БілімБасты жаңалықтар

Облыс мектептері жаңа оқу жылына дайын!

Жаңа оқу жылында облыстағы 398 мектепте 139 мың оқушы білім алады. Олардың ішінде 1-сыныпта оқитындардың саны — 17 мыңға жуық. Оларға 17 473 педагог сабақ береді.

1 қыркүйек — Білім күні барлық білім беру мекемелерінде «Ұрпаққа берген ұлағатты тәрбие — Мәңгілік елдің кепілі», «Рухани құндылық — адам жанының алтын арқауы», «Рухани жаңғыру — ұлттың ұлы мұраты» тақырыптарының бірі таңдалып алынып, соған байланысты тәрбие сағаты өткізіледі.  

Биылғы оқу жылының ерекшеліктері қандай? Қанша мектеп бой көтереді? Үш ауысымды, апатты жағдайлардағы мектептердің мәселесі қалай шешіледі? Оқушыларды оқулықпен қамту, мектепті отынмен қамту мәселелері шешілді ме? Біз облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаевамен облыс мектептерінің жаңа оқу жылына әзірлігі туралы әңгімелескен едік. Сонымен…

Басты ерекшеліктер

  • Жаңа оқу жылының жаңалықтары көп. 1-сыныптан бастасақ, бұдан былай жасы осы жылдың аяғына дейін, яғни 31 желтоқсанға дейін 6 жасқа толатын бала 1-сыныпқа қабылданатын болды. Бұрын бұл үлкен мәселе болатын. Яғни, жыл аяғы — желтоқсан түгілі, қыркүйектің 2-сі күні 6 жасқа толатын баланы мектепке қабылдай алмайтынбыз. Амал жоқ, қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан айларында дүниеге келген балалар келесі оқу жылында 1-сыныпқа қабылданатын. Бұл — бірінші ерекшелік.

Екіншісі,  жаңа оқу жылынан бастап информатика пәні 3-сыныптан басталады. Бұл — «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынып отыр. Сол себепті, келесі оқу жылынан бастап информатика пәні 1-2-сыныптарда енгізілетін болады.

Үшіншісі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5-7-сыныптарда «Өлкетану» курсы енгізілді.  Мақсат — балаларға өз облысы, туған өлкесі туралы жан-жақты білім беру.

Төртіншісі, жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылған мектептерде қағаз журнал мүлде пайдаланылмайды. Бұл — мұғалімдерді қағазбастылықтан айыру үшін, педагогтердің жұмысын жеңілдету үшін қолға алынып отыр. Интернет жылдамдығы жақсы мектептерде тек қана электронды журналдар  пайдаланылады. Бұл мұғалім мен ата-ана арасындағы байланысты арттыруға да септігін тигізеді.

Бесіншісі, биылдан бастап 1-11-сыныптарға арналған жаңа мемлекеттік білім беру стандарттары, жаңа типтік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары бекітілді. Енді тек қана бір типтік оқу жоспары болмайды. Бекітілген бірнеше типтік оқу жоспарынының арасынан әр мектеп өзіне қажеттісін таңдап алуына болады.

Алтыншысы, биылдан бастап салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында еліміз бойынша дене тәрбиесі пәнінің аптадағы бір сағатында футбол ойынын өткізу үшін пилоттық жоба жүзеге асырылады. Бұл жоба бойынша біздің облыстағы 46 мектепте футбол ойыны өткізіледі, — дейді Ләззат Оразбаева.

Оның айтуынша, мектеп директорларын тағайындау қағидалары және штаттық бірлік бойынша да өзгерістер енгізілген. Жаңа ережеге сәйкес, директорлықтан үміткер 4 кезеңнен тұратын конкурстан өтеді: мектептің қамқоршылық кеңесі, заңнама туралы тест, облыстық білім басқармасының келісуі, аудандық, қалалық білім бөлімдеріндегі сұхбат. Сондай-ақ, мектеп директорлары тек 4 жылға ғана тағайындалады, келісімшарт 4 жылға жасалады. Әрі қарай жұмыс істегісі келсе, конкурсқа қайта қатысу мүмкіндігі бар.

Жаңа оқу жылының тағы бір жаңалығы биылдан бастап жаңа штаттық бірлік — директордың мектепті ақпараттандыру жөніндегі орынбасары болады.

Сонымен қатар мектептерде жаңартылған мазмұнға кезең-кезеңмен көшу жұмыстары жалғасып жатыр. Жаңа оқу жылынан бастап 3, 6, 8-кластар мазмұны жаңартылған бағдарламамен оқиды.

Мектеп құрылысы және жөндеу жұмыстары

Соңғы 3 жылда көптеген жаңа мектептер салынып жатыр. Нақтырақ айтқанда, 10 жылда — 2006-2016 жылдары 69 мектеп пайдалануға берілсе, соңғы екі жылдың өзінде 2016-2018 жылдары еңсе тіктеген білім шаңырақтарының саны — 48. Бұл — үлкен жетістік.

  • Облыс әкімі Бердібек Машбекұлының тікелей қолдауымен мектеп құрылысы қарқынды жүргізілуде. Биылғы жылдың өзінде 27 мектептің құрылысы жоспарланған болатын. Оның 15-і (сыйымдылығы — 6100 орындық) биыл пайдалануға беріледі. Қазірдің өзінде 9 мектеп бой көтерді. Қалған 6 мектеп жыл соңына дейін ашылады, — дейді Ләззат Аманжолқызы.

Айта кету керек, бұл жобаларды іске асыруға барлық бюджет көздерінен 11,7 миллиард теңге қаржы қарастырылған.

Биыл облыс бойынша 64 білім беру мекемесіне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бұл мақсатта облыстық және жергілікті бюджеттерден 1 миллиард 590 миллион теңге бөлініпті.

Үш ауысымды және апатты мектептер

Біздің облыста 21 үш ауысымды және 2 апатты жағдайдағы мектеп бар. Апатты жағдайдағы мектептер — Мұғалжар ауданындағы Сағашилі және Құмжарған мектептері. Бұл екі мектептің де мәселесі биыл шешіледі. Сағашилі ауылында 320 орындық, ал Құмжарғанда 60 орындық мектеп ашылады. Сөйтіп, облыста апатты жағдайдағы мектептер мәселесі толығымен шешілмек.

Үш ауысымда сабақ өткізетін 21 мектептің де  мәселесі жаңа құрылыстар есебінен шешіледі. Биыл пайдалануға берілетін 15 мектеп 14 үш ауысымды мектептің мәселесін шешеді. Қалған 7 мектептің мәселесі келесі жылы шешіледі. Мысалы күні кеше ғана Ақжар-2 ауылында ашылған 900 орындық зәулім мектеп Ақжар ауылындағы №45 мектептегі оқушыларды үш ауысымда оқытудың мәселесін шешсе,  Сүт зауыты шағын ауданында ашылатын 600 орындық еңселі мектеп №5 және №15 мектептердің мәселесін шешпек.

Сондай-ақ, орын тығыздығына байланысты 4 мектептің маңынан қосымша құрылыс салынып жатыр. Бұл — №9, №21 мектеп-гимназиялар және №27, №29 мектептер.

Үш ауысымды мектептердің басым бөлігі Ақтөбе қаласына тиесілі.

Мектептер неге жабылды?

  • Мектептердің қызметін оңтайландыру кезінде ең алдымен білім сапасына мән беріледі. Оңтайландыру жұмыстары бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің тапсырмасына байланысты білім беру ұйымдары желісін оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Облыста 213 шағын жинақты мектеп болған-ды. Оның 12-сі жабылды. Жалпы біздің өңірде кепілдендірілген мемлекеттік нормативке сай емес  40 мектеп бар.  Соңғы 3 жылда  33 шағын жинақты мектеп жабылды. 6 мектеп қайта құрылып, мәртебесін өзгертті.

Әрбір аудандық білім бөлімімен 12 жылдық білім беру үлгісі ескеріле отырып, контингенті  аз, тұрғындар санының өсу динамикасы жоқ мектептерге талдау жүргізіліп,  оңтайландыру мен бейімдеудің жоспары жасалды. Аталған мектептердің басым бөлігі Әйтеке би, Қарғалы, Қобда, Мұғалжар, Хромтау аудандарының үлесінде. Бұл мәселе Мәртөк, Байғанин аудандарында дер кезінде оң шешімін тапты. Биыл Мәртөк ауданында 6 мектеп жабылды.

Аудан әкімдері экономикалық шығынды азайту, сапалы білімге қол жеткізу мақсатында қайта құру және жабу бойынша тиімді шешім қабылдағандары дұрыс.  

Бастысы — қаржы үнемдеу емес, керісінше, білім сапасын көтеру екені ата-аналарға жеткілікті дәрежеде түсіндірілуі керек, — дейді басқарма басшысы.

Біздің дерек:

*** Облыста 398 мектеп бар. Оның екеуі — үш тілде білім береді. 74 пилотты мектепке ағылшын тілінде оқыту элементтері енгізілген. Сондай-ақ, 7 гимназия,                       15 мектеп-гимназия, 5 лицей жұмыс жасайды. Шағын жинақты мектептердің саны —  201.

*** Облыста үш тілде білім беру моделі іске асырылуда.  99 мектепте төрт пән ағылшын тілінде оқытылады. 2020 жылға дейін  248 мектепте төрт пәнді ағылшын тілінде өткізу жоспарланып отыр.

 Цифрлық технология

Біздің облыста Елбасының цифрландыруды дамытуға бағытталған тапсырмасын жүзеге асыру мақсатындағы цифрлық технологияны енгізу жұмыстары да жүйелі жүргізілуде.  «Бақытты бала» жобасы аясында облыстық бюджет есебінен 20 ультрақысқафокусты проектор, 3D принтер, робототехника  алынған. Сондай-ақ,

3D модельдеу, робототехника, инженерия бағыттары бойынша білім беретін 20 ІТ класс ашу жоспарланған болатын. Оның 7-еуі қазірдің өзінде ашылды.   Қалғанын қыркүйек айында ашу жоспарланған.

  • Мектептерді компьютермен қамту мақсатында да бюджеттен көп қаржы бөлінуде. Биыл облыстық бюджеттен 1700 компьютер және 520 аппарат кешенін сатып алуға 635 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар облыс әкімі

Бердібек Машбекұлының тапсырмасына байланысты қыркүйек айында сервистік қызмет көрсету әдісімен  5000 компьютер алынады, — дейді басқарма басшысы.

Қазіргі күні 9 оқушыға  1 компьютерден келеді.

Оқулық және отын

Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білім алатын 3,6,8-сыныптарға арналған оқулықтарды сатып алу үшін бюджеттен 1 млрд 623 млн теңге бөлінген. Қазір оқулықтардың барлығы баспалардан алынып, жеткізілді.

  • Жыл өткен сайын отынға кететін шығынды азайту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сұйық отыннан қатты отынға, қатты отынды газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Мұның арқасында отын құны арзан болады әрі жылыту жұмыстары жеңілдейді, — дейді Ләззат Аманжолқызы.

Бүгінде 27 мектеп сұйық отынмен, 140 мектеп қатты отынмен жылытылады. Электрмен жылытылатындардың саны — 16. 134 мектеп көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Қалғаны орталықтандырылған жылу қазандығына қосылған.

Айта кету керек, біздің облыста әлі күнге дейін күл шығарып, от жағатын 16 мектеп бар. Пешпен жылытылатын мектептердің біразы Мұғалжар ауданында орналасқан.

Биылғы жылыту маусымына қажетті отынның 80-85 пайызы мектептерге жеткізілген. Қалғаны келісімге сәйкес 1 қазанға дейін жеткізілетін болады.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button