Жаңалықтар

Мерейлі сәттегі құрмет

Редакциядағы кездесу

«Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің журналистері Байғанин ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, қазіргі уақытта «Сағыз Петролеум Компани» ЖШС бас директорының кеңесшісі әрі мекемедегі кәсіподақ комитетінің төрағасы болып қызмет атқаратын Бердіхан Кемешовпен кездесу өткізді.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин Бердіхан Түйешұлын жетпіс жасқа толу мерейтойымен құттықтап, оның еңбек жолына тоқталды. Облыстық басылымдардың тұрақты оқырманының кеудесіне «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның төсбелгісі тағылды, сондай-ақ облыстық «Ақтөбе» газетіне 2019 жылға жазылу сертификаты тапсырылды.

Мерейтой иесі жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін еңбек жолын шаруашылықта инженер болып бастап, шаруашылық басшысы, аудан әкімі дәрежесіне дейін көтерілді, Байғанин өңірінің экономикалық, әлеуметтік дамуына өзіндік үлесін қосты, көпшілік құрметіне бөленіп, абыроймен еңбек етті.

— Мен қай қызметте болсам да облыстық газеттерді өзіме серік етіп келемін, — деді ол. — Өйткені біз күнделікті ақпараттарды, соңғы жаңалықтарды баспасөз арқылы аламыз. Оның үстіне ресми деректер, басқа да мәліметтер газет бетінен табылып жатады. Мұның сыртында өзіңе керекті, жаныңа рухани қуат беретін дүниелер де бізге жақын. Сондықтан газеттерді үзбей алдырып оқимын. Өзім ұзақ жыл еңбек еткен Байғанин ауданының 90 жылдығы қарсаңындағы бұл кездесудің мен үшін мәні зор.

Облыстық «Ақтөбе» газетінің бөлім меңгерушісі Аманқос Орынғалиұлы өзі ұзақ жылдардан бері білетін Бердіхан Кемешовтің адамгершілік абзал қасиеттеріне тоқталып, ел басқару ісіндегі ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеттері туралы айтты. Басқа да журналистер мерейтой иесіне жылы лебіздерін білдірді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button