Білім

120 бала мектеп табалдырығын аттады

Білім күні Ақтөбе қаласының әкімі І.Испанов қаладағы №1 орта мектептің алғашқы қоңырау салтанатына қатысып, жаңа оқу жылымен құттықтады.

1985 жылы салынған мектепте қазір 1100 оқушы білім алып жатыр. Мектеп директоры Жездігүл Мұханованың айтуынша, өткен оқу жылында 55 түлектің 27-сі мемлекеттік грантқа оқуға түскен. Мектептегі 76 педагогтың 46 пайызы жоғары категориялы мұғалімдер.

Биыл 120 бала 1-сыныпқа қабылданды. Білім ордасы жаңа технологиялармен жабдықталған. Соңғы екі жылдан бері оқушылар химия және биология пәндерін ағылшын тілінде оқып жатыр.

Алғашқы қоңырау салтанатына қатысқан қала басшысы Ілияс Испанов пен Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Айсұлу Жақсыбаева оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады.

 Білімді ұрпақ — Тәуелсіз Қазақстанның тірегі. Елбасы өзінің биылғы Жолдауында дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену жолындағы негізгі міндеттерді белгіледі. Оның ішінде әсіресе жастарға көрсетіліп жатқан көмек пен мүмкіндіктерді, өзге мемлекеттермен тең дәрежеде даму үшін үштілділікті енгізуді атап өтті. Жастар дүниежүзінің ең мықты жоғары оқу орындарында оқып, еліміздің одан әрі дамуына өз үлестерін қосуы керек.

Биыл қала бойынша 9 мың 43 бала жаңа оқу жылына қабылданды. Бүгін шаһарда 4 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 2 мектепті іске қосу жоспарланып отыр. Жаңа оқу жылы жемісті болсын! — деді қала әкімі.

Салтанатты шара барысында мектеп оқушылары ән айтып, би биледі. Алғашқы қоңырау соғылып, арман шарлары ұшырылды.

Жиыннан соң қала басшысы мектепті аралап, жаңа оқу жылына дайындығымен танысып шықты.

Мектепте адам басына қарай қаржыландырудың пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Биыл мамыр айында «СамұрықҚазына», «Дара» әлеуметтік жобаларды дамыту қорларының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған инклюзивті білім беру бағытында ресурстық орталық ашылған. Қазір мұнда 18 бала тәрбиеленіп жатыр. Аталған орталықта ата-аналар кеңес алып, балаларының білімін жетілдіріп, ой-өрісін дамытуға мүмкіндік алады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button