Білім

Олар Кипрде озды

Мамыр айының 12-18 аралығыда Кипрдің Паралимни қаласында жоғары сынып оқушылары арасында өткен халықаралық пәндер олимпиадасынан ақтөбелік екі  оқушы  бірінші орынды жеңіп алды.

М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балалар мектеп-интернатының 10-сынып оқушылары Мәди Рәш пен Барақсұлтан Төлемістің математика пәнінен бірігіп дайындаған жобалары «Тең дәрежелі  жартылай симетриялық теңсіздік» деп аталады. Бұл жобаны қорғауға олар  жарты жыл бұрын дайындалған.

— Жетекшілеріміз Құдайберген Жұбанов атындағы мемлекеттік университеттің  математика кафедрасының оқытушысы Талғат Шерияздан мен мектеп мұғалімі Күнай Қоразова біраз нәрсеге үйретті.

Қатысушыларға қойылған шарт бойынша барлығы  өз жобаларын ағылшын тілінде қорғау керек болатын. Біз де шет тілінде қорғап шықтық. Әрине, толқу, қорқыныш сезімі болды. Қосымша сұрақтар қойды. Жобаны бірнеше талаптар бойынша бағалады. Енгізген жаңалықтарын  тексерді, — дейді Барақсұлтан Төлеміс.

Бұл білім  додасына 14 мемлекеттен көптеген оқушылар қатысып,  түрлі пәндер бойынша бақтарын сынаған. Қазақстанның Астана қаласындағы «Дарын» ғылыми орталығы арқылы Алматы, Астана, Шымкент және Ақтөбе қалаларынан жиырма шақты оқушы барған. Соның ішінде  біздің жерлестеріміз озық шығып отыр.  Бұл балалар осы пән бойынша білімдерін шыңдап, болашақта техникалық мамандықты меңгермекші.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button