БілімБасты жаңалықтар

Әлкей Марғұлан мен Фариза Оңғарсынова атындағы оқу ордалары ашылды

Кеше Білім күні қарсаңында Ақтөбе қаласының Сүт зауыты ауданында және Ясный-2 елді мекенінде жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қос білім ордасының ашылу салтанатына облыстық  мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты.

Әлкей Марғұлан атындағы №71 орта мектептің ашылу салтанатында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов жиналғандарды жаңа оқу жылының басталуымен және жаңа білім ордасының ашылуымен құттықтады.

Міне, бүгін, қаламызда тағы да бір жаңа мектеп балалардың алдында есігін айқара ашып отыр. Өздеріңізге белгілі, Елбасымыз халықты ағарту, ұрпаққа сапалы білім беру үшін өңірлерге тапсырма берген болатын. Осы мақсатта облысымыз Елбасы тапсырмасын жоғары деңгейде орындап, бүгінде қаламызда алтыншы мектепті іске қосып отырмыз. Кеше ғана Конституция күнінде екі мектеп ашылған болса, бүгін, тағы екі мектеп пайдалануға беріліп отыр. Биылғы жылы Ақтөбе қаласында 6 жаңа мектеп және лагерь жанынан тағы бір мектеп ашылмақ. Оған қоса қаланың ортасында орналасқан үш ауысымдық мектептердің санын азайту үшін 4 мектептің жанынан қосымша ғимараттар салынып жатыр. Олар да жоспар бойынша жуырда іске қосылады.

Қазіргі таңда қала бойынша тұрғындар санының көбеюіне байланысты оқушылар саны да артып отыр. Былтырғы жылы 69 мың бала оқыған болса, биыл Білім күніне орай 75 мың оқушы тіркеліп отыр. Бұл көрсеткіш жаңадан ашылып жатқан мектептерде де байқалады. Бір ауысымда 600 баланы, екі ауысымда 1200 оқушыны қамтитын мектепке қазір 950 бала тіркеліп отыр. Бұл біздің қаламыздың өсуін, халық санының артуын, мемлекетіміздің дамуының көрсеткіші деп ойлаймын.

Бүгінгі салтанатты шарада барлық ұстаздар қауымы мен оқушыларды жаңа мектептің ашылуымен құттықтаймын! Мерекелеріңіз құтты болсын! Еңбекте табысты, оқуда озат болыңыздар! — деді қала әкімі.

Құттықтау сөзінен кейін Ілияс Испанов Ақтөбе қаласындағы №16, №50, №66 орта мектептің, сондай-ақ Пригород орта мектебі мен Сазды орта мектебінің директорларына  мектеп оқушыларын тасымалдайтын жаңа автобустардың кілтін табыстады.

Айта кету керек, биылғы жылы Ақтөбе қаласының әкімдігі балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында қаладағы 10 мектептің оқушыларын тасымалдайтын автобустарды жалға алуға 32 млн 295 мың теңге қаржы бөлген болатын.

Салтанатты жиында мектеп құрылысын жүргізген «Норис и К» ЖШС директоры Ербол Жаржанов №71 орта мектеп директорының міндетін атқарушы Нұргүл Байниязоваға білім кілтін табыстап, еңбек ардагерлері Марат Қабижанұлы мен Шайзада Ахметова жаңа мектептің лентасын қиды.

Бұдан кейін қала әкімі бастаған топ мектеп ғимаратын аралап, оқушылармен тілдесті.

Айта кету керек, үш қабатты ғимараттың жалпы аумағы — 11 мың шаршы метр. Мектеп ғимараты үш блоктан тұрады, онда кітапхана, акт залы, спорт залы, асхана, медпункт, шеберханалар мен 36 оқу кабинеті бар.

 

Ясный-2 елді мекенінде ашылған Фариза Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясының ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев ұстаздар мен оқушыларды қуаныштарымен құттықтады.

Баршаңызды облыс басшысы атынан бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтаймын!

Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясында бәсекеге қабілетті отыз мемлекеттің қатарына кіру жөнінде берген тапсырмасына орай біздің алдымызда үлкен міндеттер тұр. Сол себепті бүгінгі күні білім саласына ерекше көңіл бөлінуде. Оған дәлел — биыл облыста 27 мектептің құрылысы басталды. Оның 15-і биылғы жылы пайдалануға беріледі, сондай-ақ білім беру мазмұны өзгеруде. Мұның барлығы болашақ ұрпақтың бәсекеге қабілетті, білімді, парасатты болуы үшін жасалып жатыр. Бұл мектеп — қаладағы биылғы жаңа оқу жылында ашылып отырған алтыншы мектеп. Оқушылардың санының өсуіне орай оларға жағдай жасау — жергілікті биліктің міндеті. Ертеңгі Білім күнінде облыста 140 мың бала мектепке барады, соның 16 мыңы — мектеп табалдырығын жаңадан аттағалы отырған 1-сыныптың оқушылары. Сондықтан бүлдіршіндердің қадамдары құтты болсын дей отырып, осы ауылдың тұрғындарын, ұстаздар мен оқушыларды бүгінгі қуаныштарымен құттықтаймын! Жаңа оқу жылы құтты болсын! — деді Е.Нұрғалиев.

Бұдан кейін шарада облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова Ақтөбе қаласындағы №53 орта мектептің, М.Арын атындағы Қарғалы орта мектебінің, Елек орта мектебінің, Благодар орта мектебі және Бекқұл баба атындағы негізгі мектептің директорларына оқушыларды тасымалдайтын жаңа автобустардың кілтін табыстады.

Лента қию рәсімінен кейін аспанға шар ұшырылып, мектептің өнерлі оқушылары ортада өз өнерлерін көрсетті. Қала әкімі бастаған топ жаңа мектептің ғимаратын аралап шықты.

Фариза Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясы екі ауысымда 900 баланы қамтиды. Жаңа ғимаратта балалардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Мектеп ғимаратының жалпы аумағы — 10,308 мың шаршы метр. Мұнда аумағы 569 шаршы метрді құрайтын спорт залы, 130 адамға арналған акт залы, 22 мың кітап қоры бар кітапхана жұмыс жасайды. Сондай-ақ үш қабатты ғимаратта оқу кабинеттері, асхана, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жеделсаты мен пандустар, мектеп ауласында баскетбол, волейбол, теннис алаңдары бар.

Жаңа білім ордасының құрылысын «Интеграл ХХІ» ЖШС жүргізген.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button