Жаңалықтар

Ауаны ластаушы заттар қалдығы 6 пайызға жуық азайды

Үстіміздегі жылдың алты айының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында атмосфераны ластайтын заттар қалдықтарының нақты тасталуы 88 мың тоннадан астам мөлшерге немесе 5,9 пайызға азайды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында облыстық экология департаментінің жетекшісі Жақсығали Иманқұлов өзі басқаратын ведомствоның қызметі туралы баяндағанда осыны мәлім етті.

Ж.Иманқұловтың айтуынша биылғы жылы ірі кәсіпорындардың табиғатТЫ қорғау іс-шаралары жоспарларына өзгешеліктер енгізуі ауаны ластайтын заттардың көлемін азайтуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ алау болып жанатын ілеспе мұнай газының көлемі де қысқарды. Атап айтқанда, газ өндірудің көлемі артуына қарамастан, биылғы жылғы қаңтар мен маусым аралығында ауада жанған газдың көлемі 66,31 миллион текше метрге азайған. Бұған газды электр энергиясына айналдыруға негізделген технологияны ендіру мен пайдаланылмаған газды жер қабатына қайта айдау да ықпал етіп отыр.

Сондай-ақ қоршаған ортаға әсер ететін экологиялық салмақты жеңілдету мақсатында өңіріміздегі өнеркәсіптік кәсіпорындар 5,5 миллиард теңге көлеміндегі қаржыға 270-тен астам табиғат қорғау іс-шараларын жүзеге асырды. Бұлардың басым бөлігі өндірісті, соның ішінде тазалаушы жүйелерді жаңғырТуға байланысты іске асып отыр.

Ақтөбедегі сасық ауа көздерін жоюға ерекше назар аударылады. Бұл мақсатта канализациялық тазалау ұңғымаларынан шығатын жағымсыз иісті жоюға байланысты бірқатар істер атқарылды, су қалдықтары жиналатын үш жаңа станса ашылды, қалалық сумен айдау жүйесінде ағын суды күкіртті сутектен тазартатын арнаулы «ИВКАЗ» препаратын қолдану басталды.

Жақсығали Иманқұлов жағымсыз ауаның негізгі көздері спирт өндірушілердің далалық алқаптарға тастаған үйінді қалдықтарының буға айналуы екенін айтып өтті. Бұл ретте бұл алқаптарда сүт қышқылды бактерияларды пайдалану тәжірибесі оңды нәтиже беріп отыр. Атап айтқанда, осы бактерия пайдаланылған эксперименттік учаскелерде күкіртті сутек құрамы 11 есеге (13,6 мг/дм3-тен 1,19 мг/дм3-ке дейін) және аммоний азоты 4,4 есеге (403,1 мг/дм3-тен 90 мг/дм3-ке дейін) азайған.

Баяндаманы тыңдап шыққан соң облыс әкімі Ақтөбенің атмосфералық ауасының сапасын жақсарту жөніндегі жұмыстарды бұдан әрі де қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

— Басты міндет — үйінділердің иісінен құтылу. Сондай-ақ ауаны ластаушы кәсіпорындардың барлығында да қажетті тазарту құрылғалары болуы тиіс. Тәртіп бұзғандардан қатаң сұралатын болады, — деп атап көрсетті жиынды қорытындылаған облыс әкімі.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button