«Бақытты бала»

88 бала Өзбекстанға саяхат жасап келді

Өзбекстанның Қазақстандағы жылы аясында және «Бақытты бала» жобасын іске асыру мақсатында біздің облыстың балалары Ташкент және Самарқанд қалаларына саяхат жасап келді.

Туристік  сапардың мақсаты — Өзбекстанның киелі жерлері мен көрікті орындарымен таныстыру арқылы балалардың ой-өрісін кеңейту, жасөспірімдер туризмін дамыту.

  • Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен облыстағы 88 оқушы Өзбекстанда демалып келді. Оларды 8 жетекші басқарып барды. Сондай-ақ, балалардың денсаулығын сақтау да назардан тыс қалған жоқ. Олармен бірге 4 медбике де барды, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шарипа Шакирова.

Саяхаттан келген балалардың бәрі көңілді. Олар сапардың өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтады.

  • Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көптеген игі бастамаларға ұйытқы болып жүргенін жақсы білеміз. Соның бір парасы — «Бақытты бала» жобасы. Біз осы «Бақытты бала» жобасы аясында ұйымдастырылған көп шаралардың біріне қатысып, Өзбекстанға саяхат жасап келдік. Онда біз көне шаһар — бүкіл адамзаттың мұрасы саналатын тарихи құндылықтар тізіміне енген Самарқандта және Ташкентте болдық. Бұл қалалардағы киелі, қасиетті жерлерді аралап, олар туралы көп мәліметтерді білдік. Самарқандта біз атақты Әмір Темір жерленген Гүр-Әмір кесенесіне бардық. Ұлықбектің обсерваториясын тамашаладық. Сондай-ақ, өзбек халқының тыныс-тірлігімен таныстық. Өзбектердің ұлттық тағамы — палаудың дәмі тіл үйіреді екен. Ташкенттің және Самарқандтың палауларын жедік. Бұл екі қаладағы палау әзірлеу әдісі екі түрлі екен. Сонымен қатар соңғы үш жыл бойы палаулар байқауында бірінші орынға ие болған мейрамханаға барып, палаудан дәм таттық, — дейді М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың 11-сынып оқушысы Әйтеке Тәжібай.

Оқушыларды бастап барған облыстық физика-математика мектеп-интернатының мұғалімі Бегдулла Сүлейманов саяхаттың тәрбиелік мәні зор екенін айтады.

  • Балалар өзбектердің рухани бай мұрасымен танысты. Бұл елдегі тарихи-мәдени ескерткіштерді өз көздерімен көріп, тарихтан сыр шертетін көптеген ғиамараттарды аралады. Сапар Ташкент қаласынан басталды. Ташкент қаласының Тәуелсіздік алаңы, Әмір Темір алаңы, Ақ мешіт, Өзбекстан қолданбалы өнер мұражайы және тағы басқа көрікті жерлерінде болды. Сондай-ақ, Самарқанд қаласындағы ең көрікті жерлер — Регистан алаңы, Х-ХV ғасырлардағы «Шахи-Зинда» сәулет ансамблі (Тимуридтің ханзадалар мен ханшайымдар мазары) және басқа да көптеген мәдени, тарихи ғимараттарды тамашалады. Сонымен қатар, балалар ойын-сауық кешенінде ойнап, хайуанаттар бағына барды, — дейді топ жетекшісі Бегдулла Сүлейманов.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Өзбекстанда тынығып келген балалар, мектепке тың күшпен барып, сабақты тиянақты оқитындығына сендірді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button