Спорт

Үнсіз әлемнің үздіктері анықталмақ

Кеше Ақтөбе қаласындағы «Жекпе-жек» спорт сарайында есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында Қазақстан Республикасы ІІ спартакиадасының салтанатты ашылуы болды.

Мақсат — мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен жоғары деңгейде айналысуына жағдай жасау, олардың әлеуетін мейлінше молынан пайдалануға қолайлы орта ұсыну. Осыны көздеген тарап 4 жылда бір рет мұндай бәсекені ұйымдастырады. Алғаш рет спартакиада 2014 жылы Алматы қаласында шымылдығын түрген-ді.

Спорттық сайыстың ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев:

— Сіздерді облыс басшылығы атынан есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы Қазақстан Республикасы II спартакиадасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын.

Бүгінгі шара өтіп жатқан сарай таяуда ғана ашылған болса да, мұнда 50-ге жуық халықаралық, республикалық деңгейдегі жарыстар өткен болатын. Бірақ бүгінгі спартакиада бізге ерекше боп тұр. Неге десеңіз, біз мүмкіндігі шектеулі спортшылардың үлкен спорттық жарысын өткізу мәртебесіне ие болдық.

Бұл сіздердің өмірге деген құштарлықтарыңызды білдіреді. Сол арқылы жастарға, қоғамдағы басқа да адамдарға үлгі-өнеге көрсетіп, салауатты өмір салтын ұстануға себепші боласыздар. Жарыстарыңыздың жоғары деңгейде өтіп, биік белестерді бағындыруыңызға тілектеспін, — деді.

Үнсіз әлемде өмір сүрсе де, үздік көрсеткіштерге қол жеткізуден үмітті ерекше санаттағы спортшылардың саны 1 мыңнан астам. Еліміздің 17 өңірінен келген олар спорттың 10 түрі бойынша сынға түседі. Атап айтсақ, жүзу, жеңіл атлетика, шахмат, үстел теннисі, еркін күрес, грек-рим күресі, шағын футбол, бадминтон, дзюдо, армлестинг.

Дода 19 тамызға дейін жалғаспақ.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button