Мереке

Конституция — мемлекеттіліктің түп қазығы

1995 жылы 30 тамызда республикалық референдум нәтижесінде қабылданданған Конституция аясында Қазақстан халқы өзiнiң егемендiк құқығын әлемдік өркениетке баяндай білді. Осы күн мемлекеттік мереке — ҚР Конституциясы күнi болып белгіленіп, елдің тәуелсіз тарихында құрметті орын алды.

Егерде ХХ ғасырдағы оқиғалар арнасында бағалайтын болсақ, қолданыстағы Конституция Қазақстанның төртiншi Ата заңы (1937, 1978, 1993, 1995). Конституцияның логикалық құрылымы мен қойылған міндеттерін талдап қарайтын болсақ, әлемнің өркениеттік ортасындағы заңдылық тәжірибесінің ең жоғары заңдық күшi бар және ол Қазақстан Республикасының бүкiл аумағына тiкелей жарасымды екенін көреміз. Мұның өзi Конституциялық нормалар мен заңдардың басқа нормативтiк-құқықтық талаптар, ережелерінен үстем екендiгiн көрсетедi. Кейiнгi екi Конституцияның алдыңғы екеуiнен елеулi айырмашылығы сол — бұлар тұңғыш рет мемлекет тәуелсiздiктi, егемендiктi және Қазақстан халқының толық билiгiн заңдастырып, одан әрi нығайтуға ұмтылғанын көреміз.

Жаңа Ата заңда құқықтық мемлекеттiң қалыптастырылу бағыттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, соның iшiнде жеке адамның еркiндiгi, рухани ұстанымы және саяси әр алуандығы (сөз және шығармашылық бостандығы, саяси партиялар мен бұқаралық ұйымдар мен бұқаралық қозғалыстар бiрлестiгiн құру еркiндiгi), халық билiгiн жүзеге асыратын демократиялық амалдар, экономикалық жүйелердің қызмет етуi әлемдiк өркениет аясына сәйкестендiру міндеті анықталған. Осы орайда Конституция шеңберлері тұрақты, жалпы мәнде ұзақ мерзімге бейiмделiп тұжырымдалған.

Бұрынғы Кеңестер Одағы тұсындағы Конституциялар әлемдік тәжірибеде тіпті өміршең бола алмаған социалистік-коммунистік қоғам құру міндетіне негізделген болса, 1995 жылғы Конституция барлық заң салаларының негiзi болып табылады. Ал оның нормалары бұрын өмірде бар мемлекеттік ұстанымдар үшiн басты қағида болып келеді.

Ата Заң кiрiспесiнде оны қабылдаудың себептерi мен мақсаттары былай баяндалған: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік  қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы тарихи жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз».

Ата Заңның бұл бөлiгiнің саяси және руханиятты тұрғыдан алғанда да маңызы зор. Конституция кіріспесінде Тәуелсіздігіне қолы жетіп, жаңадан құрылған Қазақстан Республикасына ғылыми-тәжірибелік тұрғыдан заңдастырылған анықтама беріліп,  мемлекеттің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың конституциялық негiзi екендігі қадап анықталған. Осыдан келiп Қазақстан Республикасының мынадай негiзгi мақсаты туындайды: өзiнiң ең қымбат қазынасы ретiнде адамды және оның өмiрiн, құқықтары мен бостандығын айқындап, бекiту; өз елiнде және мемлекеттер арасында азаматтық бейбiтшiлiктi, ынтымақтастық пен тату қарым-қатынас жасау әдiстерiн орнықтыру; байырғы қазақ жерiнде мемлекеттік бiрлiктi сақтау; республиканың тәуелсiздiгiн бекем сақтап, ұстап тұру; Қазақстан Республикасының демократиялық негiздерiнiң мызғымастығын бекiту.

Осыған орай республика қызметiнiң түбегейлi қағидалары айқындалады, олар: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму жүйесі; қазақстандық отансүйгіштік; мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, бюрократиялық-билік әмірлікке қайшы (бұқараның тікелей дауыс беруі, қолдауы), яғни республикалық референдумда немесе Парламенттiк дауыс беру арқылы шешу (1-бап, 2-тармақ).

Ата Заңның негiзгi бөлiгiнде (I-VIII бөлiмдер) азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен мiндеттерi туралы, Конституциялық құрылыс жайлы, мемлекеттік нысандар жөнiнде, мемлекеттік буындардың жүйесi мен мәртебесi туралы (Президент, Парламент, Үкiмет, Конституциялық Кеңес, соттар және сот төрелiгi, жергiлiктi мемлекеттік билік буындары және өзiн-өзi басқару туралы) нормалар тұжырымдалған.

Қорытынды және өтпелi ережелер мазмұндалған соңғы IХ бөлiмде Ата Заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу тәртiбi, конституциялық заңдар мен өзге де заңдарды қабылдау рәсiмi заңдастырылған. Ата заң құрылымына жасалатын талдау оған негiз болған конституциялық рухани ұстанымдардың да айқын көрiнiсiн бередi. «Жалпы ережелер» деп аталатын 1-бөлiмде жаңа Конституциялық құрылысқа сапалық сипаттама берiлген, яғни Конституция бойынша республикада мемлекеттік билiк бiртұтас, ол Конституция мен заңдар негiзiнде заң шығарушы, атқарушы және сот билiгi тармақтарына бөлiну, олардың тежемелiк әрi тепе-теңдiк жүйесiн пайдалану арқылы, өзара iс-қимыл жасау қағидаcына сәйкес жүзеге асырылады.

Бұл бөлiмде осыған орай Конституциялық құрылысты айқындайтын, мемлекет пен жеке адамдардың және азаматтық қоғамның қарым-қатынастарынан туындайтын негiзгi қағидалар тұжырымдалған, олар: Қазақстан халқының толық билiгi (егемендiгi); Қазақстан Республикасы аумағының тұтастығы; мемлекеттік билiктi жүзеге асыру барысындағы пiкiр еркiндiгi; Конституцияның үстемдiгi (жоғары тұратындығы); мемлекет билiгiнiң бөлiнiсi; адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекет мүдделерiнен басымдығы; мемлекеттік тiл саясатының кепiлдiгi, т.б. Азаматтық қоғамда мемлекет адам мүддесi үшiн жұмыс iстейдi, мемлекеттік билiк заң шығарушы, атқарушы және сот билiгi тармақтарына бөлiнiп, олардың тежемелiк, тепе-теңдiк жүйесi пайдаланылады. ҚР Конституциялық құрылысының мазмұны саяси, экономикалық негiздерден, әлеуметтік саясат негiздерiнен, iшкi саясат міндеттерiнен құралады.

Тәуелсіз Қазақстанның Ата заңы — Конституцияның қабылданғанына 23 жыл толады. Аталған тарихи кезеңде республика, оның азаматтары сан-қилы және маңызы зор экономикалық, әлеуметтік-саяси модернизация аясындағы бағдарламаларды қабылдап, барынша іске асырып келеді. Олар — «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», т.б. бағдарламалар. Тәуелсіз тарихымыздыің ширек ғасырдан астам тұсында өмірге келген аталмыш құжаттардағы көзделген басты мақсат — мемлекеттегі тұрақтылықты сақтап, нығайту міндеті болса керек. Ал жария етілген заңдардың негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы құрайды.

Конституция баптарында тәуелсіздік тұста тұрақты және өткір сипатта аталып келген мемлекеттік идеология Ата Заңның әрбір бабының астарында анық байқалады. Өркениет тәжірибесінде қандай ел болсын, Конституциясын мемлекеттік идеология деп тұжырымдамайды. Бірақ ішкі саясат та, сыртқы саясат та, әлеуметтік саясат та, тәжірибе жұмысы да Конституция міндеттеріне сүйенеді. Сондықтан Конституция — Ата Заң, Заңның Заңы, мемлекеттің идеологиясы.

Конституцияның бірінші бабында мемлекеттің ең басты қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жазылғанын білеміз. Бірақ сол адамның құқықтары мен бостандықтарының үнемі сақтала бермейтінін көріп жүрміз. Адам құқығы — біздің санамызға әлі терең сіңбеген құндылық. Өйткені азаматтық қоғам қалыптастыруға әлі толық үлгере алмай жатырмыз. Ата Заңымызда адам құқығы да, азаматтық құқық та толығымен қорғалатындығы атап көрсетілген. Ол құндылығымызды іс жүзінде пайдалануға келгенде тым енжармыз, белсенділігіміз өте төмен. Десек те, уақыт көшімен барлығы орнына келеді деп ойлаймын…

Адам құқығы және азамат құқығы… Айта кететін жайт, біз көбіне осы екі ұғымның ара-жігін айыра алмай келеміз. Көптеген халықаралық ірі ұйымдардың тұжырымдамасы бойынша мынандай бір пастулат бар: «Кез келген азамат — адам, ал кез келген адамның барлығы бірдей азамат емес…»

Жалпы халықты айтпағанда, посткеңестік жеке адамдар түгілі, көптеген заңгерлердің өзі адам құқығы мен азамат құқығын ажырата алмайды. Бүгінгі қателіктердің көпшілігі осы адам құқығы мен азамат құқығын ажыратуды білмегендіктен болып жатыр. Осыдан болса керек, қоғамдағы Конституция туралы ауыз толтыра айтып, ал іс жүзінде оның демократиялық қағидаттарын тіпті білмей немесе оған мән бермейтіндер де аз емес. Мұны халықтың ой-тұжырымын ескермей, кейбір билікқұмарлардың ешбір ақиқатқа үйлеспейтін шешімдер қабылдауынан байқауға болады. Олай айтуымыздың негізі бар. Мысалы, мемлекеттік бағдарламаларды тұрғындар арасында насихаттау барысында мұны көптеген сауал-сұранымдардан байқадық.

Нұртаза АБДОЛЛАЕВ,

Тәуелсіз Қазақстанның облыстық аймақтық

сайлау комиссиясының тұңғыш төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button