Әлеумет

Жаяу жүргіншілер жолы қауіпсіз бе?

Қазір қала көшелерінде жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты көліктердің қозғалыс бағыты да өзгеріп, жаяу жүргіншілер үшін жерүсті өткелінің құрылысы басталды.

Ата-аналар балаларының жолдағы қауіпсіздігіне алаңдаулы. Өйткені, соңғы уақытта жол-көлік оқиғаларының жиілеп кеткені белгілі.  Жолдың арғы бетіне өту үшін де жауапкершілік керек. Себебі бұл сіздің және жүр­гізушінің, сон­дай-ақ айналаңыздағылардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан жүргінші де, жүргізуші де жол жүру ережелерін сақтауы тиіс.

ЖЕРҮСТІ ӨТКЕЛІ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Биыл Ақтөбе қаласында жаяу жүргіншілер үшін 3 жерүсті жолының құрылысы басталмақ.

Қазіргі таңда Ә.Молдағұлова даңғылының ДСК аялдамасының маңында жерүсті өткелі салынып жатыр. Заманауи үлгіде салынып жатқан бұл өткелге саты арқылы немесе электрокөтергішпен шығуға болады. Екіншісі мүгедектер мен қарияларға, арбамен келе жатқан аналарға арналған. Қоспалы болаттан жасалған өткелдің құрылысымен «Ақтөбе Электросетьстрой» ЖШС айналысып жатыр. Ол үшін бюджеттен 60 миллион 577 мың теңге бөлінген. Жерүсті өткелінің төбесі жабық, қоршалады, жарық жүргізіледі. Ұзындығы 32 метрді құрайтын өткел жерден 6 метр биіктікте орналасады. Жерүсті өткелі қыркүйек айында дайын болады деп күтілуде.
Жол полициясы өкілдерінің айтуынша, жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар көпшіліктің сұранысы бойынша салына бер­­мейді. Бар­лық құрылыс нысандарының айна­ла­сындағы көлік қатынасы мен жаяу жүргін­ші­лердің қауіпсіздігі қатаң бақылауда көрі­неді.

— Жол қозғалысын реттейтін бағдар­шам­дар, жол белгілері мен жол сызықтары да заңға, талапқа сай орнатылған. Егер әрбір көшенің тұр­ғыны тілек білдіріп отыр деп жаяу жүр­гін­шіге арналған жолдарды сала  берсек, со­ғұрлым көлік кептелісі де көбейіп, жол апа­тынан жапа шегетіндердің де қатары өсе­ді, — дейді Ақтөбе облысының ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің жол қозғалысын бақылау бөлімінің аға инспекторы Талғат Құттымұратов.

 995 ЖҮРГІЗУШІ КӨЛІК ЖҮРГІЗУ ҚҰҚЫҒЫНАН АЙЫРЫЛДЫ

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің ресми дерегіне сәйкес, биылғы жылдың осы кезеңіне дейін жол ережелеріне қатысты 66 мыңға жуық құқықбұзушылық анықталған.

Жол ережесін біле тұра, оған бағынбайтын жүргізушілер де бар. Мәселен, биыл 995 жүргізуші көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін көлік жүргізу құқығынан айырылған. Көлік құралын басқаруда жылдамдықты шамадан тыс асырудың 2 мыңнан астам фактісі, қарсы бағытқа шығып құқық бұзудың 6 фактісі тіркелген.

— Жауапкершілік тек жүргізушілерде ғана емес, жаяу жүргіншінің өзінде де болуы керек. Ағымдағы жылы жаяу жүргіншілер жолына қатысты 130 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның салдарынан 10 адам қаза тапты. Жол-көлік оқиғалары қала ішінде ғана емес, республикалық тасжолдары бойында да тіркелген.

Жол бойында белгіленбеген жерлерден өткені үшін  8276 адамға айыппұл салынды. 

Өткен жылы жаяу жүргінші жолында — 143, биыл 124 адам жарақат алды. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 7 мың жаяу жүргінші және тұрғындарға  жаяу жүргінші жолынан өтуіне жол бермегені үшін 2 мыңға жуық жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сондықтан екі тараптың да салғырттығы бар екендігін айта кету керек, — дейді Талғат Құттымұратов.

Оның айтуынша, тұрғындардың жолда жүру ережелері туралы түсініктерін одан әрі кеңейту мақсатында түрлі акциялар мен профилактикалық шаралар ұйымдастырылып тұрады. Белгіленген ережені сақтамау, әсіресе, мектеп жасындағы балаларға өте қауіпті.  Осыған байланысты 1-10 қыркүйекте балаларға арналған республикалық акция өткізу жоспарланып отыр.

ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР НЕ ДЕЙДІ?

Кейбір жүргізушілер жаяу жүргіншілер жолағына жақындағанда ғана тежегішті басады. Бұл жерде ережені көлік жүргізушілері сақтауы тиіс дейді жүргінші.

Бақыт ТҰРСЫНОВА, қала тұрғыны:

— Мен өз перзенттерімнің қауіпсіздігін әрдайым бақылап отырамын. Мектеп жасындағы екі қызым бар. Жаяу жүргіншілер жолағынан өту оқушылар үшін өте қауіпті. Балаларыма ылғи бағдаршам орнатылған тұстан өтуге әрі  үлкен адамдармен бірге өтуін ескертемін. Өйткені, үлкендердің өзі ол жерден абайлап өтеді ғой. Кейбір жүргізушілер көлікті жоғары жылдамдықпен жүргізіп келе жатады.

Әсіресе, балабақша мен мектептердің маңындағы жаяу жүргіншілер жолын толықтай сызып қою керек.

 Болат СӘДІРОВ, қала тұрғыны:

Жаяу жүргінші де, жүргізуші де тәртіпке бағынса, жол-көлік оқиғалары болмас еді. Көп жағдайда жүргізушілер жылдамдықты асырып жіберетіні рас. 
Бұрынғыға қарағанда қазір жағдай түзелген. Бірақ әлі де жолақтар қойылмаған жерлер бар. Кейбір адамдар белгіленбеген жол бойынан өтіп кете береді.

Сонымен қатар Орталық Президент паркі аялдамасынан  түскен сәтте жолдан өту үшін алыстағы жаяу жүргіншілер жолына дейін бару керек. Сондай-ақ Заречный-2 елді мекенінде жаяу жүргіншілер өтпесінің жоқтығынан қозғалыс қауіпсіздігі мүлдем сақталмайды. 

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button