Білім

Жаңа оқу жылына әзірлік қалай?

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева баспасөз мәслихатын өткізді. Онда облыс мектептерінің жаңа оқу жылына әзірлігі, «Мектепке жол» акциясы туралы  айтылды.

Облыста 398 мектеп бар.  Онда 139 бала білім алады. Жыл аяғына дейін 6100 орындық 15 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Нәтижесінде 2 апатты, 2 ескі, 14 үш ауысымды мектептің мәселесі шешіледі.

  • Мектептер оқу жылына дайын. Тамыздың 28і күні барлық білім беру ұйымдарында жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Оқулықтар да жеткізілді, — деді Л.Оразбаева.

Білім беру мекемелерінің болжамды мәліметтері бойынша ағымдағы оқу жылының басына облыста мектептері жоқ 86 ауылдық елді мекен  бар. Ондағы 1102 оқушының 954-і тасымалданады, қалған  148 оқушы мектеп жанындағы интернатта тұрады. Балаларды тасымалдайтын автобус саны — 30.

Облыс бойынша 382 мектепте ыстық тамақ  ұйымдастырылатын болады.

Облыс бойынша жалпы білім беретін мектептерде     17 473 педагог жұмыс жасайды.  Жаңа оқу жылына 200 маманға, соның ішінде 29 математика, 45 орыс тілі, 11 ағылшын тілі, 17 химия, 23 биология, 19 физика пәнінің мұғалімі және де Ақтөбе қаласының мектептеріне орыс тілде сабақ беретін 56 мұғалім (бастауыш сыныпқа) қажет.  Педагогтарға сұраныс көп аудандар — Әйтеке би (60), Қобда (43), Қарғалы (30),  Ырғыз және Ойыл (27). Былтырғы оқу жылымен салыстырғанда мамандарға қажеттілік 371 бірлікке азайған.

Л.Оразбаеваның айтуынша, 1 тамыздан бастап облыста  «Мектепке жол» акциясы  басталды. Акция барысында әр ауданда, әр білім беру ұйымында көмекке мұқтаж отбасы балаларының тізімі жасақталып, әлеуметтік тұрмыстық жағдайы зерттелген. Қорытындысында, аудандық және қалалық білім бөлімдерінде орталықтандырылған көмекке мұқтаж отбасы балаларының деректер базасы жинақталды. Акция басталған  1 айдың ішінде облыс бойынша 9200 балаға 94 400 000 теңге көлемінде көмек көрсетіліпті.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button