Спорт

Смақов жасыл алаңмен қоштасты

Футбол

Жексенбі күні Ақтөбе қаласындағы Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда «Ақтөбенің» ардагерлері мен «Смақовтың достары» командалары футболдан жолдастық кездесу өткізді. Онда облыс әкімі еліміздегі үздік футболшылардың біріне көліктің кілтін табыс етті.   

Еліміздегі белгілі футболшылардың бірі, «Ақтөбе» клубының капитаны Самат Смақовтың ойындағы мансабының аяқталуына арналған кездесу ақтөбелік жанкүйерлердің ерекше қызығушылығын тудырды. Алаңға Қазақстанның және шетелдердің атақты футболшылары жиналды: Эмиль Кенжисариев, Андрей Сидельников, Андрей Богомолов, Марат Хайруллин, Жасур Нәрзіқұлов, Александр Митрофанов, Андрей Лаврик, Қайрат Әшірбеков және тағы басқалар.

Бұған дейін Ақтөбеге футбол әлемінің жұлдыздары келмеген. Олардың дені — екі, үш, төрт дүркін Қазақстанның чемпиондары. Ал мерекелік шараның кейіпкері — Қазақстанның алты дүркін чемпионы, Қазақстан Кубогының екі дүркін, Қазақстан Суперкубогының екі дүркін иегері, еліміздің төрт рет үздік футболшысы атанған, №8 иесі — Самат Смақов.

Кездесуге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин және Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының президенті Олжас Абраев қатысты.

  • Бүгін біздің қаламызда үлкен спорт мерекесі өтіп жатыр. Самат Смақов футболда толағай табыстарға қол жеткізді. Бізге атағы жер жарған әйгілі футболшылар — Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Түрікменстанның чемпиондары келді. Саматтың арқасында көптеген елдер Ақтөбе, Семей, Алматы, Павлодар, Шымкент сияқты қалалардың бар екенін білді. Самат ақтөбелік футболдың дамуына зор үлес қосты. Оның бастамасымен балаларға арналған футбол академиясы ашылды. Саматқа өзінің соңғы ойынын Ақтөбеде өткізгені үшін алғыс айтамын. Самат Смақовқа біздің клубтың бас директоры ретіндегі қызметіне табыстар тілейміз, — деген облыс басшысы Бердібек Сапарбаев оған облыс басшылығы атынан «Шкода» автокөлігінің кілтін табыстады.

Кездесуге санаулы минуттар қалғанда тілшіміз команда ойыншылармен тілдескен болатын.

Бүгінгі ойынға көп достарымның келгеніне ризамын. Олардан төрт команда шығаруға болады. Шынымды айтсам, қатты толқып тұрмын. Бәрі ойдағыдай өтеді деп ойлаймын. Ең бастысы, жанкүйерлерге ойынымыз ұнаса болғаны. Алаңда нағыз футбол ойыны болады, ешқандай тең түсу деген жоқ! Бүгінгі кездесу менің кәсіпқой футболшы ретіндегі мансабымның аяқталуына арналып отыр, бірақ мен үлкен футболмен қоштаспаймын, себебі ол — менің өмірім, — деді Самат Смақов.

Айта кету керек, ойында Самат Смақов бірінші таймда «Ақтөбенің» ардагерлері» командасында ойнаса, екінші таймда «Смақовтың достары» командасында ойнады. Екінші тайм кезінде ол өз қарсыластарына гол соқты.

Ең қызығы, «Смақовтың достары» командасының қақпасына Самат Астанадан «Спарта Номад» көңілді тапқыштар клубының (КВН) капитаны Данияр Жұмәділовті шақырған. Ол футбол әлеміне қалай келген?

Мен бала кезімде Самат Смақовтың ойнағанын тамашалауды жақсы көретінмін. Содан өзім футболмен айналыстым және оған алаңда доп бердім. Осыдан бес жыл бұрын, ол «Ақтөбе» футбол клубында ойнағанда, біз кездестік. Сөйтсем, мен оның сүйікті КВН-ойыншысы екенмін. Қазір біз екеуміз доспыз. Самат маған осы жерде, Ақтөбеде, ойнауға ұсыныс жасады. Осылайша, мен «Смақовтың достары» командасының құрамындамын, — деді Данияр.

Кездесу 6:5 есебімен «Ақтөбенің» ардагерлері» командасының пайдасына шешілді. Айтпақшы, бір голды Самат Смақовтың ұлы Аламгир соқты. Ол әкесінің орнына алмасып, кездесу соңында ойынға шықты. Ол — 2008 жылы туған ойыншылар арасындағы «Қайрат» балалар командасының капитаны.

«Ақтөбе» футбол клубының жетістікке жетуіне, облыста футболдың дамуына зор үлес қосқаны үшін, сондай-ақ Еуропа бойынша Қазақстанның футбол клубының мерейін көтергені үшін оның клуб ойыны мен жаттығудағы формасынан №8 белгісін қолданыстан шығару және оны өмір бойына Самат Смақовқа бекіту туралы шешім қабылданды. Айтпақшы, алаңда барлық ойыншы осы нөмір және «Смақов» деп жазылған футболкамен ойнады.

Ойын соңында Самат Смақов барлық жанкүйерлерге алғысын білдіріп, алаңмен жүріп өтті.

 Владимир БУРЬЯНОВ.       

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button