Денсаулық

Қорғанудың бір жолы — қарсы егілу


Соңғы кезде көрші  Тәжікстан елінде жедел сал ауруының белең алып отырғаны баршаға аян. Аталмыш елде 432 адам осы ауруға шалдығып, оның бірнешеуі көз жұмған. Бұл ауру жұқпалы әрі қауіпті. Осыған байланысты біздің ел де дабыл қағып жатыр. Қазіргі күні  екі ел арасындағы байланыс қатаң қадағалануда.

Облыстық санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаменті және басқа да медициналық мекемелердің мамандары  баспасөз мәслихатын өткізіп, аурудан сақтану жолдарын түсіндіріп, тұрғындарға сақ болу керектігін мәлімдеді.

Біздің елде әзірге мұндай ауру тіркелмеген. Бірақ тоқсан жолдың торабында орналасқандықтан, көрші елден келушілер арқылы жұғуы әбден мүмкін. Сондықтан, алдын алу шаралары жүргізілуде. Бүгінгі таңда Тәжікстаннан келетін  жолаушылардың барлығы тексеріліп, аурудың бар-жоғы анықталып жатыр. Және бізге осы мемлекеттен әкелінетін  кептірілген жеміс-жидектерді тасуға уақытша тыйым салынды.

Полиомиелет — жүйке жүйесін зақымдайтын жедел жұқпалы ауру. Вирус жұлын және миға еніп, бұлшық ет жұмысын реттейтін жүйке жасушаларын зақымдайды.  Бұның нәтижесінде өмір бойы қолдың, аяқтың, дененің салдануы, тіпті, кейде  өлімге әкеліп соғуы мүмкін. Аурудың қоздырғышы суда, сүтте, ағынды суларда ұзақ сақталады. Және адамдарға тағам, тұрмыстық қатынас, сирек жағдайда ауа тамшылары арқылы беріледі. Сырқыт тұмау, баспа, асқазан-ішек бұзылысы секілді ауруларға ұқсас болып басталады. Бұл аурудың емі жоқ. Қорғанудың бір жолы — қарсы егілу.

Полиомиелитпен барлық жастағы адамдар ауруы мүмкін. Бірақ көп жағдайда  15 жасқа дейінгі балалар науқастанады.

Ақтөбе облысы аумағында полимиелиттің пайда болуының және таралуының алдын алу  мақсатында арнайы жедел штаб құрылды. Апта сайын эпидемиологиялық мониторинг жүргізіледі. Қазіргі таңда жедел сал ауруын  анықтау мақсатында  18 стационар және 103 емхана тексеріліп, 3620 амбулаторлық карта және  216 ауру тарихы қаралды. Әрбір  педиатриялық үлескі бойынша 5 жасқа дейінгі  балалардың  полимиелитке қарсы егілуіне талдау жүргізілді. Егуден бас тартқан бала саны — 118. Бұлардың  барлығы діни сенімдегілер. Қазір олармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көнбеген жағдайда  жауапқа тартылатын болады, — дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры Құралай Әлжанова.

Аурудың алдын алу шаралары негізінде көші-қон қызметі мен эпидемиологтар елге  келген азаматтарды мұқият тексеріп жатыр. Әзірге  Тәжікстаннан келген азаматтар тіркелмеген.

Және де маусым айының аяғына дейін  5 жасқа дейінгі балаларды жедел сал ауруына қарсы қайта егіп, иммунизациялау жүргізілмек. Ол үшін бюджеттен

5,5 миллион теңге қарастырылып, 83 600 баланы егуге дәрі сатылып алынған.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Оқу-жаттығу

Тырысқақ қалай тізгінделді?

Өткен бейсенбіде №1 қалалық емханаға Ақтөбе қаласының бір тұрғыны диарея, әлсіздік, шөлдеу шағымдарымен келді. Эпидемиологиялық анамнезді анықтау барысында қала тұрғынының 3 күн бұрын тырысқақ ауруының ошағы Тайланд елінен келгені белгілі болды.

Емхана дәрігері облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті мен обаға қарсы күрес станциясына, сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау департаменті мен жедел жәрдем қызметіне №30 формаға (тырысқақ) күдіктілік туралы жедел хабарламаны телефон арқылы жеткізді.

Әуелі облыстық денсаулық сақтау департаменті, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті мен обаға қарсы күрес станциясының мамандарынан құралған арнайы консультанттар тобы арнайы киім киіп, бет-ауыздарын тұмшалап келіп, күдікті тұрғынның жағдайымен танысып, лабораториялық зерттеулерге қажетті материалдар алды.

Одан соң күдікті «03» көлігімен облыстық медициналық жедел жәрдем ауруханасындағы аса қауіпті науқастарды оқшаулайтын арнайы бөлме — боксқа жеткізілді.

Бұл — тырысқақ ауруына күдікті науқасты анықтауға байланысты барлық бір-біріне байланысы бар қызметтердің әрекет тактикасы, кезекті оқу-жаттығуы.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің карантинді және аса қауіпті ауруларды қадағалау бөлімінің бастығы Дамир Көпжасаров:

— Елімізде тырысқақ ауруына қатысты оқиға тіркелген жоқ. Бірақ Азия мен Еуропаны көлік инфрақұрылымы арқылы байланыстыратын Қазақстан болғандықтан тырысқақ ауруының келу қаупі бар. Біздің Ақтөбе облысы — өндірісті өңір, әрі шетелдіктер көп келетіндіктен, жұқпалы ауруларға қолайлы.

Оқу-жаттығу тырысқақ және ішкі инфекциялар ауруларының эпидмаусымы басталуына байланысты өткізіліп отыр, — деді.

Ал әлемде тырысқақ ауруына қатысты жыл сайын 50 мыңнан аса оқиға тіркеледі.

Осы жылдың өткен айларында Африка, Азияда 3870 науқас тіркеліп, оның 95-і қайтыс болған.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

***

Жәндіктер жанданған шақта…

Туляремия – табиғи ошақты аса қауіпті  аурулар қатарына жатады. Облыс аумағында Ойыл, Қобда, Ырғыз, Ор өзендерінің жайылмалары бойында туляремия ошақтары бар.

Адамдар туляремия қоздырғышының сақтаушыларымен, (кеміргіштер), таратушылармен (кене, маса, сона) табиғи ортада жиі кездесуі  мүмкін.  Әсіресе, бұл ауруды туляремияның табиғи ошағы бар жерлерде қызмет бабымен ұзақ уақыт болатын және ауылшаруашылық саласында қызмет ететін адамдардың  жұқтыру қауіпі жоғары.

Соңғы жылдары мал басының азаюы әсерінен өзен алқаптарындағы биоценоздың қалыпты жағдайына келуі және кешенді профилактикалық жұмыстардың толық жүргізілмеуі тулеремия эпизоотиясының жандануына себеп болып отыр. 2003 жылы Ойыл ауданының үш тұрғыны туляремия ауруымен ауырды. Осыдан кейін облыстың туляремия ошағы бар аумақтарында туляремияға қарсы алдын ала егу жұмыстарының көлемі ұлғайтылды. Бірақ  2007 жылы Ақтөбе қаласынан Ойыл ауданына барған бір адам осы ауруды жұқтырған. Сондықтан азаматтардың аталған ауру туралы білгендері жөн.

Біздің өзен-суларымызда жиі кездесетін су тышқаны  (водяная полевка) —  туляремияның негізгі сақтаушысы. Сол сияқты ондатрдың, дала қоянының  да туляремия қоздырғышын сақтау-тарату мүмкіндігі жоғары.  Адамдар бұл аңдардың терісін сыпыру кезінде, піспеген етін пайдаланғанда, болмаса ауру кеміргіштер бар суларда шомылғанда не ішкен кезде   ауруды жұқтырады.

Ауру кене, маса, соналар арқылы да жұғады.

Туляремия қоздырғышы адам ағзасына терісі арқылы, көздің, ауыздың не тыныс жолдарының кілегей қабаты арқылы тез өтеді.  Аурудың бірінші белгілері мынадай. 3-5 күн өткен соң дене қызуы көтеріліп, бас ауруы, тершеңдік байқалады, денесі қалтырап, ұйқысы қашып, тамаққа зауқы соқпайды. Осы кезде мойын, жақ асты, қолтық, шап бездері қабынып, үлкейеді. Оның үлкендігі тауық жұмыртқасындай болуы да мүмкін.  Қоздырғыштың теріден енген жеріндегі жара ісініп, жақын жердегі бездер үлкейеді, ал ауыз қуысы арқылы өтсе, тамақ бездері қабынып, іш ауруы, қарын тұсы ауыруы мүмкін. Тыныс жолдарына түскен қоздырғыш тұмауға, өкпе қабынуына ұқсап құрғақ жөтел пайда болып, кеуде тұсы ауыра бастайды.

Емделмесе, бұл ауру ұзаққа созылуы мүмкін, дегенмен емделсе толық жазылып шығады.  Ауру адам айналасына залалсыз, ал ауырып жазылған адам екінші рет бұл аурумен ауырмайды.

Туляремия ауруынан сақтану шаралары жүргізілген дұрыс. Ал сақтанудың тиімді шарасы – алдын ала егу жұмысы. Туляремияға қарсы егілген адам 20-30 күннен соң ауруға қарсы тұра алады және 5 жылға дейін бұл күшін сақтайды. Сондай-ақ елді мекендерде кеміргіштердің, кенелердің көзін құрту керек. Сондай-ақ   үй, қора-жай, құдық маңының санитарлық тазалық жағдайына өте үлкен көніл бөлінгені жөн. Азық түліктің, астықтың сақталатын жерлерінде кеміргіштерді болдырмау, індерін цементпен, шыны-темір сынықтарымен бітеу керек.

Лариса НҰРМАҒАМБЕТОВА,

Ақтөбе облыстық обаға қарсы станса бастығының

эпидемиологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары.

***

Омыртқаңыз қисаймасын десеңіз…

Сколиоздың  алдын алу маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан  оған ерте жастан көңіл аудару қажет.

Сколиоз — тіндердің өзгерістерімен, омыртқалардың ығысуымен және қисаюымен омыртқа жотасының  бүйірлік  ауытқуы. Шамамен алғанда бірінші кезең — 8 жасқа, екінші кезең — 8-ден 14 жасқа және  үшінші кезең — 15-тен 17 жасқа дейін.

Туа  біткен сколиозға омыртқалардың  тұтасып бітуі,  қосымша жарты омыртқалардың болуы, қабырғалардың тұтасып бітуі және т.б. себепші болады.  Бұл ерте, балалық  шақта байқалатын омыртқа жотасы өсуінің асимметриясына әкеліп соғады.

Аурудың  баяу білінуі, омыртқаның шектелген телімінде қисаюы және компенсаторлық  қарсы қисаюы сколиоз ағымының ерекшеліктері болып саналады.

Диспластикалық сколиоз омыртқа  жотасының  бел-сегізкөз бөлігінің дамымауы салдарынан болады.  Бұл — қисаюдың  өте ауыр түрі.  Ол 8-10 жастар аралығында жиірек анықталады,  тез үдейді.  Қисаюдың негізгі доғасы бел бөлігінде орын алады.

Ерте жастан  баланың мүсінін, омыртқа жотасына жүктеме түспеуін қадағалау қажет.  Мысалы,  баланың  өзі отырғанға дейін ертерек отырғызуға тырысудың қажеті жоқ, баланы өне бойын бір жағымен қолға алып көтеруге,  бір қолымен  алып жүруге болмайды.

Мектеп жасына  дейінгі және мектеп  жасындағы балалар үшін  жиһаз қатаң түрде бойына сәйкес  болуы керек, үстелдің арқасы омыртқа жотасының  табиғи иілулерін дұрыс қайталауы қажет.  Омыртқа жотасының  дұрыс  дамуына спортпен, жекелеп алғанда жүзумен, бимен,  гимнастикамен, дене шынықтырумен шұғылданған пайдалы. Егерде баланың  ата-анасы қандай да бір  ауытқуды  байқап қалса, баланы дәрігерге көрсетуі қажет,  массаждың  және дене шынықтыру емінің курсын алуға тиісті. Ауытқу неғұрлым ертерек анықталса,  соғұрлым ауруды зардапсыз жоюдың мүмкіндігі жоғары.

Рахиттік сколиоздың алдын алу үшін бала жыл бойы таза ауада серуендеуі қажет. Келешекте сабақта, оқуда, компьютерді  пайдаланған кезінде баланың  дұрыс  отыруын ұдайы бақылау керек.

Басы шамалы көтеріңкі, иықтары жазыңқы, жауырындары шығып тұрмайтын, іш сызығы көкірек қуысы сызығынан алға шықпай отыруы дұрыс болып саналады. Баланың   тамақтану рационында минералдар — кальций мен фосфоры жеткілікті азық-түліктер, сонымен қатар «С» және «Д» витаминдері мол сүттен жасалған тағамдар, балық, көкөністер және жемістер жеткілікті  түрде болуы тиіс.

Осындай жалпы  қабылданған ережелерді сақтау балаға құнды өмір салтын және барынша денсаулығын  ұзақ сақтауға  мүмкіндік туғызады.

Н.ҚАНАТБАЕВ,

Ақтөбе облысы бойынша бақылау және

әлеуметтік қорғау департаментінің бас маманы.

И.БОРИСОВА,

№4 медициналық-әлеуметтік

сараптама бөлімінің бас маманы.

***

***

Тексеріл және сақтан!

АҚТҚЖҚТБ — қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Яғни, адамның қорғаныс тапшылығы қоздырғышы жұқпасын жұқтыру арқылы азаматтар жұқтырған қоздырғыш тапшылық белгісіне шалдығуы  мүмкін.

Сонымен аталған жұқпа туралы нені білуге болады? Адамдардың бет-келбетіне қарап қай адамның АҚТҚ жұқпасын жұқтырғанын білу мүмкін емес. АҚТҚ-ға шалдыққандардың көпшілігі өздерін аурумыз деп ойламайды. Алайда ол жүкті әйелдер үшін қауіпті. Өйткені жүкті әйел АҚТҚ-ға шалдыққан болса, онда ауру әйел арқылы баласына беріледі. Сондықтан балаға АҚТҚ жұқтырмас үшін алдын алу шараларын қолдану керек. Яғни, тестілеуден өтіп, медициналық  көмек алған жөн.

АҚТҚ-ны жұқтырған немесе жұқтырмағаныңызды анықтаудың жалғыз әдісі — тестілеуден өту. Егер сіз тестілеуден өтсеңіз және АҚТҚ жұқпасын жұқтырғаныңыз анықталмаса, әрі қарай өзіңізді және балаңызды қалай қорғау керек екенін біле аласыз.

Биылғы жылдың наурыз айының басындағы көрсеткішке сүйенсек, елімізде  АҚТҚ жұқпасын жұқтырған 14284 адам тіркелген. Ал біздің облыс бойынша 194 адам аталған жұқпаны жұқтырса,  оның ішінде үшеуі — 14 жасқа дейінгі балалар, 19-ы — жүкті әйел. АҚТҚ жұқтырған әйелдерден туған балалар саны —11. Бір балаға «АҚТҚ-жұқпасы» диагнозы қойылған. Ал 5 бала диспансерлік тіркеуден шығарылып,  4 бала серонегативті кезеңде тұр, 1 бала қайтыс болған. Сондықтан кез келген отбасы аталған аурудан сақтануы қажет. Әрі ол туралы ақпаратты толық білу арқылы өзіңіздің, балаңыздың және отбасыңыздың денсаулығын қорғай аласыз.

АҚТҚ-ның жұғу жолдары қандай?  Негізгі берілу жолы — жыныстық қатынас арқылы. Егер кез келген  жүкті әйел жыныстық қатынас кезінде сақтанбаса,  АҚТҚ жұқпасын жұқтыруы әбден мүмкін. Сондай-ақ АҚТҚ қан құю кезінде де жұғады. Егер қан АҚТҚ-ға тексерілмеген болса, қан кұйған кезде АҚТҚ ағзаға түседі.  Қоздырғыш сонымен қатар есірткі немесе басқа дәрі-дәрмектерді бір инемен шаншу  арқылы да жұғады. Сонымен қатар бірге қолданған өткір заттарды, мәселен, қырынған ұстара немесе денені тесіп және кесетін, денеге сырға (пирсинг), ен салатын (татуировка) құралдарды қолданғанда АҚТҚ жұқтыруыңыз мүмкін. АҚТҚ мына жағдайларда жұқпайды: маса шаққанда, бірге тамақ ішіп, ортақ ыдысты пайдаланғанда, құшақтасып жақындасқанда, қол алысқанда, дәретхана  бұйымдарын (орамал, сабын, т.б) пайдаланғанда.

Жалпы, АҚТҚ-ға тестілеуден өтудің көптеген  артықшылықтары бар. АҚТҚ-ға тестілеуден  өту немесе бас тарту — әр адамның жеке ісі.  Ал  тест нәтижесін тек сізге көмек көрсетіп жатқан медицина қызметкері анықтай алады. Сондай-ақ сіздің сараптамаңызға қарамастан, қасыңыздағы серігіңіз де тестілеуден өткені жөн.

Тұрсынгүл ЕСЖАНОВА,

облыстық  ЖҚТБ орталығының дәрігері.

Оңтүстікте — қырым безгегі, Шығыста — кене энцефалиті…

Көктем айларында облысымызда кене шаққан 41 адам дәрігерге көрінген. Олардың 29-ы — балалар. Ал кене шағу оқиғасы ең көп тіркелген өңір — Мәртөк ауданы.

Соңғы жылдары оңтүстік және шығыс аймақтарда кене арқылы таралатын қауіпті жұқпалы дерттерге шалдығушылар қатарының күрт көбеюі қазақстандықтарды алаңдатып отыр. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында өткен жылы 14 адам Конго-Қырым қанды безгегіне шалдығып, олардың алтауы қайтыс болған  еді. Ал биыл Оңтүстік Қазақстанда осы дерттен тағы екі адам қайтыс болды. Конго-Қырым қанды безгегіне шалдығу оқиғалары Оңтүстік Қазақстан облысына көршілес Жамбыл және Қызылорда облыстарында да тіркелді. Оңтүстіктегілердің қаупі Конго-Қырым қанды безгегі болса, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында кенелер арқылы таралатын тағы бір қатерлі дерт — кене энцефалитіне шалдыққандар саны көбейіп барады.

Ал біздің облысымыз кене энцефалиті дерті бойынша эндемиялық аймаққа жатпайды, сондай-ақ Ақтөбе жерінде Конго-Қырым қанды безгегінің табиғи ошақтары да тіркелмеген. Басқаша айтқанда, облысымыздың аумағында нақ осы дерттердің таратушысы болып табылатын кене түрлері жоқ. Солай екен деп арқаны кеңге салуға да болмайды. Дәрігер-эпидемиологтар, мысалы, Конго-Қырым қанды безгегі таратушысы болып табылатын кенелердің бізге оңтүстік өңірлерден келіп жатқан мал мен көкөністер арқылы жетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Оның үстіне біздің облысымыз оңтүстік өңірмен шекаралас екенін де ұмытпаған жөн: ал мамандар соңғы кездері кенелердің таралу ауқымы артып келе жатқанын айтып дабыл қағып отыр. Бұрын Конго-Қырым қанды безгегін таратушы кене түрлері Оңтүстік Қазақстан облысының үш ауданында ғана кездескен болса, бүгінгі күні бүкіл облысқа таралып, бұл өңірде «кене шақты» деген шағыммен дәрігер алдына келетіндер саны күніне 200 адамға жетіп отырған көрінеді. Жағдайдың ушыққаны соншалық, эпидемиологтар тіпті Оңтүстік Қазақстанда оқушылардың жазғы лагерьлеріне  тыйым салу жөнінде де әңгіме қозғады…

Конго-Қырым қанды безгегі дертінің таратушылары Қырым аймағында, Африка мен Орталық Азия жерінде кездеседі. Кейбір зерттеушілер бұл жұқпалы дертті Орталық Азия безгегі деп те атайды.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті карантинді және басқа аса қауіпті жұқпалы дерттерді қадағалау бөлімінің бастығы Дамир Көпжасаров:

Бұл дерттің көзі — сүтқоректілер болып табылады: сиыр, ешкі, қоян; ал таратушылары — иксодты кенелер, — дейді.

Дамир Көпжасаровтың айтуынша, Ақтөбе жерінде Конго-Қырым қанды безгегі мен кене энцефалитін тарататын кенелер жоқ болғаныменен, облысымыздың алты ауданында —  Ойыл, Алға, Қобда, Темір, Ырғыз және Әйтеке биде туляремия дертінің ошақтары бар. Ал бұл дерт те кенелер арқылы таралады. Үстіміздегі жылы аталған аудандарда туляремияға қарсы 7700 адам егілген.

— Күнделікті тұрмыста кене шағуынан сақтанудың басты жолы — үй айналасында тазалықты сақтау, ерте көктемде ауланы міндетті түрде қоқыстан, қураған шөптен тазарту керек. Ал мал ұстайтын орындардың үйден алшақ болғаны дұрыс. Сондай-ақ кенені үйге ит пен мысық та әкелуі мүмкін екенін ескере жүріңіз, — дейді аталмыш департаменттің паразитологиялық қадағалау бөлімінің бастығы Назгүл Нағашыбаева.

Ал табиғатқа шыққанда кене шағуынан сақтану үшін, ашық түсті киім киіп,  міндетті түрде орамал тарту керек. Киімге кене жабыспады ма деп жиі-жиі тексеріп тұрған дұрыс. Сондай-ақ кенені үркітетін заттарды (дәріханалар мен шаруашылық дүкендерінен сұраңыз) пайданаланыңыз. Үйге келгенде себілгіге түсіп, денені, әсіресе, шашты мұқият қарап, киімдерді де тексеріп, жуып алған жөн. Денеге жабысып тұрған кенені байқасаңыз, вазелин, сұйық май жағып, 20-30 минуттан кейін абайлап алып тастап, орнын зарарсыздандыруға йодты пайдаланған дұрыс.

— Кене шаққан жағдайда міндетті түрде дәрігерге көріну керек. Кене шаққан адам үш апта бойы невропатологтың бақылауында болуы тиіс, — дейді Назгүл Нағашыбаева.

Индира ӨТЕМІС.

***

Бозқараған гүлін «сағыз» етемін деп…

Жаз басталып, күннің ысуына байланысты жұқпалы ішек дертіне шалдыққандар қатары көбейіп отыр. Өткен аптада облысымызда жедел ішек инфекциясымен 12 адам дәрігерлер көмегіне жүгінген.

Олардың тоғызы — 14 жасқа дейінгі балалар.

Бұл жөнінде бізге облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бас маманы Гүлжан Маханова хабарлады.

Балалардың ішек дертіне шалдығу себептеріне келсек, олардың бірі екі күн тұнған  өсімдік сорпасын ішкен болып шықты, ал енді бір сәбидің анасы Ақтөбедегі «Алтай» базарының тұсынан ветеринарлық және санитарлық қадағалаусыз сатылған сиыр сүтін алып ішкізген. Ішек дертімен ауруханаға түскен тағы да бір адам — колледж оқушысы — қолдан сатып алынған сүзбе жеген болып шықты. Оның үстіне бұл бозбаланың сағыз орнына бозқараған гүлін пайдалануды ұнататын «қызық» әдеті бар екен. Ал мұның санитарлық тұрғыдан алғанда орынды әдетке жатпайтыны түсінікті, — дейді Гүлжан Маханова.

Сондай-ақ жедел респираторлы вирусты инфекциялар да азаймай тұр. 20-27 мамыр аралығында облысымызда 406 адамның жедел респираторлы вирусты инфекцияға шалдыққаны тіркелген. Сонымен бірге, туберкулез дертіне ұшыраған 17 адам есепке алыныпты.

Мамыр айының соңғы аптасында санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметі арқылы тексерістен өткізілген ауыз су, азық-түлік түрлері арасынан: 6 ауыз су, 10  тағам, 1 сүт өнімі сынамасы микробиологиялық көрсеткішке сай болмай шықты және 5 ауыз су, 2 азық-түлік сынамасында санитарлық-химиялық көрсеткіштерден ауытқушылық анықталды. Мысалы, «Фриком» ЖШС-нан сатып алынған «Ақниет-Плюс» ЖШС-ның ерте піскен қырыққабат, қызылша өнімдерінде нитраттар мөлшері тиісті деңгейден жоғары екені анықталды. Қазіргі таңда бұл өнімдердің қалған  бөлігі саудадан алынған. Ал «Анвар» супермаркеттерін жоспарлы тексеру барысында  осы желіге қарасты екі дүкендегі қырыққабат, сәбіз және саңырауқұлақ салаттарынан ішек таяқшасы тобына жататын бактерия табылған.

Сондай-ақ «Ольджа» шаруа қожалығының өнімі де — шикі сүт — стандартқа сәйкес болмай шықты. Осы жағдайға байланысты тексеру барысында  ыдыс жуу ережесінің және санитарлық-залалсыздандыру тәртібінің бұзылғаны анықталып отыр.

Сөз соңында жаз мезгілінде тағам қауіпсіздігі, тазалық мәселесінде екі есе қырағылық керек екенін есіңізге салғымыз келеді. Әсіресе, ет, сүт өнімдерін, басқа да тез бұзылатын тағам түрлерін тек қана рұқсат етілген орындардан сатып алыңыз. Ал көкөніс, жеміс алар болсаңыз, сатушылардан нитраттар мөлшеріне қатысты тексеру қорытындыларын талап еткеніңіз жөн.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

***

Колопроктологтар кеңесті

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен «Колопроктологияның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

Оған медициналық жоғары оқу орындары оқытушылары, ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтар қызметкерлері және колопроктолог дәрігерлер қатысты. Конференцияға Қазақстанның Астана, Атырау, Шымкент, Ақтөбе облыстары мен Достастық елдеріндегі Мәскеу, Уфа, Астрахань және Баку қалаларынан білікті ғалымдар мен таңдаулы дәрігерлер келді.

Конференция барысында колопроктологияның өзекті мәселелеріне арналған тақырыптарда баяндамалар тыңдалды. Колопроктология мәселесінде тік ішек пен тоқ ішекте болатын әртүрлі аурулардың емделу жолдары проблемалық мәселеге айналып жүр. Осындай өзекті жайлар ғалымдардың зерттеулерінен көрініс тауып отырғаны алқалы жиында мәлім болды.

Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты хирургия кафедрасы колопроктология курсының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, профессор Марат Абдуллаев тік ішек пен тоқ ішекте болатын әртүрлі аурулар Достастық елдері ғалымдарын алаңдатып отырғанын, сондықтан көтерілген тақырып өзектілігі де осыдан туындайтынын айтты.

Конференцияда профессорлар Е.Бекмұхамбетовтің (Ақтөбе), А. Кузьминовтың (Мәскеу), медицина ғылымының кандидаты Э.Джавадовтың (Мәскеу) баяндамаларында дұрыс тамақтану, сондай-ақ су мен ауа тазалығы мәселелерінің адам денсаулығына әсері кеңінен қозғалды.

Жетпісбай Жанахметов,

облыстық салауатты өмір салтын

қалыптастыру орталығының баспасөз маманы.

***

Тырысқақ су арқылы таралады

Өткен жылы әлемде 5,5 мың адам тырысқақ дертінен көз жұмған.

Әсіресе, жаз кезінде аса қауіпті әрі жұқпалы ішек дерті болып табылатын тырысқаққа шалдығушылар қатары күрт артады. Осыған орай жуырда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры Құралай Әлжанова баспасөз өкілдерімен кездесу өткізді.

Біздің еліміз аумағында соңғы жылдары тырысқақ дерті тіркелген жоқ. Әйткенмен әр жылдары Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында тексеру жүргізу кезінде су көздерінен бұл дерттің қоздырғышы табылып жүр.

— Өз облысымызға келсек, ең соңғы рет 2007 жылы Ақтөбе қаласындағы Сазды су қоймасынан тырысқақ дертінің қоздырғышы табылды. Одан бері бірнеше жыл өткенімен және ол жолы табылған қоздырғыш — тырысқақ дертінің эпидемиялық емес түрін тудыратын штамм болғанымен де, қамсыз отыруға болмайды. Өйткені сол штаммның табылуының өзі бұл өте қатерлі дерт қоздырғышының табиғаттағы айналыста жүргенін көрсетеді. Оның үстіне, өткен жылы тырысқақ әлемнің 56 елінде тіркелген болса, біз сол елдердің бірқатарымен тығыз қарым-қатынастамыз, — дейді Құралай Әлжанова.

Тырысқақ эпидемиясының қауіптілігі — өлім-жітім көрсеткішінің жоғары болатындығында. Биыл жыл басынан бері әлемде 4 мыңға жуық адам тырысқақ дертіне шалдығыпты. Тырысқақ дертіне шалдыққандар, негізінен, Оңтүстік-Шығыс Азия, Мұхитстан, Африка елдерінде тіркелген.

Бұл дерт су көздері (қайнатылмаған су ішкенде, жеміс-жидек, көкөністерді қайнатылмаған сумен жуғанда және шомылып жүріп су жұтқанда) мен жеміс-жидек, көкөністер арқылы таралады.

Бүгінгі күні облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметі, басқа да денсаулық сақтау мекемелері тырысқақ дертінің алдын алу мақсатында кешенді шаралар ұйымдастырып отыр.

— Тырысқақтың алдын алудың басты шарты — тазалық. Тек қана қайнатылған су ішіп, жеміс-жидек, көкөністерді қайнатылған сумен жуыңыз! Ыдыс-аяқты ыстық сумен жуып, қайнатып тұруды ұмытпаңыз, — дейді дәрігерлер.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

***

Денсаулық сақтау министрлігі:

Түркияға барсаң, гепатиттен абай бол

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Түркияға демалуға баратын қазақстандықтарға гепатиттен сақтану жөнінде ерекше ескерту жасап отыр.

Себебі соңғы уақытта бұл елде гепатит дертіне шалдыққандар саны күрт артқан. Бұл туралы Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы Кеңес Оспанов БАҚ өкілдерімен болған баспасөз мәслихаты барысында хабарлады. Кеңес Оспанов: «Біздің азаматтар Түркияға сапарлар болса, жеке гигиена шараларын қатаң сақтауды ұмытпағандары жөн», — дейді.                                                                                          Сонымен қатар, қазір Үндістан, Пәкістан, Сингапур, Малайзия елдерінде тырысқақ ауруы көбейіп тұрғанын ескеру керек. Сондай-ақ безгек ауруы да өте қауіпті. Мәселен, жыл сайын әлемде 300 миллион адам осы ауруға шалдығып, оның 1 миллионы қаза табады. Расында да, тропикалық елдерге тән саналған бұл дерт соңғы жылдары Әзірбайжан мен Қырғызстанда да тіркеліп, бізге «жақындай» түскен. «Аталған елдерден келетін мигранттар безгек ауруын тасымалдаушы болуы мүмкін», — дейді Кеңес Оспанов.                                                                Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы шет елдерге шығатын азаматтарға аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарына келіп, мамандармен ақылдасуға кеңес береді.

Республикалық БАҚ материалдары бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button