Спорт

Сырт алаңдағы тең ойын

Премьер-Лига

«Ақжайық»-«Ақтөбе» — 0:0

23-тур ойындарынан соң турнир кестесіне бір-ақ өзгеріс енді. Бұл турдың кездесулерін өз алаңдарында өткізген «Қайсар» мен «Ақжайық» орын ауыстырды. Жеңіске жеткен қызылордалықтар бір саты жоғарыласа, тең ойнауға мәжбүр болған оралдықтар бір саты төмендеді. Осыған қарап-ақ, ұтылысты былай қойғанда, тең ойынның өзі биылғы додада мақсатқа жету үшін жеткілікті жебеу бола бермейтінін анық аңғаруға болады. Сол себептен де өткен турдағы төрт ойынның үшеуінде алаң иелері жеңіске жетті.

Оралда өткен кезекті кездесуде, расын айту керек, алаң иелері бірден-ақ ойын тізгінін қолда ұстауға тырысты. Үш тур бойы жеңіске жете алмай, екі-ақ ұпай жинаған оралдықтардың мұнысы заңдылық та еді. Қос қанаттан кезекпе-кезек белсенді шабуылдар ұйымдастырған олардың арынын басу ақтөбеліктерге оңайға түсе қойған жоқ. Әсіресе, латыш Артур Карасаускас біздің қақпамызға қарай екі мәрте қауіпті жорық жасады, дегенмен екеуінде де қорғаушыларымыз аса сақ қимылдап, доптың жолын кесті.

Әрине, қонақтар да қарсы шабуылдарды ойластырып, ұрымтал сәттерді құр жібермеудің қамын жасап бақты. Сондай бір қапылыста, таймның соңына таман ақтөбелік шабуылшы Силва Рейналдо «Ақжайықтың» қорғаушыларын қапы қалдырып, қонақтар қақпасын тура нысанаға алды. Бірақ қақпашы Сергей Ткачук бұл соққының бетін қайтарып үлгерді.

Екінші таймда да шабуылдар толас тапқан жоқ. Ойынның бірінші бөлігінде көбірек қорғанған қонақтар алаңға бой үйреткендерін байқатты. Дегенмен Орал стадионының жасыл алаңы біршама күтімсіздікке ұрынғаны допты пайдалану барысында қиындық туғызып, футболшылардың шебер комбинациялар жасауына кедергі болғанын да айтып өткен жөн. Бәлкім, бұл жергілікті ойыншылар үшін үйреншікті жайт та шығар, ал сырттан келгендерге кәдімгідей әурешілік әкелгені кәдімгідей көрініп тұр. Оның үстіне алаң иелері екінші таймда ойын тәртібін бұзуды да үдетіп жіберді, төрт ескерту қағазы — соның куәсі. Сол себепті қонақтар тым еркін қимылдай да алмады, қателіктерге де ұрынып қалды. Дегенмен сондай сәттердің бірінде ақтөбелік қақпашы Игорь Трофимец оралдық Денис Главинаның еш мінсіз соққысын қайтарып еңбегін еш етсе, Малик Мане соққан келесі бір доп діңгекке тиіп кері қайтты. Ал ақтөбеліктер бұл жолы бірнеше стандартты жағдайларды тиімді пайдалана алмай қалды.

Ойын осылайша тең текетіреспен аяқталды.

Қалай болғанда да, «Ақтөбе» футболшыларын қолдау үшін Орал қаласына барған жанкүйерлеріміздің ұнжырғасы түсіп оралмағаны анық.

Жалпы биылғы чемпионаттағы үш ойынның қорытындысы бойынша «Ақжайыққа» есеміз кете қойған жоқ. Бір рет ұтып (5:3), екі рет тең ойнадық (1:1; 0:0).

«Ақжайық»-«Ақтөбе» — 0:0

Ескерту қағазын алғандар: Сергей Басов, 74-минут; Мирам Сапанов, 79-минут; Игорь Худобяк, 79-минут; Еркебұлан Нұрғалиев, 90+3 минут («Ақжайық») — Жан-Эд Морис, 90+3 («Ақтөбе»).

«Ақжайық»: Сергей Ткачук (қақпашы), Денис Главина,​ Берік Шайхов, Сергей Басов, Мирам Сапанов (капитан), Азат Ерсалимов, Андрей Ткачук, Игорь Худобяк (Еркін Тапалов, 90+2 минут), Иван Антипов (Еркебұлан Нұрғалиев, 71-минут), Артур Карашаускас (Малик Мане, 58-минут), Чачуа Амбросий.

«Ақтөбе»: Игорь Трофимец (қақпашы), Бағдат Қайыров, Виталий Волков, Александр Симчевич (капитан), Антон Шурыгин, Хрвое Милишевич, Саша Марьянович, Руслан Валиуллин, Жамбыл Көкеев (Ұлан Қонысбаев, 75-минут), Маркос Пиззелли (Абат Айымбетов, 90+1 минут), Силва Рейналдо (Жан-Эд Морис 78).

18 тамыз 2018 жыл. Орал, П.Атоян атындағы стадион. 1500 адам.

*   *   *

Басқа ойындардың нәтижелері:

«Атырау»-«Тобыл» — 2:1

«Қайсар»-«Ордабасы» —2:1

«Жетісу»-«Ертіс» — 2:0

Екі кездесу 31 қазанға қалдырылды: «Қызылжар СК» — «Қайрат»; «Шахтер» — «Астана».

*   *   *

«Ақтөбе» өз алаңымызда 11 кездесу өткізіп, 6 ойында жеңіске жетті, 4 тең ойын нәтижесі тіркелді, 1 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 24:11 (+13). Ұпай — 22. Сырт алаңда 12 ойын өткізіп, 3 кездесуде жеңіске жетті, 4 ойынды тең аяқтады, 5 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 15:19 (-4). Ұпай — 13.

Маркос Пиззелли 14 доппен чемпионат сұрмергендерінің көшін бастап келеді.

2-3 орын иелері — Адеринсола Эсеола («Қайрат») — 12 гол, Исаэль («Қайрат») — 10 гол.

ТУРНИР КЕСТЕСІ

 Команда                   О         Ж        Т         Ұт           Д       Ұп

 1.Астана                   22        17        3          2          46-13      54

2.Қайрат                   22        16        3          3          45-19      51          

3.Тобыл                    23        11        5          7          25-21      38

4.Ордабасы               23        9          3          11        29-37      30

5.Ақтөбе                    23        9          8          6          39-30      29

6.Жетісу                    23        8          5          10        24-28      29

7.Қайсар                    23        6          9          8          22-25      27

8.Ақжайық                23        6           8          9          27-32      26

9.Атырау                   23        6          7          10        21-32      25

10.Қызылжар СК      22        6          3          13        17-33      21

11.Шахтер                 22        4          8          10        16-25      20

12.Ертіс                     23        5          4          14        19-35      19

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

*«Ақтөбе» командасынан ФИФА шешімімен 6 ұпай шегерілгенін еске саламыз.  

 *   *   *

Біздің мергендеріміз:

Маркос Пиззелли — 14 гол (3 доп пенальтиден соғылды);

Сильва Рейналдо — 4;

Милан Радин — 4;

Асланбек Кәкімов — 3 (2);

Саша Марьянович — 2;

Бағдат Қайыров —2;

Александр Симчевич — 2;

Жамбыл Көкеев — 2;

Хрвое Милишевич — 1;

Абат Айымбетов — 1;

Жан-Эд Морис — 1;

Руслан Валиуллин — 1.

2 допты қарсыластар өз қақпасына соғып алды: Шелдон Бато («Қайрат»), Олег Хромцов («Жетісу»).

*   *   *

Келесі 24-тур ойындары 25-26 тамызда, сенбі, жексенбі күндері өтеді.

25 тамызда «Ақтөбе» өз алаңымызда Талдықорғанның «Жетісу» командасын қабылдайды. 9 мамырда өткен 9-турда талдықорғандықтармен өз алаңымызда тең ойнап (1:1), 21 шілдедегі 19-турда сырт алаңда ұтқан болатынбыз (2:1).

Басқа кездесулер:

25 тамыз, сенбі

«Ертіс» (Павлодар) — «Шахтер» (Қарағанды)
«Астана»(Астана) — «Қызылжар СК» (Петропавл)
«Тобыл» (Қостанай) — «Қайсар» (Қызылорда)
«Ордабасы» (Шымкент) — «Ақжайық» (Орал)

26 тамыз, жексенбі 

«Қайрат» (Алматы) — «Атырау» (Атырау)

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button