Басты жаңалықтарӘдебиет

Өтежан 80

Өте қадірлі Өтежан бауырым!

Жауыр даланың жалба тоқымындай жазықта туыпсыз.

Келеусіз кезеңнің кенеусіз күндерін бастан кешіпсіз.

Лай түбінен лағыл тізгендей өкініштен өжеттік, қасіреттен қасиет өрбітіп, қазақ жырының қасаң тартқан бір шағында жанартау болып атылдыңыз.

Сіздің дүмпіліңізге дүсір қоспаған түкпір қалмады. Хан Тәңірінің сеңгірі мен Қошалақтың шағылына дейін құмсайдан құйындата шыққан құлагермен жарысатын сәйгүліктер түлетіп, Абай мен Мағжаннан кейін аруағынан айырылған әдебиетіміздің қайтадан арқасы қозып, иығына жал біте бастады.

Содан бері, Құдайға шүкір, Қазақ жырының додасы дулы. Сол жойқын доданың шетіне шығып қалмай, қақ ортасында қасқиып өзіңіз жүрсіз. Көкбөрінің шулан құйрығы емес, күдірейген жалы өз тақымыңызда. Ерекше күйініп, ерекше сүйініп, ерекше түңілетін Өтежан Нұрғалиев әлі сол өте жұмбақ қалпында. Азу тигізбестей асау. Тіл тигізбестей тылсым. Оның тұңғиығына бойлаймын деп әлі талай ұрпақтың қары талады.

Әбіш КЕКІЛБАЕВ.

***

…Өтежанның бүкіл табиғаты – жүрген жүріс, мінез-құлық, қимыл-қарекет — бүкіл болмысы тек поээзия үшін жаралған. Ақын қандай болады десе, ақын мынадай болады деп, Өтежанды көрсетуге тұрарлық. Біреулерге қиынның қиыны, ауырдың ауыры соғып жүрген жыр өнері Өтежанға мүлде жеңіл сияқты. Оның жазу тәсілі, алған тақырыбын қиналмай, еркін жырлауы, бірінен кейін бірі толқындап лықсып төгіліп жататын оның өлең шумақтары осы ойымыздың дәлелі.

Өтежан – ешқандай да қоспа-қоқысы жоқ табиғи талант.

Мұқағали МАҚАТАЕВ.

 ***

…Өтежан Нұрғалиевтің:

Күтуші ең-ау көп нәрсе халқым менен,

Жазылатын сөз күттің алтынменен.

Бір кісіге жететін ғұмыр беріп,

Табысатын тіл бердің әркімменен, —

деген шумағы зорланбай, ешкімге еліктемей, еркін шыққаны көрініп тұр. Бұның сыры неде? Шыншылдықта! Өтежанның творчествосының қыры-сыры осы бір шумаққа сыйып тұрғандай. Ол ақындық жолын әдемі бастады. Кейбіреулер жадағайлап, тақырыпты жандайшаптап жүргенде ол өзіне біліс-таныс етене нәрсеге қалам тартты. Ол нағашының кеңдігін, жиеннің базыналығын, жеңгенің назын жыр ете білді. Оның: «ішімде  бір дерт бар, жайдың оғын жұтпай айықпаймын» деп келетін өлеңінде оғаштық та, астамшылық та жоқ еді.

Тәкен ӘЛІМҚҰЛОВ.

 ***

…Өтежан Нұрғалиев алғашқы әдеби қадамынан бастап-ақ суреткерлігімен көзге түскен. Өсу, есею үстінде жаңа-жаңа жақсы қасиеттерге ие болған қарымды қаламгер ақын дегеннің ең алдымен сөз суреткері екенін естен екі ел шығармайды.

 Қадыр МЫРЗАӘЛІ.

***

…Ақын Ө. Нұрғалиев қазақ поэзиясында шет қақпай көріп, қаға берісте, көзден таса қалыңқырап жүрген баллада жанрын көркемдік жаңа биікке көтеріп отыр. Сондай-ақ, баллада жанры Өтежанның ақындық зор мүмкіндігінің қайнар көзін ашқан сияқты. Екіншіден, Өтежанның әр балладасында сол уақыттың рухын танытатын бізге таныс және бейтаныс адам образдары жасалып, солардың характерлік өзгешелігі, психологиялық ұтымды детальдар арқылы, нанымды ашылады. Көз алдымызға соғыс жылдарындағы жадау өмір, жадағай тіршілік, қиын-қыстау күндер, аш-жалаңаш бала-шаға, таңның атысынан күннің батысына дейін еңбек етіп жүрген аяулы аналар, қамкөңіл қыз-келіншектер, жесір жеңгелер, майданнан жаралы болып қайтқандар мен кембағал жандар елестейді десек, ешқандай да артықтығы жоқ. Жалпы, бұл тақырыпта, соғыс тақырыбында жазылған Өтежан өлеңдерінде соғыс жылдарындағы қай ауылға, қай семьяға болмасын, ортақ шындық — әлеуметтік жағдай, типтік ситуациялар, яғни сол тұстағы адамдар басындағы қуаныш пен қайғы, қайрат пен қажыр, күдік пен күмән, сенім мен сезім, жақсылық пен жамандық өлең жолдары арқылы табиғи өріліп беріледі. Автор осы жайларды суреттегенде, оның өлеңдеріндегі қоңыр әуеннен ешқандай пессимистік мұңның исі сезілмейді, керісінше, оптимистік рухтағы драмалық-психологиялық юморға толы суреттер, детальдар, эпизодтар, көріністер мол ұшырасады.

Сағат ӘШІМБАЕВ.

***

50-60-жылдардың арасында жарқ еткен жұлдыздай көрінген Өтежан Нұрғалиев өзінің нәзік жүрек лүпілін соқа соңында тіркеуші болып жүріп жырлаған болатын.

Бұл жігіт жайлы сол кездегі әдебиет қауымындағы қуанышты дүр сілкініс әлі есімде. Ұлағатты сөздерімен елді үйірген белгілі ақын-жазушыларымыздың көзі тірісі бар, жоғы бар: «Міне, біздің де Есениніміз туды-ау!» — деп, бөркін аспанға атқанына куә болғанбыз. Ал сол кездегі өзі қатарлы ақындардың, тіпті өзінен жасамысы болсын, бұл ақынды ұстаз тұтып, қадірлемегендері кемде-кем.

Сейфолла ОСПАН.

***

 Өтекеңді мақтасаң да, даттасаң да, жік-жікке бөліп, қара тер болып зерттесең де, қателесесің. Себебі, ол француздардың Кола Брюньоны секілді, ешбір философия өзгерте алмайтын еркіндік рухына айналған тұлға. Ал еркіндік дегеніміз — ойдың да, болмыстың да, өнер-шығармашылықтың да алғышарты. Еркіндік бар жерде ғана жұмыр басты пенденің көкірегі ашылып, бүкіл әлеммен және өз-өзімен диалогы басталады. Мінекей, осы диалогты шығармашылық деп атаймыз. Ал Өтежан Нұрғалиев шығармашылығына келсек, ол — таусылмайтын тақырып.

Әуезхан ҚОДАР.

***

Табиғат суреттерін Өтежан өлеңдерінің «спутнигі» дер едік. Себебі ақын қандай тақырыпқа өлең жазбасын, табиғат көркімен байланыстырып жырлайды. Абзалы, Өтежан табиғат құбылыстарын терең түсініп, сезіне біледі. Оның бұл тақырыптағы өлеңдерінен әдемі нақыш-бояулар, соны суреттер байқалады. Белгілі құбылыстың өзі тың баламалармен түрленіп, эстетикалық әсерімізді молайта түседі.

Төлеубай ЫСҚАҚОВ.

Сағыныш

Көктем келсе,

Керемет бір күйге енер.

Күтті оларды гүлдеп жылда жиделер.

Құшақ жая аңсағанда боз белдер

Ағытылды самал желмен түймелер.

 

Ақ шулан бұлт

Жарқамысқа төкпеді,

Тектілерін іздейтіндей

Көк те бәлкім, өкпелі.

Нар қамыс та теңселеді еріксіз

Тобық, Сағи бұл өмірден кеткелі.

 

Қызғалдағы қаптап өсер ғашық қыр,

Жанарынан түсірмей жас басып тұр..

Қос жұлдызын толқынымен тербеткен,

Жем өзені

Тасымады арнасынан асып бір.

 

Нәзік бұлтын жырлады Ертай тамсанып,

Сағыныштың салмағы ол қанша жүк.

Мөлдірейді «Бәкірім» — деп Ақбұлақ

Ұшты құстар түстік жаққа ән салып.

 

Тебірентті сағынышты сонша жыл

Қалам ұстар жеткіншегің, аңсады ұл.

Аталардың батасы ма бұл деумен

Алақанын жайып тұрды тамса нұр.

 

Өтті Өтежан

Өкінумен тіл қатып.

Кетті Есенбай пәк жүректі жырлатып.

«Абызым» — деп Тобығын, сағынатын Сағиын

Жүрді Сәбит жүрегіне мұң батып.

 

Тағдыр — тірлік пенделердің өткелі,

Сол Ұлылар мына күнге жетпеді.

«Партасына оралар» — деп күтеді

Жұлдыздарын Жарқамыстың мектебі…

Жақсылық Айжанұлы

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button