Басты жаңалықтарМереке

Мереке кеңінен тойланды

Қазақстан Республикасының Конституциясы күнін ақтөбеліктер биыл да ерекше атап өтті. Ата Заң мәртебесін ұлықтауға арналған мерекелік шаралар легі ертеңгілік Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта басталды.

Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Егемендігім — елдігім» атты мерекелік бағдарламада Ақтөбе жұрты дарынды ұл-қыздардың өнеріне тәнті болды. «Бақытты бала» жылы, Астана қаласының 20 жылдығына орай хореграфиялық және композициялық қойылымдар ұсынылып, патриоттық әндер шырқалды. Балалар бейбіт аспан астында асфальтқа сурет салды.

Айта кету керек, бұл күні осындай мерекелік шаралар облыс орталығындағы ірі сауда орталықтары мен Мәдениет үйлерінде де кең көлемде тойланды.

Кешқұрым Орталық саябақта Конституция күніне арналған спорттың күштік түрінен «G-STRONG POWER FEST» IV республикалық ашық фестивалі өтті.

Ақтөбе қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің ұйымдастырумен өткен шараға еліміздің Атырау, Ақтау, Орал өңірлерінен сондай-ақ Ресей, Украина мемлекеттерінен келген 250-ге жуық спортшы қатысты.

Фестивальді саябақ алаңына жиналған көрермендермен бірге, облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев пен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов тамашалады.

Қатысушылар гір спорты, армлифтинг, армрестлинг, мас-рестлинг, кеудені жерден көтеру, күштік воркаут, стронгмен сынды барлығы спорттың 8 ауыр түрі бойынша бақ сынасты.

Шараның ашылу салтанатында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов сөз сөйлеп, мерекемен құттықтады.

—  Еліміздің басты төлқұжаты Ата Заңымызға биыл — 23 жыл. Еліміздің дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін, азаматтардың құқығын қорғайтын Конституциямыздың тарихи ролі ерекше.

Бүгінгі шара — бұқаралық спорттың дамып келе жатқандығының бір көрінісі. Дені сау халық, еліміздің одан әрі өркендеуіне, дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуіне септігін тигізеді. Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін, — деді.  

Бұдан соң қала басшысы баскетболдан жоғарғы лига чемпионатында үздік ойыншы атанған «Ақтөбе» баскетбол клубының капитаны Сергей Борматенкоға 200 мың теңгелік сыйақы табыстады. Айта кетейік, шара барысында баскетболдан Қазақстан құрамасына ақтөбелік 4 спортшы енгені белгілі болды.

Сонымен қатар фестивальда спорт саласының дамуына өз үлесін қосып жүрген бір топ азамат марапатталды. Олардың қатарында street workout спорт түрі бойынша Қазақстан Республикасының бас бапкері Айтым Жақыпов, пауэрлифтинг пен волейболдан спорт шебері, күш қолданылатын спорт түрлерінен 4 дүркін рекордсмен Сергей Цырульников, гір спортынан Ресей Федерациясының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бірнеше дүркін Ресей, Еуропа және әлем чемпионы Иван Денисов, сондай-ақ кеудені жерден көтеруден рекордтар кітабына енген ақтөбелік 9 жастағы спортшы Мұса Тұрғымбаевтар бар.

Жарысқа қонақ ретінде келген street workout спорт түрі бойынша ҚР-ның бас бапкері Айтым Жақыпов бұл спорт түрінің жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

— Ақтөбе қаласында street workout спорты өзінің қолжетімділігінің арқасында жастар арасында ерекше қызығушылыққа ие. Қазақстан тұңғыш рет аталған спорт түрінен әлем чемпионатын өткізіп, оған дүниежүзінің 70 елінен спортшылар қатысты.

Бүгінгі жарыстың жеңімпаздары республикалық чемпионатқа қатысуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ жеңімпаз спортшылардың ауласына workout спорт түрімен айналысу үшін тегін спорттық құрылымдар орнатылады. Қазақстан чемпионаты былтыр Павлодар қаласында өтсе, биыл Ақтөбеде ұйымдастыру жоспарланып отыр.  Сондықтан ақтөбелік спортшылардың жақсы нәтиже көрсетуге мүмкіндіктері бар, — дейді ол.

Шара барысында көрермендер кәсіби спортшылардың жаңа рекордтық көрсеткіштеріне куә болды. Атап айтсақ, Иван Денисов 11 минуттың ішінде 100 келілік зілтемірді 200 рет көтерді. Сергей Цырульников 4 минут 50 секудта қатты резеңкелік жылытқының (грелка) 20-сын үрлеп жарудан жаңа рекорд орнатты. Ал ақтөбелік жас спортшы Мұса Тұрғымбаев 1013 рет кеудесін жерден көтеріп, жұртшылықты таңғалдырды.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталып, ақшалай сыйлықтар табысталды.

Конституция күніне арналған мерекелік шара Орталық саябақтағы тутұғырдың маңында жалғасты.

Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев Конституция құрдастарына естелік сыйлықтар табыстап, 5 ақтөбелік жасқа азаматтық құжат тапсырды.

Баршаңызды облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың атынан бүгінгі Конституция күнімен құттықтаймын.

Ата Заң — бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі. 23 жыл бұрын референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданған болатын. Бүгінгі күні еліміз өзге мемлекеттермен тең дәрежеде дамып, өркендеп келеді. Мұның барлығы Ата заңымыздың арқасы.

Біздің облыста бүгінгі мерекеге орай мыңға жуық іс-шара өткізілді. Сонымен қатар қалада 25 нысан ашылып, пайдалануға берілді. 90 ақтөбелік тұрғын  баспанаға ие болып, өз қоныстарын тойлап жатыр. Кеше ғана Астана қаласында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің ашылу салтанаты өтті. Ақтөбеліктердің Астана қаласының 20 жылдығына арнаған бұл тартуы елордалық қонақтар үшін туристік орталыққа айналары сөзсіз. Мұның барлығы еліміздің қарқынды дамуының нәтижесі деп білеміз, — деді облыс әкімінің орынбасары өзінің құттықтау сөзінде.

Салтанатты жиын соңы қаладағы өнер ұжымдарының әзірлеген концерттік бағдарламасына ұласты.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button