Жаңалықтар

Облыс орталығының көріктендірілу барысымен танысты

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласын аралап шығып, облыс орталығының көріктендірілуі  мен бірқатар көлік жобаларының жүзеге асу барысымен танысты.

Атап айтқанда, облыс әкімі «Керуен Сити» сауда, ойын-сауық кешені аумағындағы көпір құрылысын барып көрді, екі айналма жол мен жарықтандырылатын жерасты жолын қамтитын «Тургенев көшесінен Жұбанова көшесіне дейінгі аралықта ұзартуды қайта қалпына келтіру» жобасының жүзеге асырылу барысымен танысып, тиісті нұсқаулар берді.

Бұған дейін Тургенев көшесі мен Молдағұлова даңғылы түйісіп, көпірге көтерілер тұстағы сапырылыс  автокөлік жүргізушілері үшін біршама қиындық туғызып келгені мәлім. Енді аталған инфрақұрылымдық жоба Тургенев көшесіндегі көлік ағынын айналма жол арқылы жерасты жолына түсіріп, сол арқылы көпірдің аржағындағы жолға шыға қоюына мүмкіндік жасайды. Сондай-ақ Тургенев көшесін Молдағұлова даңғылы мен Жұбанова көшесіне жалғайды. Осылайша жаңа көлік сызбасы шаһарымыздың орталық көшелеріндегі көлік қозғалысын әлдеқайда жеңілдетеді.

Облыс әкімі Тургенев көшесінің көріктендірілу барысымен де танысты. Бұнда гүлзар пайдалануға берілген болатын. Тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған: жарықпен қамтамасыз етілген жаяу жүргіншілер жолы пайда болып, орындықтар мен қоқыс тастайтын жәшіктер орнатылған. Жақын арада көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, шағын архитектуралық құрылымдар бой көтермек.

«Туған жерге тағзым», «Бақытты бала» жобаларының аясында гүлзар аумағында демеушілердің қаржысы есебінен стритбол, воркаут, және балалар ойын алаңы орнатылғанын да айта кеткен жөн.

Облыс әкімі қалалықтардың демалуы үшін саябақ аймақтарын бірлесіп көріктендіріп, энергия үнемдейтін технологияны пайдалана отырып, көше жолдарының қалтарыс тұстарын жарықтандыратын қондырғыларды орнату қажеттігін ескертті.

Облыс әкімі сондай-ақ Абай көшесіндегі жаңғыртылған аллея мен «Астана» саябағының құрылысымен танысты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button