Әдебиет

Көк тудың желбірегені…

Мүшәйра

Елдің келбетін танытып, мақсаты мен бағытын айқын көрсетіп тұратын қадірлі белгілердің бірі — Мемлекеттік рәміздер. Аспан түстес туымыздағы қалықтап ұшқан қыран бейнесі немесе елтаңбамыздағы күн сәулесі тәрізді уықтармен көмкерілген шаңырақ нені бейнелейтіндігі біраз әңгімеге желі бола алады. Ал осы ұғымдарды жас буын қалай қабылдайды?

Ақтөбе қаласы ішкі саясат бөлімінің тапсырмасымен «Көк тудың желбірегені…» деп аталатын жас талапкерлердің мүшәйрасын ұйымдастырғанда «Қос шынар» Әлия-Мәншүк атындағы қоғамдық бірлестік, міне, осыны ескерген болатын. Және бұл іс көңілден шығарлықтай нәтижелі болғаны да риза етті.

Мүшәйраға Ақтөбе қаласындағы колледждер мен мектептердің оқушылары көптеп қатысты. Қай қатысушы да балауса жырлары арқылы мемлекеттік рәміздердегі белгілерді өз зердесіндегі ойларымен айшықтай көркемдеуге тырысқаны аңғарылып тұрды. Тағы бір байқалғаны, еліміздің рәміздеріндегі нышандардың қай-қайсысы да қандай да поэзиялық туындыларға өзек боларлықтай жан-жақты қасиеттерге ие екен.

Ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев бастаған қазылар алқасы қолжазбаларды зерделеп, оның жас талапкерлер оқыған нұсқаларын қосымша тыңдап, үш туындыны ерекше марапаттауға лайық деп тапты. Осылайша бірінші орын Ақтөбе политехникалық колледжінің оқушысы Нұрлыбек Амандықовқа берілсе, екінші және үшінші орындарды М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінің 10-сынып оқушысы Нұрсерік Тәуекелов пен Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжінің оқушысы Гүлім Жақсымбаева бөлісті. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге «Қос шынар» Әлия-Мәншүк атындағы қоғамдық бірлестіктің төрағасы Ғалымжан Байдербес дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Тағы бір құптарлығы, бұл мүшәйраға қатысушылардың қай-қайсысы да құр қол оралған жоқ, олардың барлығына да Алғыс хаттар берілді.

Жас буынды елдік қызметтерге баулу әрқилы жолдармен жүргізілетіні белгілі. Сондай адастырмайтын жолдардың бірі — шығармашыл талапкерлердің еліміздің рәміздеріне деген ықыласын сөзбен бейнелеуге талпындыра беру. Осы мүшәйра сол діттеген межеден шықты.

 Дастан АЗАМАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button