Басты жаңалықтар

Елбасы Астанада «Бейбітшілік қабырғасы» монументін ашты

Бұл — Ақтөбенің Елорданың 20 жылдығына жасаған тартуы

Кеше Астана қаласында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің ашылу салтанаты өтті.

Шараға дипломатиялық миссияның жетекшілері, дүниежүзілік 11 ұйымның мүшелері, дәл осы күндері Астанада өтіп жатқан халықаралық Келісімшарт Ұйымының қатысушылары, жалпы саны алыс-жақын 52 елден жиналған өкілдер, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, зиялы қауым, сондай-ақ, Ақтөбе облысынан барған делегация қатысты.

 

Мемлекет басшысы монументтің ашылу рәсімін Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында өткізудің символдық мәні бар екенін атап өтіп, 29 тамыз Қазақстанның жаңа тарихындағы айрықша күн саналатынын айтты.

1949 жылы дәл осы күні Семей полигонында ядролық қару алғаш рет сыналған болатын. Қырық жыл бойғы 450-ден астам жарылыстың салдарынан миллиондаған адам зардап шекті. Менің Жарлығыммен 1991 жылғы 29 тамызда Семей полигоны жабылды. Бүгін, Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні, біз елордамызда жаңа маңызды нысанды — «Бейбітшілік қабырғасы» монументін ашып отырмыз, — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтай отырып, бейбітшілікті, достықты, өзара құрмет пен мәдениетке негізделген қағидаттарды ұстанатынын айтты, сондай-ақ Қазақстанның бейбіт бастамалары замандастарымыз бен болашақ ұрпағымыз үшін лайықты үлгі болып, бүкіл адамзат жылнамасына енгенін атап өтті.

Семей ядролық полигонының жабылуы, ядролық қару-жарақтан бас тартуымыз, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құру бастамасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, «Әлем. XXI ғасыр» манифесі, Сирия жөніндегі Астана процесі — осының бәрі Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан нақты үлесі, — деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев халықтар арасында нақты және ментальдық тұрғыдан бөле-жарудың пайда болуына әкеп соқтырған ауқымды қақтығыстарды, нәсілшілдікті, діни төзбеушілікті адамзат баласының ғасырлар бойы басынан көп өткергенін атап өтіп, бүгінде әлемдік қоғамдастықтың халықаралық терроризм мен радикалды идеялар сияқты жаңа сын-қатерлерге тап болғанына тоқталды.

Астанада монументтің бой көтеруі тарих сабақтарынан тәлім алып, оны ұмытпауға және еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақты бағалауға үндейді. «Бейбітшілік қабырғасы» — бейбіт өмірдің құндылығын дәріптеуді және өткен тарихымыздың қасіретті кезеңдерін қайталамауды замандастарымыздың есіне салып тұратын нысан, — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бұл мемориалдың елорданың тағы да бір көрікті орнына және шаһардың айтулы нысанына айналатынына сенім білдірді.

Біздің бітімгершілік бастамаларымыз, ең алдымен, болашақ ұрпаққа арналады. Біз барлық тілде ұрпақтарымызға «Бейбітшілікті сақтаңдар!» дейміз. Бұл — жер бетіндегі әрбір адамның бойында болуға тиіс ең басты құндылық, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті елорданың 20 жылдығына тарту жасаған Ақтөбе облысына ризашылық білдіріп, Астана тұрғындары мен қала қонақтарына және барша қазақстандықтарға бейбіт өмір, бақ-береке тіледі.

Бас қаладағы Тәуелсіздік алаңының көрнекті тұсына, «Қазақ елі» монументіне жақын жерге орналасқан жобаны жасауда Елбасының «Әлем. ХХI ғасыр» антиядролық манифесінің идеясы басшылыққа алынған. «Бейбітшілік қабырғасының» дәл осы айтулы күні ашылуы сондықтан. Әрі тура 27 жыл бұрын Семей ядролық сынақ алаңы жабылған еді.

Монументтің өзіне тоқталсақ, ол зәулім жапырақ тәріздес, бұл арқылы сәулетшілер сан ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында біріктірген Қазақстанды бейнелеген. Металл мен табиғи тастан тұрғызылған кешен үш бөліктен тұрады: біріншісі — бөлшектеу мен оқшаулауды, екіншісі —  үміт, еркіндік пен тәуелсіздікті, ал үшінші бөлігі бейбітшілікті және ұлтаралық келісімді сақтау жолын бейнелейді. Құрылымы жағынан да кешен осал емес: аспалы  шатырдың ашық панельдері 2,5 миллион жарық нүктесі бар  616 текше метрді алып жатқан LED-жүйемен қамтылған. Ол — кез келген ірі шараны өз деңгейінде таратуға мүмкіндік бар деген сөз. Ең соңғы үлгідегі  бейне, аудио, арт-нысан көп ұзамай түрлі шоу өткізетін орынға айналмақ.

Монументтің авторы Юрий Смирновтан білгеніміздей, «Бейбітшілік қабырғасының» жалпы ұзындығы — 111 метр, ені — 18,4 метр, биіктігі — 17,5 метр. Оны тұрғызуға жалпы аумағы 6 000 текше метр болатын 1200 тонна гранит пайдаланылған. Тағы бір ерекшелігі — мемориалда әлемнің 51 тілінде «Бейбітшілік» деген сөз жазылған. Тазалықтың белгісі іспеттес аппақ түстен жасалған монумент түн мезгілінде де алыстан «менмұндалайды». Құрылысшылар жарықшамдар, түрлі заманауи жабдықтарды молынан орнатқан.

Монументті салуға 1,8 миллиард теңге жұмсалғанын айта кету керек. Бұл — ақтөбелік кәсіпкерлердің қаржысы есебінен жүзеге асқан жоба. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Бейбітшілік қабырғасын» тұрғызуға атсалысқан азаматтарға ерекше алғысын білдірді:

— Біз Елбасының бейбітшілікке қатысты жүргізіп отырған саясатын ескере келе, осы монументті сыйға тартып отырмыз. Мұндағы мақсатымыз — осы «Бейбітшілік қабырғасы» арқылы Қазақстанның, Елбасының дүниежүзіндегі бейбітшілікті сақтау жөніндегі саясатын көрсету.

Монументте 51 тілде «Бейбітшілік» сөзі жазылған. Оның мағынасы —дүниежүзінде бейбітшілік болу үшін барлық мемлекеттер, ұлттар өз үлесін қосуы керек деген сөз.

Бұл кәсіпорындардың, кәсіпкерлердің қаржысына салынған монумент. Әсіресе, бізге өте жақсы көмектескен Еуразиялық топ, «Қазмұнайгаз», «BI Group», тағы да басқа компанияларға рақметімізді айтамыз, — деді.

Салтанатты ашылу рәсімінде үш түрлі композиция орындалып, аспанға ақ көгершіндер мен шарлар ұшырылды. Ән мен биден тұратын мерекелік шараға 200-ден астам ақтөбелік өнерпаз жұмылдырылды. Мұнымен бірге, үлкен экран арқылы БҰҰ Бас ассамблеясының төрағасы Мирослав Лайчак, Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт ұйымы Дайындық комиссиясының атқарушы хатшысы Лассина Зербо, Жапония еліне қарасты Нагасаки қаласының мэрі Томихиса Тауэ мен Хиросима қаласының мэрі Казуми Мацуи, т.б. бейнеқұттықтауы көрсетілді.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Астана қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button