Бұл салаға келетін жастардың теміржолдың түпкі негізін түсінгені дұрыс», — деген ардагер теміржолшының кезінде сан мәрте Орталық комитеттен арнайы наградалармен марапатталғанын да айта кеткен жөн.

Мерейтой иесі өмірлік зайыбы Гүлсін апаймен жыл сайын ТМД аумағындағы шипажайларда ем алып, демалады. Әрине, бұл құрметті теміржолшыға көрсетіліп отырған лайықты құрметтің бірі ғана.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button