Жаңалықтар

Бердібек САПАРБАЕВ: Астана ауданының атына заты сай болуы керек

Ақтөбе қаласының Астана ауданына қарасты Құрашасай, Думан, Парасат секілді бірқатар елді мекендеріне инженерлік коммуникация желілері толықтай жүргізілмеген. Сол сияқты, Жаңақоныс ауылындағы «В» кварталы мен  «Бірлік» тұрғын үй массивіне барар жолға асфальт жамылғысы төселмегендіктен, қоғамдық көлік мәселесі әлі күнге шешімін таппай тұр. Мұндай мәселелер кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Астана ауданы әкімдігінде өткен жиында айтылды.  

Астана ауданы әкімдігінде облыс әкімінің қатысуымен алғаш рет өткізілген жиынның күн тәртібінде өткен кезеңде атқарылған жұмыстар және 2018 жылға арналған міндеттер туралы мәселелер қарастырылды. Жиынға қалалық мекемелер мен бөлімдердің басшылары, коммуналдық кәсіпорын өкілдері қатысты.

Астана ауданы — Ақтөбе қаласының орталығы. Бұл жерде дамып келе жатқан шағын аудандар бар. Ең негізгісі — аудан Астана атымен аталады. Сондықтан бұл ауданның заты Астана атына сәйкес келуі керек. Біз Қазақстанда бірінші болып облыс орталығында Астана ауданын аштық. Сол себепті Астана ауданы барлық жағынан, яғни экономикасы, әлеуметтік мәселелер, оның ішінде ауданның тазалығы, көгалдандыру,  жарықтандыру, безендіру ісінде алдыңғы қатарлы аудандардың бірі болуы керек, — деді Бердібек Сапарбаев.

Астана ауданы халқының саны 270 мыңға жуықтапты. Бүгінгі күні аталған аудан территориясында «Астана» саябағының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл — облыс орталығындағы осымен 49-саябақ. Бердібек Машбекұлы аталған саябақ Ақтөбе ажарын айшықтай түсетінін әрі қалалықтардың тыныстайтын демалыс орнына айналатынына сенім білдірді. «Астана» саябағы биыл қыркүйектің аяғы, болмаса қазан айының басында ашылмақ.

Барлық іс аудан басшылығына тікелей байланысты. Аудан басшысы күндіз-түні жұмыс жасауы керек. Ең бастысы — аудан әкімі санитарлық тазалық пен көркейту, көгалдандыру, жарықтандыру сынды өзге мәселелерге айрықша мән беруі керек. Оның үстіне, негізгі ғимараттар осы ауданда орналасқан. Негізгі әдемі үйлер де, негізінен ауқатты адамдар да осы жерде тұрады. Сондықтан олармен де бірлесіп жұмыс жүргізілуі керек, — деді облыс әкімі.

Жиында Астана ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақұзақ Дарин бұған дейін атқарылған жұмыстар турасында баяндады.

Астана ауданының жалпы көлемі — 0,9 мың шаршы шақырым.

Әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштерге сәйкес, аудан халқының саны — 262 200 адам. Оның ішінде экономикалық белсенді тұрғындар саны — 117 947 адам. Аудан аумағында 1052 көппәтерлі үй бар. Сол үйлерге  96 жеке пәтер иелері кооперативтері және 372 кондоминиум қызмет көрсетеді, — деген Б.Дарин ауданның санитарлық жағдайына, көше жолдарына жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына да тоқталды.

Аудан көлемінде кәсіпкерлік саласын дамыту, жұмыссыздармен күрес, халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу жайы да сөз болды. Ауыл шаруашылығын дамыту, егін жинау, мал азығын дайындау бағытындағы жұмыстар айтылды. Б.Дарин облыс әкіміне екі өзекті мәселені айтты. Оның бірі — ауданға қарасты Құрашасай, Жанақоңыс — 2,3,4,  Бауырластар — 1,3, Думан, Парасат елді мекендеріне көлік жолдарын салып,  инженерлік коммуникацияларды толықтай жүргізу. Сол сияқты, Жаңақоңыс аулындағы «В» кварталы мен «Бірлік» тұрғын үй массивіне жол салу ісін көтерді. Егер аталған елді мекендерге жол тартылса, жергілікті тұрғындар үшін қоғамдық көлік мәселесі де шешілмек.

Жиын барысында облыс әкімі Астана ауданының экономикалық көрсеткіштеріне айрықша мән беру керектігін айтты. Сол сияқты ол осыдан екі ай бұрын аталған аудандағы қоқыс мәселесіне қатысты тапсырманың оң шешім таппағанын сынға алды. Қаланың Әбілқайыр хан даңғылы сынды негізгі аумақтарында үйілген қоқыстар әлі тұр. Мұның барлығы жиын барысында үлкен экраннан көрсетілді. Жарнама тақтайшаларын реттеу, қоғамдық көліктердегі жүргізушілер тәртібі де жиын барысында айтылған өзекті мәселелердің бірі болды. «Автопарк» мекемесінің өкілі жүргізушілер тәртібіне байланысты шара қолданылып жатқанын айтқанмен, қоғамдық көліктер үшін жүргізушілердің жетіспейтінін, мамандардың тапшылығын айтты. Бердібек Машбекұлы жолаушылар тасымалдау ісімен айналысатын кәсіпорын өкілдеріне қоғамдық көлік қызметін тезірек электронды төлем жүйесіне енгізу керектігін ескертті. Бұл орайда Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қоғамдық көлік қызметіне электронды төлем жүйесін енгізуді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тиімді шешу жолдары қарастырылып жатқанын баяндады.

Жиын соңында Бердібек Машбекұлы жиналғандарға Астана ауданының жаңа әкімі болып тағайындалған Бағжан Тілегеновті және оның орынбасары Сейітмағамбет Шілмановті таныстырды. Лауазым иелерінің жұмысына сәттілік тілеп, нақты тапсырмалар жүктеді.

Арайлым НҰРБАЕВА.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button