Тарих

Отар ағаның өркенді жылдары

Халық қоян атаған 1964 жылдың қысы сұмдық жайсыз болды. Күндіз-түні боран соғып, арасында ақшұнақ аяз көтеріліп, қар мол түсіп, жолды жауып тастады. Ол кезде Ойыл ауданының ауылдарында орта мектеп жоқ. Сегізжылдықтан соң, орта білім аламын деген бала ауданның орталығында жалғастыратын. Сол ретпен тоқсан шақырым жердегі Қараой ауылынан да бірталай бала оқитын едік. Қысқы каникул кезінде керуен тартып қатынайтын көліктерге ілесіп, жолда үш күн, үш түн жүріп, ауылымызға біраз азап көріп барып қайтқанбыз.

Енді, міне, тағы да көктемгі каникулға шығып, «С-100» шынжыр табанды тракторына тіркелген шананың үстіне отырып жолға шықтық. Наурыз айының басы, жер «Түске дейін киіз, түс қайта мүйіз». Алыс жолға өзі де шабан жүрісті  трактордың жүрісі мандымай қойды. Әлме-әлі жолсыз далада батпақтап, жүріс өнбейді. Ауданнан шыққаннан жол бойы алпыс шақырым жердегі Сарбиеге дейін ел жоқ. Трактордың тасбақа қозғалысымен екі тәулік күн жүріп, түн жүріп жете алмай келеміз. Жолға алған азық таусылды. Ашпыз. Шөл қысқанда, жолшыбай қақтың суын ішеміз.Трактордың кабинасында бұрын біз көрмеген, қара торы, бүйрек бет, оң қолын жанына жапсырып, шалт қимылдайтын жолбасшымыз келеді. Жартылай жалаңашталған қара жерде шана сүйреп, жолсызбен жүріп келе жатқан тракторшыға ақыл-кеңес береді. Трактордың митың жүрісінен жалығып кеткенде, біз, балалар, жаяу жүріп аламыз. Балалар деймін, олардың бәрі біздей тоғызыншы сыныпта оқымайды. Он, он бірінші сыныпта оқитын соқтауылдай жігіттер, бойжетіп қалған қыздар да бар. Жолбасшы әлгі аға олармен тілдесіп, хал-жағдай сұрайды. Екінші күні-ақ ересек  жастар бұл кісінің №196 Ойыл кәсіптік-техникалық училищесінің директоры Отар Қлипанов екенін білді. Бірақ сапарының мақсатын анықтап біле алмай, сірә, өткен жылы құрылған жаңа оқу орнына жастар тартудың жайымен жүрген болар деп қойған.

Оның жай адам емес екенін, жол азабын бірге тартып, ауылға жеткесін, екі күннен кейін білдік. Бақсақ, ол біздің «Жетікөл»  кеңшарына директор болып тағайындалған екен. Аулымыз абыройлы емес еді. Сол жылғы қыстан 29 мың қойы қырылып, жұтап қалған. Малдан айырылғасын, негізгі кәсібі мал өсіретін шаруашылықта не күй болады? Төрт фермадан тұратын (ол кезде кейін өз алдына «Жекенді» кеңшары болған Сарбие  ауылы да бірге еді) үлкен шаруашылық тұралап, болашағы бұлыңғыр болып тұрған. Жаңа басшы кеңшардың екі тізгін, бір шылбырын осындай жағдайда қолға алды. Ол кезде нағыз сыннан өткен кадрларды, шаруашылықтың шын шеберлерін артта қалған ұжымшарларға жіберетін үрдіс бар еді. Қырыққа енді аяқ салған бұл азамат та, Ұлы Отан соғысына қатысып, жаралы болып, өзінің туған ауылы атақты тарышы Шығанақ Берсиев жеріне оралғасын, әр салада қызмет істеп,  ұжымшар басқарып, партия-кеңес қызметінде ысылып, мол тәжірибе жинақтаған екен. Десе де, тап арада алты жыл өткенде, қоян жылы құрығын ұстап қалған «Жетікөл» кеңшары сегізінші бесжылдықтың қорытындысымен Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталар деген ой ешкімде болмаған еді. Тәжірибелі басшының тынымсыз еңбегі, ізденісі, халықты мақсатты бағытқа ұйыстыра білу шеберлігі соған жеткізді. Қысқа мерізімде кеңшар мыңғыртып төрт түлік мал өсіретін, жартылай шөл, шөлейт ұлан-ғайыр алқапта егіс салатын, ауылдарында әсем құрылыстарымен үлгі шаруашылыққа айналды, Одақтың озат шаруашылықтарының қатарына қосылды.

1971 жылдың қысында шаруашылықтың сегізінші бесжылдықтың қорытындысымен жеңіп алған марапттарын тапсыру үшін сол бір жылғы қары қалың қыста, қаңтардың бұлыңғыр бір күнінде түпкірдегі Қараой ауылына облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Журиннің, облыстық атқару комитетінің төрағасы Сағидолла Құбашевтың арнайы ұшақпен ұшып келгеніне осы жолдардың авторы куә болған еді.  Сондағы жоғарыдағы облыс басшыларының, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Байсалбай  Жолмырзаевтың, басқа да сол тұстағы облыстағы, аудандағы белді, беделді азаматтардың Отар Қлипановтың басшылық қасиеттері, шеберліктері хақындағы  айтқан сөздері күні бүгінге дейін құлағымда тұр. Сол тұста жетікөлдіктердің табыстары туралы одақтық, республикалық басылымдар жарыса жазып, арнайы телехабарлар көрсетілді. Ұжымшар басшысы, ауыл еңбеккерлерінің үлкен тобы мемлекеттік жоғары марапаттарға ие болды.

Осыдан бастап ұжымшар басшысы да, ол басқарған шаруашылық та абырой биігінен түскен емес. Отекең табан аудармай 22 жыл басшы болған жылдарда шаруашылықтың даңқы асқақтап тұрды.

Ширек ғасырға жуық бір жерде жұмыс істеген басшы үш ұрпақпен жұмыстас болады екен. Көпшіліктің сүйікті басшысы болған аға-атамен, әкемен, баламен тіл табысып, шаруа жүргізді. Мұның талай мысалын мен осы ауылдың перзенті болғасын білемін. Соның біреуін ғана айтайын, Отекеңнің кезінде Есқайыр деген атамыз мал бақты, одан кейін оның ұлы Ғауын Масабаев, екі бірдей «Даңқ» орденін алып, трактор жүргізді, ал Ғауынның ұлы Асқар комбайн штурвалына отырып, астық орды.

Осы жерден зейнеткерлікке шыққан Отекеңді жоғары басшылар үй беріп, қызмет ұсынып, аудан орталығына зорлап көшіргендей болды. Өйткені ол өзінің осынша жыл қызмет істеген жылдарында елмен мидай араласып, тек басшы емес, ауылдың сыйлы, құрметті азаматына айналған еді. Үнемі ерінің қас пен қабағына, тынымсыз шаруашылық басқарудағы тірлігіне бағындырылған зайыбы Шайзада апайдың отбасындағы үлгісінің өзі ерекше мектеп еді. Інісі Аманқос үнемі жанында болып, ауылдың ауруханасында дәрігерлік қызмет атқаратын. Балалары Аманжол, Берік, келіндері елмен бірдей жұмыс істейтін. Жалпы, бір сөзбен айтқанда, басшының  көпшіліктен  бөлінбеген қарапайым тірлігі — ауылдастарын шын сүйсіндіретін, жақындастыра түсетін-ді.

Отар аға аудан орталығына қоныс аударғаннан соң да, қоғамдық жұмыстан қол үзген жоқ. 1998 жылы дүниеден өткенге дейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Үлкен салтанатты жиындарда еліне елеулі, халқына қалаулы болған ағаның омырауында Ленин, Октябрь революциясы, бірінші дәрежелі «Отан соғысы», Еңбек Қызыл Ту, екі бірдей «Құрмет белгісі» ордендері және көптеген медальдары жарқырап, жарасып тұратын. Сондай қадірлі ағаның арамыздан кеткеніне де биыл  20 жыл толыпты. Осы жақын күндерде Ойыл халқы, өзі ширек ғасырға жуық басқарған Қараой ауылының тұрғындары, марқұмның отбасы, тума-туыстары еске алу шарасын ұйымдастырғалы отыр. Ол жиындарда даңқты тұлғаның келбеті ашыла түспек.

Отекең аға туралы замандастарының пікірлері ерекше, әр кезде де ұнамды.

— 1952 жылдың наурызынан 1955 жылдың қазан айына дейін аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Ол бұл қызметке аудандық қаржы бөлімінің бастығынан келді. Сол тұста ауданның басшысы Нұрқасым Бердіқұлов еді. Аудан көлемінде, ол кез үшін тың іс — жаппай бөгет салу қолға алынып жатқан-ды. Әлі есімде, біз тұратын Сарбие ауылында Жекенді бөгеті салынды. Сонда Отар Қлипанов Жекенді бөгеті құрылысын салу жөніндегі штабтың бастығы болды. Ауылда қонақүй жоқ, шешемнің інісі ретінде біздің үйде жатты. Сол аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жүргенде, отызмыңыншылар қозғалысына қосылып, Құмсай ауылына, КСРО 30 жылдығы ұжымшарына төраға болып кетті. Сөйтіп жүргенде ірілендіру мәселесімен байланысты, бұл ұжымшар қысқарып, шаруашылықта ысылған, тәжірибелі басшы ауданның өзге жауапты салаларына қызметке ауыстырылды. Оның бір ерекшелігі, «Жетікөл» кеңшарында директор болып жүргенде, Бүкілодақтық Орталық кәсіподақтар кеңесінің Мәскеуде өткен съезіне делегат болып сайланды. Сонда ұжымшардың орталығы Қараойға «Қарлығаш» кинотеатрын салу мәселесін шешті. Осы үлкен құрылыс кәсіподақтардың көмек қарызы есебінен салынды. Әйтпесе ол кезде ауылдық жерде мұндай кинотеатрлар, мәдениет үйлерін салуға мүмкіншілік жоқ болатын. Жетікөлдіктер сол құрылыстың бүгінгі күнге дейін игілігін көріп отыр, — дейді Ойыл ауданының басшылығында ұзақ жылдар қызмет  атқарған, есімі көпшілікке белгілі ардагер аға Өтеміс Әкімов.

Одақта, республикада өткен талай алқалы жиынды көрген, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған, шаруашылық ісін ұйымдастырудың шебері, еліміздің өркендеуіне өзінің өрнегін салған Отекеңнің тұлғасы жылдар өткен сайын айбынданып көріне бермек.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button