Мәдениет

Қайраткердің рухына тағзым етті, қайырымдылық жасады

«Туған жерім — нұрлы елім»

«Туған жерім — нұрлы елім» облыстық акциясы аясында өткен Ырғыз ауданының күндері  Ақтөбе қаласындағы №64 мектептің алаңында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды.

Жиында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова Ырғыз өңірінен шыққан ұлы тұлға Ұзақбай Құлымбетовтің ерен еңбегін сөз етіп, аудан күндері аясындағы шараларға сәттілік тіледі.

— Ақтөбе қаласында облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Туған жерім — нұрлы елім» акциясы биылғы жылы маусым айында бастау алды. Осы орайда, міне, Ырғыз ауданының мәдени, спорттық және қайырымдылық шаралары басталып отыр.

Ырғыз жерінің киелі топырағында талай алаштың ардақты азаматтарының кіндік қаны тамды. Солардың бірі — мемлекет қайраткері Ұзақбай Құлымбетов. Ол күрделі тарихи кезеңде өмірге келіп, қарапайым ауыл мұғалімінен қазақ Үкіметінің төрағалығы қызметіне дейін көтерілді. Бүгінде бұл кісінің есімін біреуі білсе, біреуі біле бермейді. Шын мәнінде ол саналы ғұмырын қазақ мемлекетін нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттыруға сарп етті. Туған халқының, еңбекші бұқараның болашағы үшін күрескен қайраткер ретінде республика тарихында өз орнын сақтап қалары, ерен еңбегі жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Осындай айтулы күні Ұзақбай Құлымбетовті еске ала отырып, бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіремін, — деді ол.

Бұдан соң Ырғыз аудандық мәслихат хатшысы Көптілеу Қосаяқов сөз сөйлеп, аудан күндері аясындағы шараларға белсене атсалысуға шақырды.

— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына сәйкес, өткен тарихымызды ұмытпауымыз керек. Патриотизм туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Өткен жылы облыс әкімінің қатысуымен №64 мектептің алаңынан Ұзақбай Құлымбетовтің құрметіне арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті.  Сондай-ақ бүгінде облыс орталығында және Ырғыз ауданында мемлекет қайраткерінің атындағы көше бар. Қазіргі ұрпақ Ұзақбай Құлымбетовтің сіңірген еңбегін ұмытпауы керек. Осы білім ордасындағы жастар сапалы білім алып, ел мүддесі үшін аянбай еңбек етеріне сенемін. Баршаңызды аудан күндері аясындағы шараларды тамашалауға шақырамын, — деді.

Ескерткіш алаңына жиналғандар қайраткер рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Аудан күндері аясындағы шаралар аталған мектептің мәжіліс залында жалғасты. Онда  Ырғыз ауданының Аманкөл ауылдық округіндегі Т.Шонанұлы атындағы және Ұ.Құлымбетов атындағы №64 орта мектептер арасында шығармашылық ғылыми бағытта әріптестік байланыс орнату мақсатында екі жақты меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ аудандық мәслихат хатшысы Көптілеу Қосаяқов республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында 10 оқушыға сыйлық табыстады.

Кешқұрым «Алақай» қуыршақ театрында Ырғыз халық театры Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы» драмасын сахналады.

 

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.  

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button