Мереке

Азаматтық қоғам кепілі

Дөңгелек үстел

Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында Конституция күні қарсаңында «Ата заң — азаматтық қоғам кепілі» атты дөңгелек үстел өтті.

Шараға этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Бірлік» ақсақалдар кеңесінің мүшелері мен жастар қатысты.

Жиында алғаш болып сөз алған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті Асыл Смағұлова:

— Қазақстан Республикасы өзінің Тәуелсіздігін алуы — еліміздің қоғамдық өміріне, оның саяси құрылымына, экономикалық, рухани, мәдени жағдайына үлкен өзгеріс әкелді. Еліміз дүниежүзіне таныла бастады. Мемлекет басшысының ұйытқы болуымен бірқатар шаралар жүзеге асырылды.

Конституция —  мемлекеттің басты саяси-құқықтық құжаты. Әдет-ғұрыпқа негізделген алғашқы заңдар Қазақ хандығы құрылғаннан кейін Қасым хан тұсында қабылданған. «Қасымханның қасқа жолы» қазіргі біз қолданып жүрген құқық салаларына сәйкес келеді. Мәселен, мүлік заңы — азаматтық, елшілік заңы — халықаралық қатынастарды реттеумен, тәртіп сақтау — әкімшілік құқықпен сәйкес келіп, қоғамдық өмірдің барлық жағын қамтығанын көреміз.

Елімізді өркениетті мемлекеттер қатарына қосу жолында және шынайы құқықтық мемлекет болуда өзіміздің ұлттық болмысымыз бен ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүріміздің ізгі көріністерін ескергеніміз жөн, — деді.

Шарада С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы «Ата заң — елдің айбыны» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.

Көрмеге келушілер кітапхана қорындағы Ата Заңға қатысты тың кітаптармен, Елбасының қанатты сөздері және ой-тұжырымдар жинағымен, фотоальбомдармен, сондай-ақ мерзімді басылымдарда жарияланған тың деректермен танысты.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.    

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button