Спорт

Алты кездесуде ұтылмаған «Ақтөбе» сүрінді

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Жетісу» — 2:3

 «Жетісу» есе қайырды. Бұл команданы 21 шілдеде Талдықорғанда 2:1 есебімен ұтсақ, міне, енді бізді олар өз алаңымызда бір доп артықшылығымен жеңді. Ал бір кездесу тең есеппен (1:1) аяқталғанын ескерсек, әр команда биылғы чемпионаттағы кездесулерден 4 ұпай олжалады. Сөйтіп, 6 кездесу бойы ұтылыссыз ойнап келе жатқан «Ақтөбе» сүрінді.

Ал жанкүйерлерге, әрине, өкпе жоқ. 24-турдың кездесулерін еліміз бойынша барлығы 19 400 адам тамашаласа, Ақтөбе стадионына бұл күні 9000 жанкүйер келді. Мұны басқа да мысалмен бекітер болсақ, айталық, Алматыдағы «Қайрат»-«Атырау» кездесуіне бұл жолы бар-жоғы 2000 адам жиналыпты.

Обалына не керек, алаң иелері бірден ойын тізгінін қолға алуға тырысты, бірінші таймның бірінші бөлігінде қарсыластар қақпасына қарай ұмтылумен болды. Әттең, бұдан еш нәтиже шыға қоймады. Әсіресе, Маркос Пиззелли екі рет қапы қалды. Екеуінде де шымкенттік қақпашы Алмат Бекбаев кісі қызығарлықтай қырағылық көрсетті. Сөйтіп жүргенде 28-минутта есеп ашылды, бірақ біздің пайдамызға емес. Эдгар Малакяннан тамаша пас алған Руслан Степанюк ақтөбелік қақпашы Рамиль Нұрмұхамбетовті оңай алдап соғып, жібек торды бүлк еткізді — 0:1.

Сол Степанюк үзіліске шығар алдында тағы да гол авторы атана жаздады. Бұл жолы да біздің қақпашымыз шарасыздық көрсетті де, қақпаға еніп жатқан допты, әйтеуір, капитанымыз Александр Симчевич дәл сызықтың тұсынан кері қайтарып үлгерді.

Біздің жігіттердің шабуылымен басталған бірінші тайм осылай аяқталды.

Екінші таймды жетісулықтар еркінси бастады. Тіпті Сабырхан Ыбыраевтың соққысы жүректі зырқ еткізді, әйтеуір, доп діңгектен сәл қиыс кетті. Дегенмен бұл Ыбыраевтан құтылудың сәті түсті. 56-минутта бас төреші Болат Сариев оған ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін екінші рет ескерту қағазын көрсетіп, жасыл алаңнан қуды. Осылайша азшылықта қалған командаға «Ақтөбенің» азу көрсетер реті келді-ақ. Бірақ іс жүзінде олай болмады. 61-минутта біздің қорғаушылар жоқ жерден сасқалақтап, кейін қайтарылуға тиіс допты өңмендеп жетіп келген Руслан Степанюктің аяғына салып берді. Кәнігі шабуылшы бұл жолы да қателескен жоқ, тағы да қақпашыны бұйым көрмей, қақпаның сол жақ бұрышын дәл нысанаға алды — 0:2.

Әсіресе, қарсыластардың азшылықта жүріп өткізген осы добы алаң иелерінің намысын мықтап түрткілесе керек, жерлестеріміз енді бас-көзге қарамастан жойқын шабуылдарға көшті, жетісулықтарды әбден тықсырды. Оңтайлы бүйірден соққан Жамбыл Көкеевтің добын шебер қайтарған қақпашы Алмат Бекбаев одан соң, 76-минутта алаңның орта тұсынан Маркос Пиззелли асқан шеберлікпен орындаған стандартты соққыға төтеп бере алмады, айып алаңындағы қаптаған футболшылардың арасынан бұл доп қалайша қақпаға кірер саңылау тапқаны да қайран қалдырарлықтай еді — 1:2.

«Ақтөбенің» шабуылы бұдан соң да бәсеңдеген жоқ. Ақыры 85-минутта есеп теңесті. Жамбыл Көкеев қақпа сызығының тура қасында тұрып енгізе алмай, кері серпілген допты Силва Рейналдо лып еткізіп тепті де, стадионды шаттыққа бөледі — 2:2.

Әттең, жанкүйерлердің бұл шаттығы ұзаққа созылмады. Арада бір минут өтер-өтпесте Олег Хромцов арқылы жеткен пасты айып алаңының сыртында тұрған Елжас Алтынбеков сәтті пайдаланды. Ол еш ойланбастан тура қақпаға қарата жойқын соққы жасап еді, қақпашымыз Рамиль Нұрмұхамбетов ауа қармады да қалды — 2:3.

Бұдан соң ойынның да сәні кетті. Алаң иелері әлдебір әрекеттер жасауға тырысса, қонақтар уақытты барынша созуды мақсат тұтты. Оның соңы бас төреші көрсетуге мәжбүр болған ескерту қағаздарына ұласты.

Осылайша «Жетісу» жеңіске жетіп, турнир кестесінде «Ақтөбеден» бір саты жоғарыға көтерілді.

Әрі-беріден соң, жеңіс пен жеңіліс қатар жүретін заңды жағдай, сондықтан бұл ұтылыс та орны толмас өкініш емес деген секілді жұбаныш сөздер айтуға да болар еді. Бірақ кездесуден кейінгі сұхбатында команданың бас бапкері Владимир Мухановтың: «Біз өзіміз шыққан шыңнан түсіп қалғанымызды қарапайым көзбен-ақ аңғаруға болады. Бұл жайт Оралдағы кездесуде де аңғарылған болатын. Чемпионаттағы үзіліс алдында ойыншыларымыздың бойында жарқ етерліктей жігер пайда болатын шығар деп ойлағанбыз. Олай болмай отыр», — деуі де алаңдатарлық-ақ жағдай.

Дегенмен алда әлі тоғыз кездесу бар екендігін, оның ішінде бес кездесуді өз алаңымызда өткізетіндігімізді де ұмытуға болмайды. Жігіттерімізге табыс тілейік.

«Ақтөбе»-«Жетісу» — 2:3

Гол авторлары:  Руслан Степанюк 28-минут (0:1); Руслан Степнюк, 61-минут (0:2); Маркос Пиззелли, 76-минут (1:2);  Силва Рейналдо, 85-минут (2:2); Елжас Алтынбеков, 86-минут (2:3).

Ескерту қағазын алғандар: Руслан Валиуллин, 50-минут; Антон Шурыгин, 61-минут; Силва Рейналдо 85-минут; Жамбыл Көкеев, 90+4 минут; Александр Симчевич, 90+4 минут («Ақтөбе») — Сабырхан Ыбыраев, 43-минут; Алмат Бекбаев, 90+3 минут; Андрей Харабара, 90+4 минут («Жетісу»).

56-минута екінші рет ескерту қағазын алған Сабырхан Ыбыраев жасыл алаңнан қуылды.

«Ақтөбе»: Рамиль Нұрмұхаметов (қақпашы), Бағдат Қайыров, Виталий Волков, Александр Симчевич (капитан), Антон Шурыгин, Хрвое Милишевич, Саша Марьянович, Руслан Валиуллин (Милан Радин, 55-минут) , Жамбыл Көкеев, Маркос Пиззелли, Жан-Эд Морис (Силва Рейналдо, 35-минут).

«Жетісу»: Алмат Бекбаев (қақпашы), Ермек Қуантаев, Дэвид Мавутор, Лаша Касрадзе, Андрей Лебедев, Андрей Харабара, Сабырхан Ыбыраев, Мантас Куклис (капитан), Эдгар Малакян (Камо Оганесян, 64-минут), Елжас Алтынбеков (Олег Хромцов, 90+2 минут), Руслан Степанюк (Жақып Кожамберді, 78-минут).

25 тамыз 2018 жыл. Ақтөбе, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 9000 адам.

 

*   *   *

Басқа ойындардың нәтижелері:

«Ертіс»-«Шахтер» — 1:1

«Тобыл»-«Қайсар» — 0:0

«Қайрат»-«Атырау» — 4:2

«Астана»-«Қызылжар СК» — 3:0

«Ордабасы»-«Ақжайық» — 1:0  

 

*   *   *

«Ақтөбе» өз алаңымызда 12 кездесу өткізіп, 6 ойында жеңіске жетті, 4 тең ойын нәтижесі тіркелді, 2 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 26:14 (+12). Ұпай — 22. Сырт алаңда 12 ойын өткізіп, 3 кездесуде жеңіске жетті, 4 ойынды тең аяқтады, 5 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 15:19 (-4). Ұпай — 13.

Маркос Пиззелли 15 доппен чемпионат сұрмергендерінің көшін бастап келеді.

2-3 орын иелері — Адеринсола Эсеола («Қайрат») — 14 гол, Исаэль («Қайрат») — 10 гол.

Сондай-ақ Маркос Пиззелли чемпионатта «Гол+пас» жүйесі бойынша да алда келе жатқанын атап өту керек. Ол осы кезге дейін 15 гол соқса, 10 рет гол соғумен аяқталған тамаша пас берді.

 

ТУРНИР КЕСТЕСІ

 

Команда                   О         Ж        Т         Ұт           Д       Ұп

 

1.Астана                   23        18        3          2          49-13      57

2.Қайрат                   23        17        3         3          49-21      54          

3.Тобыл                    24        11        6          7          25-21      39

4.Ордабасы               24        10        3          11        30-37      33

5.Жетісу                    24        9          5          10        27-30      32

6.Ақтөбе                    24        9          8          7          41-33      29

7.Қайсар                    24        6          10        8          22-25      28

8.Ақжайық                24        6          8          10        27-33      26

9.Атырау                   24        6          7          11        23-36      25

10.Қызылжар СК      23        6          3          14        17-36      21

11.Шахтер                 23        4          9          10        17-26      21

12.Ертіс                     24        5          5          14        20-36      20

 

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

*«Ақтөбе» командасынан ФИФА шешімімен 6 ұпай шегерілгенін еске саламыз.  

 

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Маркос Пиззелли — 15 гол (3 доп пенальтиден соғылды);

Сильва Рейналдо — 5;

Милан Радин — 4;

Асланбек Кәкімов — 3 (2);

Саша Марьянович — 2;

Бағдат Қайыров —2;

Александр Симчевич — 2;

Жамбыл Көкеев — 2;

Хрвое Милишевич — 1;

Абат Айымбетов — 1;

Жан-Эд Морис — 1;

Руслан Валиуллин — 1.

2 допты қарсыластар өз қақпасына соғып алды: Шелдон Бато («Қайрат»), Олег Хромцов («Жетісу»).

 

*   *   *

Қазақстан ұлттық құрамасы 6-10 қыркүйек аралығында УЕФА Ұлттар Лигасының ойындарына қатысатыны себепті (Қазақстан-Грузия, Андорра-Қазақстан) Премьер-Лиганың 26-тур ойындары екі апталық үзілістен соң 16 қыркүйек, жексенбі күні өтеді.

Бұл турда «Ақтөбе» Шымкентте «Ордабасы» командасымен күш сынасады.

7 сәуірде Шымкентте өткен 4-тур ойынында бұл командадан 1:3 есебімен ұтылып, Ақтөбеде 17 маусымда өткен 14-тур кездесуінде дәл осындай есеппен (3:1) ұтқан болатынбыз.

Басқа кездесулер:

«Астана» (Астана) — «Қайсар» (Қызылорда)

«Қайрат» (Алматы) — «Ақжайық» (Орал)

«Тобыл» (Қостанай) — «Жетісу» (Талдықорған)

«Ертіс» (Павлодар) — «Қызылжар СК» (Петропавл)
«Шахтер» (Қарағанды) — «Атырау» (Атырау)

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button