Білім

Білім беру гранты: өтініштер 18 шілдеден бастап қабылданады

ҰБТ  қорытындысы бойынша  білім беру грантына арналған конкурсқа қатысу үшін өтініштер 18-26 шілде аралығында қабылданады. Мемлекеттік білім гранты республикалық бюджет қаражаты есебінен бөлінеді.

Республикалық комиссияның отырысы 27 шілде мен 5 тамыз аралығында өткізіледі.

Талапкер конкурсқа қатысу үшін өтініште өзі таңдаған мамандық пен жоғары оқу орнын көрсетеді. Бейіндік пәндер сәйкес келген жағдайда төрт мамандықты көрсете алады.

  • Конкурсқа қатысу үшін ұлттық жоғары оқу орындарына түсуге, шығармашылық емтихандар тапсыруды талап ететін мамандықтарға түсушілерді қоспағанда, тестілеу нәтижелері бойынша — кемінде 65 балл жинау қажет. Ал «Білім беру», «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария» мамандықтары топтары бойынша — кемінде 60 балл болу керек. Еліміздегі басқа жоғары оқу орнында өтетін конкурсқа қатысу үшін шектік балл — 50 ұпай. Айта кету керек, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша да кем дегенде 65 балл жинаған түлек қана конкурсқа қатыса алады. Оның ішінде Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы — оқыту тілі бойынша — кемінде 5 балл және әр бейіндік пәннен кемінде 5 балл жинау қажет, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекова.

Шығармашылық емтихандар тапсыруды талап ететін мамандықтар бойынша конкурсқа қатысу үшін ұлттық жоғары оқу орнына түсуге тестілеу және шығармашылық емтихан нәтижелері бойынша  — кемінде 65 балл, ал «Білім беру» мамандықтарының тобы бойынша — кемінде 60 балл, басқа жоғары оқу орнына — кемінде 50 балл, оның ішінде Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы – оқыту тілі бойынша — кемінде 5 балл және әрбір шығармашылық емтихан бойынша — кемінде 5 балл жинау қажет.

Шығармашылық емтихандар тапсыруды талап ететін мамандықтарға түсушілерді қоспағанда, жеделдетілген оқу мерзімімен қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша ұқсас мамандықтарға түсушілерге конкурсқа қатысу үшін тестілеу нәтижелері бойынша — кемінде 25 балл, оның ішінде жалпы бейіндік пән бойынша — кемінде 5 балл және бейіндік пән бойынша — кемінде 5 балл жинау қажет.

Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін талапкер жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына құжаттар тапсырады.  Қажетті құжаттар:

*** белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш;

*** білімі туралы құжат (түпнұсқа);

*** ҰБТ немесе ТКТ сертификат;

*** 3×4 көлеміндегі екі фотосурет;

*** 086-У нысаны бойынша медициналық анықтама;

*** жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі.

Айта кету керек, білім гранты иегерлерінің тізімі Ұлттық тестілеу орталығының www.testcenter.kz сайтына ілінеді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button