Жаңалықтар

Үздік азаншы 1 миллион теңгеге ие болды

Байқау

 «Нұр Ғасыр» мешітінің 10 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған ІІІ республикалық «Әдемі әуезді азаншы» жарысы өз мәресіне жетті.

Қазылар алқасының шешімімен Қызылорда облысынан келген  «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ұстазы Шыңғыс Жаппарханұлы «Әдемі әуезді азаншы – 2018» деген атқа лайық деп танылды. Бәйге жеңімпазына 1 000 000 теңгенің сертификаты мен байқаудың естелік кубогі сыйға берілді. Марапатты жарыс демеушісі, Атыраудан келген «МАКО» ЖШС-нің директоры Келбатыр Құлғазиев салтанатты түрде табыстады. Айта кету керек, жарыс жеңімпазы атанған Шыңғыстың жасы — небәрі жиырма төртте. Ол — байқаудың ең жас қатысушысы. Ал II  орын «Нұр Астана» мешітінің азаншысы Салман Хадиршаевқа берілді. Елорда мерейін асқақтатқан азаматқа арнайы кубок пен Умра қажылығына жолдама берілді.  Павлодар облысынан келген «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің азаншысы Серік Темірғалиев ІІІ  орынды жеңіп алды. Жеңімпазға арнайы кубок пен  300 000 теңге көлемінде қаржылай сертификат табыс етілді. Сондай-ақ ынталандыру сыйлығына ие болған Талдықорған өңірінен келген Ғазиз Нұржол мен атыраулық азамат, «Исатай-Махамбет» мешітінің бас имамы Ержан Иманғалиев  100 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақы және Алғыс хатпен марапатталды.  Байқаудың бұдан өзге барлық қатысушыларына 50 000 теңгеден берілді.

Азан жарысының демеушісі «МАКО» ЖШС-нің директоры Келбатыр Құлғазиев  жарысты тамашалауға Атыраудан арнайы келді. Игі істің сауабы оның марқұм ұлы Саламат Келбатырұлының рухына бағышталды. Өкіл имам Төлеби Оспан Келбатыр Қайырұлына барша мұсылман жамағаты атынан алғыс білдірді. Мешіттің онжылдық мерейтойына арналған шараның өз мәнінде өтуіне атсалысқандығына ризашылығын жеткізіп, естелік сый табыстады. Мешіт ақсақалы Ниетжан ата иығына шапан жауып, қазақы дәстүрмен сый-құрмет көрсетті.

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button