Басты жаңалықтар

«Әлем дәрігерінің» анасы

 

«АНАҒА ТАҒЗЫМ

Алып анадан туады» дейді халық даналығы. Сондай аналардың бірі — Сағынай Жалмұратқызы. Шалқардағы батагөй кейуана қазір 92 жаста.  Ол  жанына шипа іздеп алдына барған талай науқастарға ем жасап, алғысына бөленген есімі әлемге әйгілі нейрохирург-дәрігер, Қазақстанның Еңбек Ері Серік Ақшолақовтай азаматты өмірге әкелді. Қолы шипалы абзал жанның аяулы анасы қарттықтың биік шыңына шықса да, әлі де тың, айтары нық, сөзге ұста, мінезге  жомарт екен.

Сонау 60-жылдары марқұм, қосағы Қуандық атаның өз қолымен салған аудан орталығындағы үлкен үй — осы әулеттің киелі қарашаңырағы. Ата мен әженің жастық шағы, бар қызығы осы үймен байланысты, бала-шаға да осы жерден өсіп-өнді. Сондықтан да оның іргесі болаттай берік, босағасы құтты. Мерейлі сәттерде балаларынан өрген 7 немере, 20-ға тарта шөбере осында жиылып бас қосқанда Сағынай әженің жүзі ерекше нұрланатыны да сондықтан.

— Шалымның көзі ғой бұл шаңырақ.  Көп күніміз осы үйде өтті, сондықтан маған осы жердің әр бұрышы ыстық, соған қарап қуаттанамын. Берігіректе  қолымдағы немерем мен келінім ауланың төрінен заманауи осы үйді салды, — деп бізбен әңгімелесуге ыңғайланды әжеміз екі қабатты  зәулім котедждің кең бөлмесіндегі жайлы орындыққа жайғасып.

Сағынай әже теміржол бойындағы №64 бекетте қарапайым теміржолшы отбасында дүниеге келген. Өзінің алдында екі ағасы, бір апасы болыпты. Әкесі Жалмұрат шойынжолда қатардағы жұмысшы болып еңбек етсе, анасы Шонай (Ынта) үйдің тірлігін қамдапты. Ғасыр бұрын іңгалаған балалардың балдәурен шағы көпке аян ғой. Тұрмыстың ауырлығы, жыртық үйлердің қоңырқай тірлігі сол шақтағы ойын балаларын да ерте есейтіп, еңбекке жетеледі. Ата-ананың бірінші міндеті баласына әріп танытып, сауаттандыру еді ол тұста да. Сағынай әже ауылдан жеті шақырым қашықтықтағы көрші бекеттегі бастауыш мектепке жаяу қатынап оқып, әріп таныпты. Талай сол екі ортада балалықпен жүк пойыздарына жармасып алатыны, әсіресе, қытымыр қыста қатынауда көрген қиын сәттері  әлі де жадында сайрап тұр. Бойжеткен шақта оған өмірлік серігі  ауылынан кездесті. Бұрыннан екі жастың ата-аналары табақтас, жекжаттығы бар екен. Сөйтіп, әжеміз Ұлы Отан соғысының әскери капитан шеніндегі ұшқышы Қуандық Ақшолақовпен  дәм-тұзын жарастырады.    

Шалым соғыстан кейін де әскери ұшқыш  болып сол жақта қызмет етті, елге 1947 жылы түбегейлі оралды. Оған дейін арасында ауылға бір келгенінде мені үйіне келін етіп түсірді. Ол  1945 жылдың қараша айы еді. Барған жерім қарапайым отбасы, бір ауылда тұрғасын бәрін бұрыннан жақсы танимын. Атам өмірден өткен, енем Айбибі сол шаңырақтың бар ауыртпалығын қайыспай арқалаған қайсар кісі болды. Қорасында бір-екі сиыры бар, өзі ауыл маңындағы Қайыр деген жерде ерлермен тең жүріп вагондарға қайыр тиеп, нәпақа табады. Мен келін болып түскен тұста  колхозда сауыншы да болды. Ол кездегі той-шашуларда  қазіргідей  молшылық қайдан болсын?! Тек ырымын жасайды, келіннің де бетін жасырын ашады, баланы сүндеттеу, өліктің намазын шығару дегендерді жасауға жұрт жоғарыдан  қаймығады. Біреу-міреу ол жаққа жеткізсе, ұлтшылдық деп жағдай ушығады. Алайда тәртіп осыншалықты өктем болса да, біз қазақы  ғұрпымыздан таймадық. Бірін ашық, бірін жасырын  істеп, мұсылманшылығымыздан айнымадық, — деп еске алады өткен күндерді кейуана.

Құдай қосқан өмірлік серігі  Қуандық Ақшолақов екінші дүниежүзілік  соғысқа қатысып, кеңес армиясы қатарында Ибирск, Кировоград әскери ұшқыштар мектебінде оқып, Грозный әскери ұшқыштар училищесінде ұшқыш, штурман мамандықтары бойынша тәлім алады. Москва әскери округінде звено командирі, 277-бомбалаушы ұшқыштар полкінің Прикарпатье әскери округінің ұшқышы (1946-1947 ж. ж.)  болып жауынгерлік қызметін аяқтаған. Елге келген соң Шалқар аудандық комсомол комитетінде, ауылдық және Шалқар қалалық кеңес атқару комитеттерінде, аудандық қаржылық бөлімдерінде басшылық қызметтерді атқарады. 1955-1963  жылдары «Қызыл ту», «8-март» ұжымшарларын  басқарған. Одан кейінгі қызметі астық және мал өнімдерін дайындау мекемелеріне басшылық жасаумен байланысты болады. 1983 жылы зейнеткерлікке шығып, ауданның ардагерлер кеңесі төрағасы қызметін абыроймен атқарады.

Елге сыйлы, қарапайымдылықтың қағидасын қия баспаған Қуандық ақсақал 81-ге қараған шағында бала-шағасының алдында өмірден озды. Ол көзі тірісінде Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, «Қызыл жұлдыз», І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерінің және т.б. бірнеше медальдардың иегері атанды. «Жақсының аты өлмейді» демекші, оның есімімен бүгінде Шалқар қаласында бір көше аталады.

Ердің  беделі үйдегі әйел затына да байланысты. Үйде береке тұнып тұрса, азаматыңның абыройы асқақтайды. Жолдасым көпшіл болды, дастарқанымыздан қонақ арылмайтын. Қызмет бабымен қайда жүрсек те, енем қолымызда болып, бізге ақыл-кеңесін беріп, көмегін аямады. Мен де оның алдынан кесе өтпедім, ыдыс-аяқ, ас-ауқаттың билігіне араласпадым. Одан жаман болмадық, арамыздағы әдемі сыйластықтың жібі ешқашан үзілген жоқ деп тура айта аламын.  Қуандық аталған ұжымшарларда басшы болған тұста сол жерлерде мектептер салынып, электр жарығы тартылып, ауыл халқының қуанышқа бөленген шағы еді. Ауылдың пейілі қашанда дархан ғой. Біз қай жерде жүрсек те, елмен етене болдық, көз көргендер бұны жақсы біледі.

Өзім үйдің шаруасын ысырып қойып, 8 кластық біліміммен бастауыш сыныптарға сабақ беруіме тура келді. Қиын заман ғой. Мұғалім маман жоқ, соғыс басталған тұс. Бірақ мектептерде оқу тоқтамауы тиіс. Бірде аудандағы оқу бөлімінің бастығы Мұхит Дәулетов деген ағай хабарласып, маған мектепте алған біліммен төменгі сыныптарға сабақ беруге қолқа салды.  Мектепте жалпы сабақты нашар оқыған жоқпын, тек орыс тіліне шорқақтау едім. Ойланып, толғанып ақыры ұстаз болуға келісімімді бердім. Сөйтіп, бар біліміммен соғысқа аттанған мұғалімдердің орнына қалып, еңбек жолымды №63 бекеттегі бастауыш мектепке сабақ беруден бастадым. Содан 30 жылдан астам ауданның Қайыр, Дамбар, Қопасор, Сарыбұлақ ауылдарында, Шалқар қаласындағы қазақ мектептерінде зейнеткерлікке шыққанға дейін уақытпен санаспай жұмыс істедік. Оқытқан шәкірттеріміздің барлығы алғыр болды. Ұстаз бен оқушының арасындағы сыйластық бір төбе еді ол кезде, — дейді ардагер ана.

Қуандық ата мен Сағынай әже  өмірге үш бала әкелген, ортаншысы қыз бала  ертеректе бақилық болыпты. Ұлдың үлкені Серікбай ұзақ жылдар Ақтөбе облысында комсомол, партия, облыстық басқарма бастығы лауазымында бірнеше мекемелерді басқарған. Қазір Астана қаласында тұрады. Кіші ұлы  Серік  елге есімі белгілі дәрігер. Аналары бүгінде қарашаңырақта, немересі Қайрат пен сүйікті келіні Ләззатының қолында бақытты қарттықты бастан өткеріп жатыр. Отбасы ұйытқысы  әйел затынан десек, Ләззат та осы Шалқардың перзенті, көргенді, тәрбиелі отбасынан шыққан қыз. Қария оған деген ризашылғын үнемі ашық айтып отырады.  Қайрат атасының жолын қуып, ішкі істер саласын таңдады, бірнеше аудандарда ішкі істер бөлімін басқарды, қазір құрметті еңбек демалысында.

Бүгінгі өміріме, Тәңірдің бойыма берген қуатына мың да бір тәубе деймін. Біздің уақытта бәрі қардар болды. Кеңшілік емес, тапшылық уақытта балдаурен шағымыз өтті. Бірақ, маңдай термен, адал еңбекпен осы күнге жеттік. Балаларымның қай-қайсысы да жақсы, тәрбиелі. Барлығы да жоғары білім алды, дәрежелі қызметтерді атқарды. Қартайған шағымда олар мені күтіп бағып отыр. Маған осыдан артық бақыт бар ма?! Таңның атысынан солардың тілеуін тілеп отырамын, — дейді аяулы ана.

Қуандық ата мен Сағынай әже баласы Серікпен немере,шөберелерінің ортасында

Кіші ұлы Серік Ақшолақовтың отандық медицинаны дамытудағы еңбегін күллі қазақ елі айрықша бағалайды десек, артық айтқандық болмас. Осы ретте Серік ағаның балалық шағы туралы анасынан сұраған едік:

Баланы кім бөліп айтқан дейсің, құрсақты жарып шыққан соң анаға олардың барлығы бірдей. Ұлдардың есімдерін әкесінің өзі қойды. Қуандық ер баладан жалғыз болғандықтан Серікбай өзіме қолқанат болсын деп, Серік Серікбайға серік болсын деп қойған еді. Екеуі де мектепте сабақты жақсы оқыды, өздерінің қалаған мамандықтары бойынша жоғары оқу орнын тәмамдап, еңбек жолын жалғастырды. Серік әжесінің тәрбиесінде көп болғандықтан ба сәл еркелеу болды. Маған еріп мектепте сабағыма кіріп кететін, үлкен сыныптың  балаларымен оқимын деп қиғылықты салған кездері бар. Менің алдыма келсе, еркелеп дұрыс оқымайтынын біліп, оны өзге мұғалімнің қарауына жібердім. Әкесі ұжымшарларда қызмет еткенде сондағы мектептерден Серік те білім алды. Сабақ үлгерімі қай кезде де өте жақсы болды. Өзім ұстаз болғандықтан олардың оқу үлгерімін назарымнан тыс қалдырған жоқпын. Медицина саласын  таңдап, бүгінде соның жолында тер төгіп жүр.  Әкем Жалмұрат өмір бойы қара жұмыс істегенімен имандылықтан хабары мол еді. Молдалардың айтқанын тыңдап, шариғатты біздерге айтып отыратын.  Өзінің тамыр ұстайтын емшілік қасиеті де бар еді. Бірақ оны кәсіп етіп,соңына түскен жоқ, арнайы өзін іздеп барғандардың ғана дертінің дауасын айтатын-ды. Мүмкін, сол қасиет Серігіме дарыды ма деп те кейде ойлаймын.

Қартайғанда бала-шағаның амандығын тілеуден артық не бар. Осылардың жамандығын көрмесем деймін. Балаларым жиі хабарласады, олардан хабар кешігіңкіреп қалса, өзім қоңырау шаламын. Серікті халық қолы шипалы, сөзі қуатты дәрігер деп санайды. Онысы дұрыс шығар, еңбегі ғой, өмір бойы сол саланың қыр-сырын оқыды,тәжірибе жинақтады. Десе де мен үшін әлі олар бала. Әрбір  науқастың еміне қамданған сайын, мен де оны  естіп, сол отаның сәтті өтуін  Алладан сұрап, үйде тақымымды қысып отырамын. Науқас аяққа тұрса мен де қуанамын, — дейді дәрігердің анасы.

Ақшолақовтар әулетінен өрбіген балалар қарапайымдылықтың туын ешқашан жықпаған. Өйткені  отбасынан оларға берілген  тәрбие солай. Кішіпейілділік адамды ақырындап  биіктерге жетелейтініне тоқсандағы анасы сенімді. Балалары Серікбай мен Серік  жырақта жүрсе де елдің қуанышына ортақтасып, тығыз байланыста болуды азаматтық парызы деп  біледі.  Қарт анасының «шамаларың келсе, адам баласына қолдан келген көмектеріңді аямаңдар, әрдайым елмен, көппен бірге болыңдар!» деген өсиетін ешқашан ұмытқан емес.

Биыл мамыр айында ауданда дүркіреп өткен «Шұғылалы Шалқарым» атты жерлестер форумына ел мақтанышы Серік Ақшолақовтың арнайы келіп қатысуы да үлкен көрегендіктің белгісі. Сол шарада ол туған мекен хақында ерекше тебіреніспен сөйледі.

  • Шалқар — киелі өңір. Осы жерде туып-өскен қаншама азаматтар қазір еліміздің өркендеуіне үлесін қосып жүр. Мен қайда жүрсем де туған жерімді ұмытқан емеспін. Мүмкіндігім келгенше көмектесуге тырысамын. Осыдан екі-үш жыл бұрын Ұлттық нейрохирургиялық орталығының көмегімен Шалқардан инсульт орталығын ашуды қолға алған едік. Қазір осы жұмыстар жүріп жатыр,деген перзентінің ауызынан шыққан жақсы жаңалықты шалқарлықтар  зор қуанышпен қабылдады.

Мәселе елге келгенде, бергенде емес. Бастысы — ел сыйлаған перзентінің туған жеріне деген кіршіксіз адал көңілі мен өскелең буынға үлгі болар ізгілікті ісінде жатыр.

Туған жерінің мақтанышына айналған азаматтың анасы Сағынай әжеге бүгінде де сәлем бере келіп, батасын алатындардың қатары сиреген емес. Газет оқырмандарына: «Қазақ елінің ырыс-несібесі мол болсын! Өскелең буын теріс жолдан бойды аулақ ұстап,  бейбіт заманның қадірін білсін. Елімізде ауызбіршілік молайып, әр шаңыраққа жақсылық, береке орнасын!» — деп батасын берді.  Абыз ананың ақ батасы қабыл болғай!

 Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button