Мәдениет

Бейбіт елдің алтын арқауы — Ата Заң

Конституция күні қарсаңында С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Алтын арқау — Ата Заң» атты шығармашылық байқау өтті.

Байқауға 8-13 және 14-20 жас аралығындағы өлең сүйер оқырмандар қатысты. Сайыс танымал ақындардың өлеңдерін немесе фольклорлық дастандардан үзінді келтіру, сондай-ақ Ақтөбе өңірінен шыққан ақын-жазушылардың шығармаларын оқу бойынша екі кезеңге бөлінді.

Шараға «Патриот», «Бүркіт» патриоттық клубтары мен «Шапағат» қайырымдылық қорының мүшелері қатысып, мәнерлеп өлең оқыды.

— Бүгінгі шараның негізгі мақсаты — жас ұрпақты өз елінің Ата Заңын, рәміздерін білуге насихаттау және оны құрметтеуге шақыру.

Жалпы, мектеп оқушыларына өз өңірімізден шыққан ақын-жазушыларымызды барынша көбірек насихаттауымыз керек. Осындай шаралардан келген көрермен де, сайысқа қатысушылар да жергілікті ақындардың шығармашылығымен таныса алады. Мұндай рухани патриоттық негіздегі байқаулар алдағы уақытта да жалғасын табады, — дейді С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлжайнар Қалдина.

Сайысқа түскен 13 қатысушының арасында қазақ ақындарының орыс тіліне аударылған шығармаларын оқыған орыс мектебінің оқушылары да  болды.

Байқау барысында сөз алған Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Еркін Құрманбек жиналғандарды мерекемен құттықтап, қатысушыларға өз ризашылығын білдірді.

Шара соңында байқау жүлдегерлеріне дипломдар мен түрлі сыйлықтар табыс етілді.

Баян МЫРЗАҒАЛИ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button