БілімБасты жаңалықтар

Жаңа оқу жылы басталуға жақын. Дайындық қалай?

Жыл сайын осы мезгілде мектепке даярлық науқанының қызатыны белгілі. Бұл уақытта жоғын іздеген ата-аналар мен оқушыларды сауда орталықтарынан көптеп кезіктіруге болады. Бұл түсінікті де, әрқайсысы балаға қажетті киім-кешек пен оқу құралдарының ең жақсысы һәм сапалысын сатып алуға тырысады… Осы орайда газет тілшісі ақтөбеліктердің жаңа оқу жылына әзірлігін бағамдап көрген-ді.

Ақшаңыздың ретіне қарай…

Нарық заманында әр адам мейлінше бағасы көңілге қонымды тауарды алғанды қолай көреді. Баласын жаңа оқу жылына дайындайтын ата-ана да солай. Сондықтан біз мектеп формасы мен сабаққа қажетті киімдердің бағасын білу үшін алдымен Ақтөбе қаласындағы Орталық базарға бардық. Мұнда қай кезде де келушілердің саны көп. Соған сай киімнің де түр-түрі алыстан «менмұндалайды». Айталық, ер балалардың бешпет-шалбарының бағасы 5 мың теңгеден, ал жейдесі 2-2500 теңгеден басталады. Сабаққа ұстайтын сөмкелердің қолжетімдісі 3-4 мың теңгеден жоғары. Әрине, бұлардың барлығы — ең арзаны. Киімнің сапасы талапқа сай болғанын қаласаңыз, әмияныңыздан бұдан әлдеқайда көп қаржыны шығаруыңызға тура келеді… Қыз балалардың мектепке керекті киім-кешегіне келсек, оның да бағасы жылдағыдай емес, біраз қымбаттаған. Бұған дәлел — біз әңгімеге тартқан сатушының сөзі.

Бұрынғыдай емес, таңдау көп. Тек ақшаңыз болсын деңіз. Бір ғана мысал, мектеп формасының 5-6 түрі бар. Олардың жеңі мен жағасы әртүрлі, фартуктары да әрқилы. Түс жағынан да ерекшеліктер бар. Яғни өзгелерден шынымен дараланғысы келетіндерге бар мүмкіндік қарастырылған (күліп). Оның бағасына келсек, 4 мың теңгеден басталады.

Халықтың өзі де біледі, жыл санап кез келген киім түрі қымбаттап жатыр. Бұл мектеп формасы, спорттық киім, сөмке, тағы да басқа заттарға қатысты. Амал жоқ, өзіміз қымбатқа алғандықтан, үстінен пайда көру үшін тағы қосуға мәжбүр боламыз. Сауданың аты — сауда…

Халықтың әлеуметтік жағдайы әртүрлі болған соң, бәрі де әуелі қалтасына қарайды. Тиісінше 15 мың теңгеге дейін тұратын мектеп формасын да сатылымға шығарамыз. Бірақ бәрібір сұраныс бар. Өйткені, қай әке-шеше  болсын, ұл-қызының жаңа оқу жылына жарқырап барғанын қалайды. Қатарынан қалдырғысы келмейді… Өзімнің де екі балам биыл мектепке барады. Олардың қажетті дүниесін есептеп көргенімде, бағалардың шынымен шарықтағанын байқадым. Сол себепті, ата-аналардың жағдайын бір адамдай түсінемін, — дейді саудагер Гүлім Рамазанова.

Оның айтуынша, тамыз басталғалы базарға ағылушылардың легі тіптен үдеген. Осыны ескерген әңгімелесушіміз қыркүйек айына дейін тағы бір рет Қырғызстаннан киім-кешек әкелуді жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек қыз балалардың ұсақ-түйек заттарының бары айтпаса да түсінікті. Бір анығы, олар да арзан тұрмайды…

Оқу құралдары қажет пе?

Жаңа оқу жылына дайындық туралы сөз қозғалғанда, сабаққа қажетті құрал-жабдықтарды айтпай өту мүмкін емес. Ол да оқушыға тікелей қажет дүниенің бірі. Аталған заттарды базарларды айтпағанда, арнайы дүкендерден де саудалауға болады.

Бұл жолы біз «Шығыс» базарында самсап тұрған кеңсе бұйымдарымен танысып шықтық. Оның арасында отандық өнім де, көршілес елдерден әкелінген импорт та бар. Сонымен, оқу құралдарына географиялық карта, есептегіш, сызба құралдары һәм қағаздарынан бөлек, қаламсаптан бастап, күнделікке дейін жататыны белгілі. Ал олардың құны қанша? Орташа есеппен алатын болсақ (теңгемен): қаламсап — 10-250, карандаш — 15-80, түрлі-түсті карандаш — 90-800, дәптер — 10-190, күнделік — 100-700, сурет салуға арналған альбом — 70-780, сызғыш — 30-200, ұштағыш — 40-150. Біз ең қажетті деген бұйымдарды тізбеледік, әйтпесе, олардың түрі көп…

— Бізге мектеп жасындағы балалар ғана емес, орта арнаулы, жоғары оқу орындарында оқитындар да келеді. Өйткені кеңсе бұйымдары бәріне де қажет-ақ. Таңдау да көп. Егер 3-4 мың теңгеге сауда жасаса, белгілі бір жеңілдік жасаймыз. Соның әсері болар, жыл сайын келетін, тұрақты «клиенттеріміз» бар.

Жасыратыны жоқ, биыл тауарлар едәуір қымбатқа түсті. Амалсыздан бағаны көтеруге тура келіп тұр. Жоқ дегенде әр кеңсе бұйымына 5-10 теңгеден қостық.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Облыстық білім басқармасынан білгеніміздей, алдын ала мәліметтер бойынша жаңа оқу жылында 139 мың оқушы білім нәрімен сусындағалы отыр. Ал 1-сыныпқа баратын кішкентайлардың саны — 15 мыңнан астам.

Тамыздың орта тұсына келсек те, өткен жылмен салыстырғанда, сатып алушылар әзірге аз. Әдетте 1 қыркүйекке бір жеті қалғанда керегін іздейтіндер көбейеді. Бір жағынан, біздікі секілді тауарларды сататын дүкендердің санының артуы да әсер етіп жатқан шығар. Бір белгілісі, оқу құралдарына қазан айына дейін сұраныс болады. Бұны мен жылдағы жағдайды білгесін айтып отырмын, — дейді жоғарыда аталған базардың сатушысы Несібелі Сүгірбаева.

 P.S. Ең бастысы, қай ата-ана болсын, баласының 1 қыркүйек — Білім күні

мектепке мұнтаздай таза, жадырап һәм жарқырап барғанына ерекше мән береді. Өйткені көбіне-көп күздің алғашқы күніндегі ұл-қыздардың көңіл күйі біраз уақытқа дейін сақталатыны бар… Кезекті оқу жылындағы арман-үміттеріңіз орындалғай!

Сауалнама

НЕ ДЕЙСІЗ?

Айгүл ДҮЙСЕНОВА,

облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының төрайымы:

— Мен жаңа оқу жылына 12 жастағы ұл баламның керек-жарағын дайындаймын. Биыл әзірге ешқандай киім алғаным жоқ. Кеңсе бұйымдарын да қыркүйек айы әбден жақындағанда алғалы отырмын. Бірақ жылда сауда жасайтын болғасын жөн-жобасын білемін. Мәселен, былтыр мектептің өзі  оқулықтармен қамтығандықтан, ол жағынан үнемдедік. Ал кеңсе бұйымдарына 10 мың теңге, сөмкеге 17 мың теңге, жейдеге 3 мың теңге, костюмге 15 мың теңге, аяқ киімге 20 мың теңге жұмсадық. Спорттық киім бәрінен де қымбат. Оның бағасы, ұмытпасам, 25-30 мың теңгеге шықты. Биыл да соны киетін шығар деп ойлап отырмын. Қалғанын жаңарту керек.

Менің ойымша, бір баланы мектепке дайындау үшін орташа есеппен алғанда 50 мың теңге қажет. Бала өскен сайын сұраныстың арта түсетіні тағы бар.

Айдана АМАНЖОЛОВА,

Ойыл аудандық Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

— Бүгінгі таңда екі балам мектепке барғалы отыр. Өзімнің есептеуімше, әрқайсысына шамамен 35-40 мың теңге керек.

Мысалы, қызымның спорттық киіміне 8 мың теңге, кроссовкаға 4 мың теңге, ақ блузкаға 3,5 мың теңге, ақ футболкаға 3 мың теңге, шұлығына 200 теңге жұмсадым. Ал мектеп формасына тіктіруімен 8,5 мың теңге кетті. Туфлиі 3,5 мыңға шықты. Сөмкесі — 1,5 мың теңге. Оқу құралдарын әлі есептегенім жоқ. Бұның бәрі бір балаға алынған заттар. Әлі де керек-жарақтары бар.

Балалардың болашағы жарқын болсын деп жолдасым екеуміз аянбай жұмыс істеп жатқанннан кейін қолда барды солардан аямауға тырысамыз.

 Жанар ҚОЖАБАЕВА,

менеджер:

— «Балаларыма нақты осы жерден ғана аламын» деген қатып қалған талап жоқ. Қай сауда орталығындағы киім ұнайды, бағасы көңілге қонымды болса, сатып ала беремін. Мейлінше сапасы жақсы киім-кешекті алғанды тәуір көремін. Өйткені бала болғасын ойнайды… 9 айға шыдас беретін киім болса екен дейсің ғой.

Мектеп формасы 15-16 мың теңгеге шығып тұр. Сосын аяқ киім, басқа да ауыстырып киетін киімі бар. Әр балаға бәрін қоса есептегенде 70-80 мың теңге керек деп топшылап отырмын. Биыл екі балам мектепке баратынын ескерсек, жаңа оқу жылы қарсаңындағы жүгіріс мықты болатынға ұқсайды (күліп).

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button