Әдебиет

«Өлең — менің көкірегімнен көшкен үн»

Гүлімай Әбішқызы

Қос өркеші дір-дір,
қоялығы үлбір,
жанары мөлтең-мөлтең,
жаратылысы көркем
бір бота
боздап барады, боздап барады.
Баянсыз əлем бүйірі
бүлк ете жаздап қалады.

Қасіреті тірсегінен қағып,
көз жасынан қасаң тұмар тағып.
Үлпілдегі үп еткенмен билеп,
үміт жалғап, үзік ноқта сүйреп,
тұмсығымен түнек түртіп,

ойнайтынын-ай!
Шаршамай ма,
шер шайнауын қоймайтынын-ай!

Жетердей Балқан тауына,
көнердей арқандауына
тапырақтайды-ай,
жолына өсесің-ау сен,
өзегін тесесің-ау сен,
жапырақ-қайғы-ай!

ххх

Бүршігім-ау!
Сендік қауыз-тағдырдың түсі қандай?
Қырсығым-ау,
жаз — желкесі əлемнің, қысы — маңдай.
Мамыражай мамықсып үлбірейсің
ертеңнің бүгініңде ісі бардай.
Налимын түсіне алмай.

Күйің жұмбақ пендеуи жаны барға
кейпің қайта жасылға қанығар ма?
Қараша тұр құрбанын танып алған
міне-міне мөлтеңдек үмітіңді
үзіп-үзіп, тастайды соны қарға.
Түледің.
Мəні бар ма?

Лиза Бақыт

 Бір  бақыт

Тақсырдай болған тағдырдан көңілім қалған кездер көп,

Көзіме емес, сыртымнан айтылатұғын сөздер көп.

Көңілге қаяу түсіріп, сүйекке жетер сөз-кермек,

Маңдайға жазса жазмыш, өмірің қалай өзгермек?!

 

Өткеріп келем өзімше өрнектеп ғұмыр-уақытты,

Армандап әсте көрмеппін гауһар тас, маржан-жақұтты.

Қызғыштай қорып күн кешем, болуын тілеп күнде есен,

Қолыма қонған көгілдір, көк қанат құсым — бақытты.

 

Әйелдің жолы жіңішке… Көңілінде көп арман бар,

Аққудай асыл армандар, қияға биік самғаңдар.

Жүзіңдер көңіл-айдында, жүректі мәңгі жырлатып,

Арманның құсын аялап өту де сірә, бір бақыт !

ххх

Ертеңімнен арғы күнім — бүрсігүн,

Ертеңіме хат боп қалсын бір сырым.

Ой қуамын орамалым желбіреп,

Өз әлімше «жыршымын».

Өзіме аян тар жол, тайғақ кешкенім,

(Сырт көзге жоқ өзгелерден еш кемім)

Өлең — менің көкірегімнен көшкен үн,

Беймазалау кештерім.

Түңілмеймін, түндігімді түремін,

Күлімдеймін, жайып көңіл кілемін.

Өлең келіп есігімді қағып тұр,

Өмір сүремін…

Құндыз Жұбаева

Беу, Ерке Жем, сағынышым ең ыстық,

Өз кеудемді өзім қалай жеңейін?!

Топырағыңнан, толқыныңнан уыстап,

Көкiрегiме себейін.

Сөнер ме екен, бұл сағыныш сонда бір,

Сенде алаңсыз тасып ал.

Көңілімнен көшпей жүрген жорға-мұң,

Шайқалар да басылар.

Салмағыңды сездірмесең қайтеді?

Әй, Сағыныш, қашықтамас Жем менен.

Толқынымен жарысқан ем…. әйтеуір,

Озам шауып өрге мен,

Мен өтемін кермеден.

Сен де Ұлысың менің туған анамдай,

Сен де адалсың, сағынышым — сары мұң.

Сен арқылы сонау құйттай даламды,

Шексіз сүйдім… Сағындым.

Беу, Ерке Жем, жетер ме екем бағаңа?

Сағыныш па?

Басылар…

Сылдырыңа мендік жүрек садаға,

Сағынта түс, тасып ал.

Мен шыдармын….

Самат Нарегеев

 Балалық шақ

Ойламай туған жерді,

Сірә, күн кешесің бе?

Бал күнім өткен еді,

Ауылдың көшесінде.

 

Тірлігі қарапайым,

Жұпыны емес бірақ…

Біраз сыр таратайын,

Сол кезден елес құрап.

 

Сай-қырда жалаңаяқ,

Бұзау да бағатынбыз,

Тікенге қарамай-ақ,

Шаттанып, шабатынбыз.

 

Көкжиек, сағым, дауыл,

Ыссы леп кезген дала.

Тал түсте ұйықтайды ауыл,

Жатпайтын біздер ғана.

 

Ұтылған, қалтасы бос,

Тұратын шеттеу ғана.

Біз үшін ең жақын дос,

Асығы көптеу бала.

 

Көңілден сызылмаған,

Балалық — арман-бағым.

Тек сенсің, бұзылмаған,

Қалғаны…

Жалған бәрі.

Оралман қыз

Қуғын көріп қызылдар мен ақтардан,

Мал — садақа, шыбын жаны шақ қалған.

Кеткен қазақ шекараның сыртына,

Қанша азапты жылдардан соң ақталған.

 

О жақта да орындалып сан арман

Жатқанымен,

Жету парыз саналған.

Өз қазағың, өз туысың, қандасың

Ата жұртқа ақ тілекпен оралған.

 

Бір бұтағы ол да туған халқының,

Күлмеші, інім, сөздің биік парқы тым.

Сақтап жүрген салтын ата-бабаның

Оралман қыз, бәлкім, сенің бақытың?

 

Орамалы ұқыппенен оралған,

Ибалысын! —

Әлі кескен жоқ алдан.

Әкелгендей болды біздің көшеге

Әдептілік заңдарын кей жоғалған.

 

Жігер беріп бойдағы бір өршіл үн,

Тізбектелген тілектерге сенші, інім:

Ұқсаса екен оған дәйім бар ару,

Үлгі алса екен қызы мынау көршінің…

Гүлжаһан Төреханова

Біз…

Тірлік осы —

екеумізге тым ыстық.

Тағдырды артып иығына терте-күн…

Кептер-көңіл құп сеніммен ұғыстық,

келте үзілме, Ертегім!..

Кірпікте шық қиялдарды білдіріп,

Жүрек — сірә, көктемді аңсар жыл құсы.

Біздің көңіл аспанында жүр жүзіп,

сәбилердің күлкісі.

Кейіпкері бар мұратқа жетпеген,

десек те, өмір тақырыбы бұл — адам…

Мұқабамыз жабылар күн Тәңірден

ізіміздің үзілмеуін сұрағам.

Мама

Балаң күндерді бақытқа бөлеп,

базарлы үйдің бағы боп, мама,

балаларыңды бағыңа теңеп,

шуағын төккен таңы боп, ана,

өсірдің бізді өр үмітпенен…

Қасымнан ылғи көргім келеді.

Перзенттік ыстық ақ тілекпенен

«Жүз жаса, мама!», дегім келеді!..

Таңдарың талай ұйқысыз атты…

Тағдырымызға алаңсың әлі.

Сыйлаған тәтті сәбилік шақты,

перзенттеріңнің боларсың әні.

Тек кетпес, ғұмыр, тындырған ісің,

Біз үшін биік белес боп тұрасың!

Мейір боп сіңген ақ сүтің — нұр ғой,

арымыз — анау ақ қырау шашың…

Ақмарал Сансызбай

Өзіңсіз маған жат мынау ғалам,
Ақылыңа ғана бас ұрдым!
Басыңды жапқан ақ қырауыңа
Қандай сыр, әке, жасырдың?

Белінен басып дара ғасырдың
Жанарға жидың қанша сыр?
Түннен де қою қара шашыңның
Ағарттым екен қаншасын?

Тәңірге қолың сеніп жайдың да,
Жақсыдан күдер үзбеп ең.
Мехнатыңды көміп қойдың ба,
Маңдайыңдағы іздерге?..

Дамылдап бір сәт жай таба алман,
Деп: «Әке, ырза етемін!..»
Мен бірақ қалай қайтара алам
Қара теріңнің өтемін?

Селт еткізерлік жайды ұқтыратын
Сөнбесін сәуле жанарыңдағы…
Қараған жанды қаймықтыратын
Қасиетің-ай қабағыңдағы!..

Көкжиекке еніп көктемің кетті,
Ерітіп апты-ау күз-керуен…
Күткенің көп-ті. Өткенің өтті,
Жылуын жылдың іздеумен…

Ақ қырау түссе алып басыңа,
(Оны да ұқты кешірек балаң…)
Ұяттан ада, ғаріп ғасырда
Басыңа қонған қасиет болар…
Қасиет болар…

ххх

Атады таң, батады екен кеш неге?
Кеш болғанда оралады еске не?
Бәрін біліп, бəрін біліп тұрсам да
Айта алмаймын ештеңе…

Бүлк етпейді бұлдыр-бұлдыр бұл Ғалам,
Бүлк етпейтін, селк етпейтін —
Жын ба? Адам?
Бəрін айтқым, бəрін айтқым келсе де,
Айта алмай-ақ жым болам!..

Қап-қараға бояп алып түр-өңін
(Күтіп жатыр… кетіп жатыр бір өмір…)
Соңғы нүкте қойыларын білемін:
Қарғаға да бір өлім!

Адам… Адам!.. Неге адамды тілдейді?
(Бойымда көп ойдан да ауыр, зілдей мін…)
Шешіле ме сұрақтардың жауабы?
Кешіре ме?

Білмеймін…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button