Мереке

Ант қабылдады

Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында 70-тен астам жас өрт сөндіруші ант қабылдады. Салтанатты шара жаңадан ашылған Құтқарушылар саябағында өтті.

Аталған рәсімге Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бауыржан Сыздықов, сондай-ақ азаматтық қорғау органдарының ардагерлері мен жас мамандардың туыстары қатысты.

Жаңадан ант қабылдаған жас мамандар мен жеке құрамды келе жатқан мерекемен құттықтаған Бауыржан Сыздықов, жас мамандарға өздерінің қызметтік міндеттерін адал және жауапкершілікпен атқаруға, әрдайым кәсіби дағдыларын шыңдап тұруға, қызметтік саты бойынша өсуге тілек білдірді. Сонымен қатар оларды ерлік пен батырлықтың үлгісі болуға шақырды.

Балаларының салтанатты ант қабылдау рәсіміне арнайы келген жас өрт сөндірушілердің ата-аналары мен туыстары балаларының мемлекет алдындағы борышын адал атқарып, жаңа қызметтерін абыроймен орындайтындарына сенетіндерін жеткізді. Солардың бірі — жас маман Шыңғыс Мұқаевтың анасы Ләзиза Молдағалиева. Айтуынша, баласы Шыңғыс бүгінде Хромтау қаласында өрт сөндіруші болып жұмыс жасайды. Жұмысқа орналасқанына 2 айдан астам уақыт болған ол баласы мен оның әріптестеріне сәттілік тіледі.

Бүгін біздің отбасымыз үшін қуанышты күн. Ұлымыз азамат болып, қызметтік ант қабылдап жатыр. Өзіміз секілді барлық ата-аналарды қуанышымен құттықтаймын. Балаларымыз еліне адал қызмет етсін, — деді ол.

Әр маманның берген антына сай қызмет атқарып, жауапкершілігі мол қызметтерінде адал еңбек етері анық.

Балаларын айтулы қуанышымен құттықтаған ата-аналар шара соңында естелік суретке түсті.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button