Білім

Жаңа оқу жылы және жаңа бағыт

Тамыз конференциясы

Ақтөбеде «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбындағы педагогтардың кезекті тамыз конференциясы аясында секциялық отырыстар жұмысы басталды. Биыл қала бойынша пәндік секциялық отырыстар фасилитациялық сессия форматында өтіп жатыр.

Қалалық ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Жәния Есенжолованың айтуынша, дәстүрлі тамыз конференциясы аясында өтетін секциялық отырыстар жыл сайын түрлі форматта ұйымдастырылады. Биылғы жылдың ерекшелігі — педагогтар талқысына белгілі бір тақырыптар ұсынылып, оның шешу жолдарын қарастыруда.

Сессия жұмысы барысында педагогтар жаңартылған білім беру мазмұнының жағдайында білім беру процесін ұйымдастырудың алғашқы жетістіктері мен нәтижелерін, балалар және олардың ата-аналарымен жұмыстарда педагогтың жаңа көзқарасын қалыптастыруды қамтамасыз ететін негізгі факторларды, басқару инновациясын, дарынды балалардың бастамаларын қолдау және олардың бәсекеге қабілетін дамыту секілді негіз проблемалық мәселелерді қозғады. Сондай-ақ, 2018-2019 оқу жылында барлық қала мектептерінде IT кабинеттердің ашылуы, роботехника үйірмелерінің жұмыстарын жүргізу, IT кабинеттердің жұмыстарын жүйелі жүргізудегі педагогтарға арналған IT курстардың артықшылығы жөніндегі өз ойларымен педагогтар фасилитациялық сессия жұмыстарының қызықты өтуіне өз септіктерін тигізді.

Сондай-ақ бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі – мектеп формасының сақталу мен жасөспірімдер қауіпсіздігін талқылау фасилитацияық сессия жұмыстарын одан әрі өрбіте түсті.

Айта кетейік, фасилитациялық сессия отырыстары 22 тамызға дейін жалғасатын болады. Ал педагогтардың дәстүрлі тамыз конференциясы 24 тамызда Өнер орталығында өтеді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button