Басты жаңалықтарСпорт

Ақтөбелік балуан Қазақстанға 12-медальді сыйлады!

Индонезияда өтіп жатқан XVIII жазғы Азия ойындарының екінші жарыс күнінде, яғни, 20 тамызда Қазақстан құрамасы бірнеше спорт түрінен бақ сынады. Бұл күні біздің құрама, өкінішке қарай, жалпы есепте бесінші орыннан 11-орынға сырғып кетті.

Қазақстан спортшылары Азиаданың алғашқы күні 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алса, екінші күні ел қоржынына жалғыз күміс жүлде бұйырды. Оны әйелдер күресінен Жұлдыз Ешімова жеңіп алды.

53 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Жұлдыз Ешімова ақтық сында Солтүстік Корея өкілі Пак Юнг Миден 11:0 есебімен жеңіліп, Қазақстан қоржынына екінші күміс медалін салды. Ол бұған дейін жартылай финалда монғолиялық балуанды 12:11 есебімен ұтып, финалға шыққан болатын.

Тағы бір спортшымыз Мария Дмитриенко стенд атудан Азия ойындарының финалына жолдама алып, Азиаданың рекордын жаңартты.

21 тамыз күні Қазақстан 1 алтын, 5 күміс, 7 қола медальмен рейтингте оныншы орынға көтерілді. Тартысты сайыстың үшінші күні Қазақстан қоржынына біршама медаль түсті.

Қазақстандық Кирилл Казанцев қола медаль жеңіп алды. Спортшы кросс-кантри категориясында сынға түсті. Казанцев алғашқыда үш айналым бойынша бірінші орында келе жатты. Алайда қытайлық спортшылар басымдық танытып, отандасымыздың алдына шығып кетті. Нәтижесінде Казанцев қытайлық спортшыдан 2 минут 32 секундқа кейін қалып, үшінші орынға табан тіреді. Екінші орынды да Қытай спортшысы еншіледі. Бағдарламаның аталған  түрінен тағы бір отандасымыз Шарик Әділов сынға түскен еді. Спортшы жарысты 8-орынмен тәмамдады.

Осы күні қазақстандық таэквондошы Руслан Жапаров та Азиаданың қола медалін жеңіп алды. Ол 80 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі жартылай финал ойындарында ирандық спортшыдан 7:11 есебімен жеңіліп қалды. Дегенмен Жапаров медальсіз қалмады. Спорттың аталмыш түрінің ережелеріне сәйкес, жартылай финалда жеңілген  таэквондошы қола медальға ие болады. Руслан Жапаровтың жетістігі Қазақстанның құрамасының активіне сегізінші медаль алып келді.

Таэквондошы Жансель Дениз ел қоржынына күміс жүлде салды. Отандасымыз 67 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша финалдық сында Оңтүстік Корея елінің спортшысы Дабин Лимен кездесті. Екеуі бір-біріне тегеурінді шабуыл жасағанмен,  Ли басымдық танытып, Дениз қарсыласынан 21:27 есебімен жеңіліп қалды.

Ал 67 келі салмақта Азия ойындарының финалында белдескен Алмат Кебіспаев күміс жүлдегер атанды. Кебіспаев финалда Оңтүстік Корея өкілі Хансю Рюдан бір ұпай айырмашылығымен жеңілді. Есеп — 5:4. Алмат Кебіспаев финалға дейін қарсыластарын айқын басымдықпен жеңген болатын. Өкінішке қарай, ақтық сында біздің балуанға аздаған сәттілік жетіспей қалды.

22 тамыз күні  Қазақстан қоржынына 8-қола медаль түсті.

Бұл күні ақтөбелік балуан Мейрамбек Айнағұлов Қазақстанға Азия ойындарындағы 12-медальді сыйлады. Грек-рим күресінен 60 келіде сынға түскен Мейрамбек Айнағұлов Азиаданың қола жүлдегері атанды. Қола медаль үшін күресте Айнағұлов Солтүстік Корея спортшысын 13:5 есебімен жеңді.

Семсерлесуден Қазақстан әйелдер құрамасы ел қоржынына сегізінші қола медалді салды. Тамара Почекутова, Әйгерім Сарыбай, Айбике Хабибуллина және Татьяна Приходько жартылай финалда Қытай құрамасына жол берді. Есеп – 25:45. Семсерлесу спортының ережесі бойынша, жартылай финалда жеңіліс тапқан команда автоматты түрде қола жүлдеге иелік етеді. Осылайша, жақында ғана Азия чемпионатынан жүлделі оралған семсерлесуші қыздар Азия ойындарында да үздіктер қатарына енді.

Семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы да қоржынға қола жүлде салды. Олар  жартылай финалда Жапония құрамасына жол беріп, құрлық додасында үздік үштікке енді. Есеп – 36:45. Осылайша Эльмир Алимжанов, Дмитрий Алексанин, Руслан Курбанов және Вадим Шарлаимов төрттігі Азия ойындарының қола жүлдегері атанып отыр. Еске сала кетейік, осыған дейін аталған спорт түрінен қазақстандық қыздар құрамасы да қола медаль жеңіп алды. Ал 19 тамыз күні семсерлесуші Дмитрий Алексанин Қазақстан қоржынына алғашқы және әзірге жалғыз алтынды салған болатын.

Қазақпарат материалдары бойынша әзірлеген М.САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button